Ұлының орнына әкесі депутат атанды

Oinet.kz 29-11-2017 937


Оңтүстікте әкесінің депутаттық мандатын ұлы, ағасының мандатын інісі иеленген жағдай бұған дейін де кездесіп еді. Енді міне, ұлының босап қалған орнына әкесі келіп отырғанды да көз көрді. 29 қазанда өткен мәслихат сайлауы туралы таратыңқырап айтсақ...

Бұл жолғы сайлауда №35 округте облыстық мәслихат депутаттығы үшін бәсеке өте тартысты өтті. «Нұр Отан» кәсіпкер Байкен Әшірбаевқа ставка жасаған еді. Алайда Әшірбаевтың бағы бұл жолы да жанбады. Қарсыласы Әбдірашид Омаровтан бар-жоғы аз ғана дауыс кем алып, сан соғып қалды. Бар-жоғы 106 дауыс. Осы округте 585 бюллетеннің жарамсыз деп танылғаны көңілге біраз күдік келтіреді. Кандидаттардың сайлауға студенттерді тартып,  «әткеншек» тепкізгені туралы әңгімелер де  жоқ емес. Бірақ бәрібір сайлаудың нәтижесі шығып қойды. Ендігі әңгіменің бәрі бос сөз. 

Screenshot_11.jpg

Айтқандай, №35 округтен бұған дейін «Нұр Отан» партиясының өкілі Руслан Әбдірашидұлы Омаров депутат болып, жуырда мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты мандатын тапсырып кеткен болатын. Оның орнына Әбдірашид Омаров депутат болып сайланды. Мұндай да бола береді. Ұлы «Нұр Отанның» атынан депутат болды. Ал оның босап қалған орнына әкесі «Нұр Отанның» ұсынған кандидатын жеңіп, депутат атанады. Қалай десек те, бұл жағдай мәселенің бәрін биліктің партиясы шешпейтінін мықтап тұрып дәлелдеген сияқты.  

Керісінше осы сайлау округінен басқа жердің бәрі сценарий бойынша өрбіді. Айталық, Шардара ауданындағы №49 және №50 округтерінде.  №49 округтен сайлауға «Нұр Отан» партиясының атынан түскен жергілікті кәсіпкер Бақытжан Сермаңызовтың даусыз жеңіске жетуі мүмкін екендігін біз өткен нөмірімізде жазған едік. Нәтиже күткендегідей болды. Бір айта кетері, осы округтегі сайлаушылардың белсенділігі бізді қайран қалдырды. Ресми мәлімет бойынша дауыс беруге 27 мыңға жуық сайлаушының 25 мыңы қатысыпты. Бұл  90 пайызға жуық деген сөз. Сенуге бола ма? Бізде жалпыхалықтық сайлаулардың өзі 60-70 пайызбен өтіп жүргенде, шардаралықтар саяси додада 90 пайыз белсенділік көрсетіп, «айды аспанға бірақ шығарды». Осы  25 мың сайлаушының 22 мыңнан астамы «нұротандық» сайлаушыға дауыс беріпті. Бизнесте тасын өрге домалатқан Б.Сермаңызов додада «шашасына шаң жұқтырмай» келді. Бәрекелді! Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, Сермаңызов былтыр өткен сайлауда да бақ сынамақ болып, алайда кейін облыстық мәслихат хатшысы болған Қамытбек Айтөреевке жол берген көрінеді. «Бұйырған кетпейді» деген осы.  

Шардарадағы №50 округтегі бәсекенің барысы тартысты болар деп күтіп едік. Алайда жағдай күрт өзгерді. Бұл округтен «Нұр Отан» партиясы Шымкенттегі Қазақстан инженерлі-педагогикалық «Халықтар достығы» университетінің ректоры Рабиға Қуатбековаға  сенім артқан болатын.  Қуатбекова 26 мыңнан астам дауыстың 25 мыңға жуығын иеленіп, айқын жеңіске жетті. Оның қарсыласы Ермек Ахелов бар-жоғы 1411 ұпай жинай алыпты. Осы округтен сайлауға түскен Аманолла Раманқұлдың кандидатурасы бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, сол баяғы «декларациясын дұрыс тапсырмаған» деген «кезекші»  сылтаумен алынып тасталған.  Бұған дейін облыстық мәслихаттың бір емес бірнеше қайтара депутат атанып жүрген азамат осылайша сайлаудың көрігін қыздыра алмады.  Бір айта кетері, Рабиға Қуатбекова облыстық мәслихаттағы нәзік жандылардың қатарын екеуге жеткізді. Бұған дейін мәслихаттағы елу депутаттың ішінде «арпа ішіндегі бір бидай» Рәшкүл Оспанәлиева ғана еді.  

Облыстық мәслихаттың Шымкент қаласындағы №11 округінен түскен Қайрат Сүлейменов те «нұротандықтардың» жеңісін ары қарай жалғастырды. Ол да биліктің партиясына жарасатын дауыс алды. Облыстық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне қарағанда, Сүлейменов 17 мың сайлаушының 15 мыңының дауысын иеленген.  Оның сайлаудағы жалғыз қарсыласы Абай Пралиев (елдің аузындағы әңгіме рас болса, бұл азамат Сүлейменовтың қарамағында істейтін қызметкері көрінеді) 1460 дауыс алған.  Ал «Нұр Отандыққа» тегеурінді қарсылас болады деген қалған кандидаттар...Бәрі жолдан тайдырылды. Сол баяғы сценарий бойынша. Шымкент қалалық мәслихатының экс-депутаты Жомарт Омаров пен Бақытжан Көпбаев дода мәреге жақындаған кезде әдеттегідей декларациясынан ши шығып, жарыс жолынан шығып қалды.  Осыменен сайлауға үшінші мәрте бақ сынаған Бақытжан Көпбаевтың айтуынша, әділетсіздік бұл жолы да қайталанған. Дауыс беруге бір апта қалған кезде әлдебір банктегі 34 теңгесін, тағы бір банктегі 66 теңгесін декларацияда көрсетпеген деген негізбен кандидатура алынып тасталыпты. Алайда кандидаттың өзі аталған банктерде ешқандай есеп-шотының жоқ екендігі туралы анықтаманы алдын ала тапсырғанмын дейді. Сонда қателік кімнен кеткен? Қалай десек те, бұл сайлауда бұған дейін «Нұр Отанның» атынан екі рет түсіп, екеуінде де жолы болмаған Қайрат Сүлейменовтың үшінші мәрте ұмтылғанда бағы жанды. Депутаттық мандатты қандай жолмен, қандай әдіс-тәсілмен иеленсе де Сүлейменов өзінің «тегін адам» еместігін осы жолы дәлелдеді. Айта кетейік, Сүлейменов облыстық мәслихаттың ең жас депутаты «мәртебесін» де қоса иеленіп отыр. Әрине, үш миллион халық қоныстанған өңірде басқаларды шетке ысыра тұрып  өзгеге емес нақ өзін үш мәрте ұсынып жүріп депутаттыққа өткізген «Нұр Отанға» айтылар алғыс ерекше. 

P.S. Әйтеуір бір жақсысы, облыстық мәслихаттың осы шақырылымындағы елу депутаттың орны енді түгенделді. Былтыр наурызда өткен сайлаудан бергі аралықтағы бір жарым жылдан кейін. Келесі жылдың наурызында өтетін сайлауға дейін қай депутаттың орны босайтынын уақыт көрсете жатар. Айтқандай осы күні екі үміткер қалалық мәслихатқа, бір үміткер аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Олар Шымкент қаласындағы көпсалалық аурухананың бас дәрігері Рамазан Бектұрғанов, Түркістандағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов? және Сарыағаш ауданы ...Мандат құтты болсын дейміз баршасына, елге қызмет ете берсін! 

"Рейтинг" газеті

Әбдірахымов «семіз сөйлеп, арық шықты»
Тендер дегенде шенеуніктер ар-ұятты ұмытып барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу