«Жігіттер» квартеті қалай құрылды?

Oinet.kz 20-05-2019 2200

Screenshot_6.jpg         

Өз «филормониясы» бар ОҚМУ тәрбиелеген осындай үздіктер көп-ақ. 

Бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасымен кеңінен танылған, киелі саханада өнер көрсетіп келе жатқандарына 10 жылдан асқан «Жігіттер квартетінің» әншілері Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлектері. Квартеттің жігіттері университеттің қазіргі «Қоғамдық кәсіптер» факультетінің ұстаздарына қарыздар деп айтсақ та болады. Себебі, білім қуып келген жас өрендердің бойындағы қабілетін тап басып танып, үлкен сахнаға шығуға жол ашып берген осы оқу орнының ұстаздары мамандары болатын.

Жалпы «Қоғамдық кәсіптер» факультеті дегенді естуіңіз бар ма? Білетініңізге күмәнім бар. Себебі бұл республикадағы жоғары оқу орындары арасында ОҚМУ-да ашылған жалғыз факультет. Он жылдан бері «Бұлақ көрсең көзін аш» деген тәмсілді ұстанып келе жатқан факультет  студенттердің бос уақытын тиімді пайдаланып, қосымша қоғамдық кәсіптерді игеріп, таланттарын шыңдауға үлесін қосып келе жатыр. Мұнда ән (вокал), би (хореография), көңілді тапқырлар клубы, вокалды аспаптар ансамблі, терме және айтыс, домбыра, көркем сөз шеберлері, дефиле, фольклорлық ансамбль, көркемсурет үйірмелері бар. Сабақтан тыс уақытта студенттердің  осы үйірмелерге қатысып, білікті мамандардан дәріс алып, қосымша кәсіпті игергені үшін куәлік беріледі. Білім ордасында, облыс көлемінде өтетін іс-шараларға белсене ат салысатын жас өнерпаздар  түрлі республикалық байқаулардан да  жүлдесіз оралған емес. «Бүгінгі жастардың талабына да, талантына да қызығамын. Бір ғана университеттің өзінен жыл сайын қаншама дарындылар шығып жатады.  Сахнаға жарқырап шыққан жастарды көргенде рухани күш алып, демалып қаламын. Үйірме студенттерімен Мәскеу қаласында үш рет өнер көрсетіп қайттық. Олар біздің өнерімізге тәнті болып, алғыстарын жаудырды. Бәрінен де өнерпаздарымызды өткен жылы Түркияның Анкара қаласының жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алды. Біздің мақстамыз да, жоспарымыз да өте үлкен. Біріншіден, жастарды ұлттық өнерге көбірек баулып, төл өнерлерімізді насихаттауды қолға алып келеміз. Осы мақсатта құрылған «Самұрық» фольклорлық ансамбліміздің жеткен жетістіктері көп. 2013 жылы республикалық «Ғасырлар үні» атты фольклорлық ансамбльдер байқауында 1-орынды иеленген болатын. Ендігі ойымыз тек қыздардан құралған фольклорлық ансамбльдің негізін қалау. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың көбісі эстрадаға ағылып жатыр. Өйткені эстарада бүгінде табыс көзіне айналып отыр. Шәкірттеріміз екі-үш әнді жазыдырып алып, тойға да шығып жатыр. Бұған ешкім қой дей алмайды, себебі өз маңдай терлерімен табыс табуда. Жоғарыда аталған фольклорлық ансамбль жастардың қызығушылығын тудырады деген сенімдемін.  Университетімізде құрылған, кезінде жасты да, кәріні де күлкіге қарық қылған «Техас» КВН командасын жұрт әлі ұмыпаған болар. Міне, осы команданың ізімен бізде  «Шымқала», «Оңтүстіктің серілері», «Шуылдақтар» командалары құрылып, талай сайыстарда ерекше көзге түсті. Көңілді жастарға одан әрі серпін беру үшін факультеттің ішінен тағы да сатира бөлімін ашу жоспарда бар. «Алдараспан» театрының бұрынғы әртісі Жұлдызайға осы үйірмеде студенттерге дәріс беруге ұсыныс жасағанымызда ол бірден келісімін берді. Алдағы уақытта сатира жанрының өкілдері осы жерде тәрбиеленетін болады»,- дейді факультет деканы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәбира Әбдірайымова. Университеттің кішігірім «филармониясы» деуге тұрарлық факультетте бүгінде Қазақстанға танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлы, елімізге еңбегі сіңген әртіс Құрман Шойынбаев, айтыскер ақын Карима Оралова студенттерге сабақ беруде.   

Мәжіліс депутаты, бұрынғы ректор Уәлихан Бишімбаевтың бастамасымен 2004 жылы ашылған факультеттің жұмысымен Білім және ғылым министрлігінің мамандары танысқан сәтте «республиканың барлық жоғары оқу орындарына керек-ақ бөлім екен» деп, таңданыстарын білдіріпті. 

Айта кетейік, өз «филормониясы» мықтап қалыптасып қалған  «Жігіттер» квартетінің ғана қанаттары қатайған жоқ, сонымен қатар «Мұнарлан» тобы, Сырым Исабаев, Мамадияр Тәукеев, Дана Мақатаева сынды әншілер тәлім алды. 

Мұрағаттан, 13.02.2014 ж

Қара шаңырақты сақтап қалар келінім болса...
Ринат Зайытов қамауға алынды ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу