Оразаның шарттары

Oinet.kz 22-03-2019 1167

 Screenshot_14.jpg

Биылғы Ораза айы аптап ыстық пен қапырық ауа-райына тап келгеніне қарамастан, жасы мен кәрісі Аллаһ ризалығы үшін оразасын ұстауға ниеттеніп отыр.  Қасиетті Құранның Бақара сүресінде «Рамазан айы - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсірген ай» деп жазылған.  

 Ораза -  тек ішіп-жеуден тыйылуды білдірмейді. Әсілінде, қасиетті Рамазан айында мұсылман адам бір Аллаға құлшылығын  арттырып, жаман нәрсенің барлығынан тыйылуы қажет. Ұстаған оразамның сауабы толық болсын, деп әрі ден саулығын, әрі жан саулығын ойлайтын адамдарды шариғи кітаптарда ізгі жандар дейді. Осы ізгі жандардың қатарынан табылғысы келген мұсылман адам үшін бірқатар шарт бар.

Бірінші,  көздің оразасы. Яғни, тыйым салынған харам нәрседен көзін тыйу және жүректі жаман ниеттен сақтау. «Ниет – амалдың жартысы» деп бекер айтылмаған. Жаман ниет жүректі Алла тағаланың зікірінен тосады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «(бөтен әйел затына) Көз алайтып қарау шайтанның улы оқтарының бірі. Кім Алладан қорқып, оны тәрк қылса, Алла тағала оның жүрегіне ләзәті сезілетін иман береді»,- деген.

Екінші, тілдің оразасы. Онысы - жалған, өтірік, ғайбат, біреудің сөзін біреуге жаман ниетте жеткізу, бұзық сөз, боқтап сөйлеу, жала жабу, мақтаншақтық сияқты жаман әдеттерден тілін тыю. Жаман сөздің орнына тілді Алла тағаланы еске алу мен қасиетті Құранды оқуға шұғылдату керек. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза сақтаушы. Боқтанып сөйлемесін әрі надандық жасамасын. Егер біреу онымен теке-тіреспек болса, мен оразадамын», десін»,- дейді. Имам Мұжаһид (р.а.): «Екі нәрсе орзаны бұзады. Бірі, ғайбат, екіншісі, өтірік сөйлеу», деп пәтуа айтады. Риуаятта: Пайғамбарымыздың заманында екі әйел ораза ұстапты. Күннің соңына қарай олар аштық пен сусыздыққа шыдай алмай кетті. Сонда пайғамбарымызға оразаларын ашуға рұқсат сұрап адам жіберді. Пайғамбарымыз оларға бір ыдыс жіберіп; оларға айт жеген нәрсесін мына ыдысқа құссын», деді. Біреуі ыдыстың жартысына дейін тынық қан мен мен бір кесек ет құсты. Кейінгісіде осылай құсып ыдыс толды. Көргендер таң қалды. Сонда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрағанда: «Бұл екеуі Алла адал еткен нәрсемен ауыз бекітіп, Алла тыйым салған арам нәрсемен оразаларын ашты, адамдарды ғайбат етті. Ғайбат айту адамның етін жегенмен тең», деді», -делінген (имам Ахмад).

Үшіншіден, құлақты харам есітуден, яғни, жоғарыда айтылған  өсек, өтірік сияқты харам нәрселердің баршасынан сақтау шарт. Өйткені, айтуға болмайтын барлық нәрсені естуге де болмайды. Қасиетті Құранда: «Олар өтірікке құлақ салушылар, арамды жеушілер»,- деп өтірік сөйлейтіндерді арам жегіштерге теңеген («Майда» сүресі, 42-аят). Ниса сүресі, 140-аятта: «Олармен (өтірік сөйлейтін, ғайбат айтатындармен) бірге отырмаңдар. Әйтпесе, сендер де солар сияқты (күнәһар) боласыңдар», делінген.

  Қол, аяқ және басқа да ағзаларды күнәлардан сақтау әрі күмәнді, арам тағамдарды жемеу шарт. Қарынды адал тағамнан сақтап ораза ұстап, кейін адал емес тағаммен ауыз ашудың мағынасы жоқ. У адамды құртқаны сияқты арам дінді құртады. Адал - пайдалы,   арам - зиянды. Дегенмен, адал тағамның азы пайдалы, қарын жарылайын дегенше адал тағамды жей беру зиянға айналып кететінін білген дұрыс. «Алла тағала үшін адал тағамдарға толған қарыннан жаман ыдыс жоқ»  деген сөз бар. Ауыз ашарда шектен тыс көп ауқат жеп, қарынды толтырып жіберуден сақтану. Қарын жарылайын дегенше ауқат жеу оразадан көзделген мақсатқа қайшы келеді. Өйткені, оразадан көзделген мақсаттардың бірі аштықты сезініп, қиналып көру. Ораза ұстаған адам күнімен жемеген тағамын ауыз ашарда бірақ жесе, ұстаған оразасынан нәпсісін сындыру, Алланың дұшпаны шайтанға қарсы тұру деген мақсаты қайда қалады? Көбінше, аштықтан қашқысы келеме, әйтеуір бұл айға басқа айдан қарағанда тағамдардың түр-түрлісі  сатып алынып, дайындық көріледі. Бірнеше айда жейілмейтін тағамдарды осы бір айда жеп таусытуға әдеттеніп бара жатқандаймыз. Бұл әдет оразаның мақсатына кірмейді. Ұйқыны  көбейтпеу де ораза әдебіне жатады. Күні бойы төсекті жидырмай, ұйықтай беру оразадан көзделген мақсатқа тура келмейді. Аштықты, әлсіздікті сезінген дұрыс. Сонда адамның жүрегі нұрланады, ақылы өткірленеді, оған сәресіге тұру, сол уақытта оқылатын таһажүд намазын оқу оңайласады.

Ауыз ашқаннан кейін ораза ұстаған адамның жүрегі қорқу мен үміттің арасында болуы қажет. Өйткені, оразасы қабыл болды ма болмады ма, анық емес. Хасан әл-Басридан риуаят етілуінше, ол кісі күліп отырған бір топ адамдардың қасынан өтіп бара жатып: «Расында, Алла тағала рамазан айын пенделері үшін бір-бірімен жарысатын уақыт етіп қойған. Пенделер Аллаға құлшылық жасауда бір-бірімен жарысады. Біреулер озып шығып жеңіске жетеді, біреулер артта қалып үмітсіздікке тап болады. Озып шыққандар жеңіп, қалып кеткендер үмітсіз болған күнде күліп мәз-мейрам болғандарыңа жол болсын. Бірақ Аллаға ант, егер перде көтерілгенде сауап алған сауабымен, күнәһар болған күнәсімен әуре боп, амалы қабыл болған адам қуанышынан, үмітсіз адам өкініштен күле алмайтын еді», дейді.

Сонымен Рамазан айында аузымызға ораза ұстатумен қатар көзіміз бен құлағымызға да ораза ұстатып, жаман сөз айтудан, естуден сақтанайық, көзімізді ұятты жерлерден тыйып, ұрыс-керістерден аулақ жүрейік.  

Мұрағаттан: 19.07.2012

«Бекжан» базарындағы өрттен зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр
Бүгінгінің қариясы қандай болу керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу