Тендер дегенде шенеуніктер ар-ұятты ұмытып барады

Oinet.kz 29-11-2017 863

Американың атақты бизнесмені, әлемнің ең дәулетті миллиардері Билл Гейтс айтты деген бір сөз бар. «Егер сіздің бизнесіңіз интернетте болмаса, онда сіз бизнесте жоқсыз» деген екен данышпаныңыз. Ал Оңтүстікте бұл ұғымды «егер сіздің бизнесіңіз тендермен байланысты болмаса, онда бизнесте жоқсыз» деп өзгертіңкіреп айтсақ та болады. Қалай айтсақ та ақиқаты осы.   Расында да қазір бизнес тендердің төңірегінде дамып жатыр. Бір сөзбен айтқанда біздегі табысты деген бизнесмендер мемлекеттің тапсырысын орындаушы ғана. Өзінің бизнес-идеяларын жүзеге асырып, тауарын шетелге сатып, сырттан қаржы тартып жатқандар некен-саяқ. 

Screenshot_16.jpg

Ақшаның бәрі тендердің төңірегіне топтасып жатқан соң мемлекеттік сатып алуға араласпайтын адам жоқ. Тендер үшін кәсіпкер депутат болады. Соңғы жылдары  депутаттық мандатты тапсырып, билікке келіп жатқандар да жетерлік. Бәрі айналып келгенде тендерге ықпал ету. Тендер қазір шенеуніктердің тұтас командасын асырап отыр десек те артық айтпағынымыз шығар.

Әрине, егер бәрі жөн-жөнімен, рет-ретімен жүзеге асып жатса, бұған ешкім дау айтпас еді. Алайда соңғы жылдары тендер дегенде шенеуніктерде бет қалмай барады. Парамен ұсталған, қызметінен қуылған мемлекеттік қызметкерлердің ісі де тендерге барып тіреледі. Тендер кімдердің түбіне жетпеді дейсіз. «Пәлен қызметкер тендерде ұтып шығуы үшін пәлен кәсіпкерден пәлен  доллар сұрап, ұсталыпты» деген ақпараттарға да бой үйренді. Десек те тендер туралы біздің білетінімізден білмейтініміз көптеу сияқты.  

Жуырда Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит  департаменті биылдың 10 айында мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген камералдық бақылаулардың нәтижелері бойынша семинар өткізді. Семинарға аудан, қала әкімдіктерінде  тендерді ұйыдастаруға жауапты аудан,қала  әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары қатысты. 

Осы семинарда аудиторлар айтқан мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруда заңбұзушылық көп. Тендер әділ өтпейді. Шенеуніктер бір мердігердің мүддесін қорғау үшін, бәсекелес компанияларды тендерден тайдыру үшін қоныштан басады. Негізсіз талаптар қояды. Тіпті шектен шығып, қисынсыздыққа барады. 

Семинарда аталған департамент басшысы Батыр Көшербай біраз мысалдар келтірді. Айталық...

Сайрам аудандық әкімдігі жариялаған құрылысқа қатысты тендерлерде «А строй проект» деп аталатын компания 15-тен астам лот бойынша жеңімпаз деп танылған. Тексеру барысында 10 конкурстың заңға томпақ өткені анықталған. Әкімдікке заңбзушылықты жою жөнінде ұсыныс беріледі. Алайда әкімдік мұнымен келіскісі келмейді. Ұсыныс орындалмаған соң құрылыс бөлімінің есеп-шоты жабылады.   Әкімдік осыдан кейін сот төрелігіне жүгінген. Сот департаменттің талабы орынды деп табады. Алайда әкімдік бұған да келіспестен, облыстық соттың апеллициялық алқасына шағым берген. Сонда Сайрам аудандық әкімдігі кім үшін осыншама шапқылап, ақ тер, көк тер болып жүр дейсіз?  Кімнің сойылын соғып жүр? 10-нан астам тендер бойынша заңсыз жеңімпаз болып танылған мердігердің бе? Не үшін? Осыншама әуре-сарсаңға түскен әкімдік төрт ай уақытын сарп еткен. Құрылыс бөлімінің есеп-шоты әлі күнге ашылмаған. Салдарынан өкіметтің осы мақсатқа бөлген қаржысы игерілмеген. 

Дәл осындай жағдайдың Сарыағашта білім ұяларын күрделі жөндеу үшін жарияланған тендерлерде орын алғаны бұған дейін де «Рейтинг» газетінің  өткен нөмірлерінде жазылған болатын. Аудиторлардың айтуынша, әкімдік әу баста-ақ заңға қайшы әрекетке барған. Тендерді заңға сәйкес білім бөлімі емес, құрылыс бөлімі өткізген. Конкурс үш айдан астам уақытқа кеш жарияланған. Тексеру барысында заңсыздық анықталып, оны қалпына келтіруге ұсыныс беріледі. Алайда шенеуніктер талапқа мойынұсынудың орнына байбаламға салады. «Қаржыны аудиторлар игертпей жатыр» деп, араға депутаттарды салады. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясына дейін арызданады. Бірақ әкімдіктегілер  сол қаржының уақтылы игерілмеуіне өздерінің кінәлі екендігі туралы ләм-мим демейді.  Мұның артында да белгілі бір мердігерлердің мүддесін қорғау жатқан жоқ деп кім айта алады?  

Енді қисынсыз талаптарға тоқталсақ. Шымкент қаласының тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бөлімі қаладағы «Ұлағат» шағынауданын газбен қамтамасыз ету жұмыстарына тендер өткізеді. Жобаның сараптамалық құжаттарында бұл жұмыстарға 41 техника мен құрал-жабдық талап етілген. Бірақ тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы тендерді жариялаған кезде  қатысушылардан 87  техника талап еткен. Не үшін? 

Дәл осындай жағдай Сайрам аудандық әкімдігінде де орын алған. Аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Қасымбек датқа ауылында газ құбырының жұмыстарын жүргізуге жариялаған тендерде жобадағы 30 техниканың орнына 87 техниканы талап еткен. Қазығұрт аудандық  құрылыс бөлімінің мектептерге газ құбырын тарту жұмыстарына жариялаған тендерде қойған талабы тіптен сорақы.  Көшедегі  газды мектепке кіргізу үшін 54 техника талап еткен. Ең қызығы сол, тізімдегі техникалардың ішіне кран-мұнараны да енгізген.  Енді бір мектепке газ кіргізу үшін 32 тонналық мосылық кранның қажет екендігін көрсеткен. Сонда ары барса 500 метрлік жерге құбыр тарту үшін 54 техниканың,  оның ішінде биіктігі аспанмен таласқан кранды талап етудің астарында не бар? 

Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шарушылық бөлімі Ақбастау ауылына газ құбырын тарту үшін жариялаған тендерінде  де қатысушылардан 32 тонналық мосылық кранның болуын талап еткен. Осы мосылық кран талап етудің арқасында тендерді ұйымдастырушылар 18 әлеуеттік өнім берушіні  шеттетіп, бір өнім берушіні  жеңімпаз деп тапқан. Міне, тендерде қажет емес техниканы талап етудің мәнісі қайда жатыр?  Осы «тәжірибені» Шымкент қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі де қолданған. Бөлім қаланың орталық көшелеріндегі автобус аялдамалар орнату үшін жариялаған тендерінде қатысушылардан 85 техника талап етіп, оның ішінде 100 тонналық шынжыр табанды техника болуы шарт депті. Шенеуніктер шартқа жауап бере алмағандарды тендерден тайдырған. «Адамнан қулық артылмайды» деген осы. 

Департамент басшысы Батырбек Көшербайдың айтуынша, тендерге қатысу кезінде әлеуетті өнім берушілер тауарды белгілі бір мекемеден алатыны туралы сертификат тапсырады. Жеңімпаз болған соң бұл уәделерін де тарс ұмытады. Тіпті жалған құжат өткізеді. 

Жалпы алғанда биылдың 2017 жылдың 10 айында жүргізілген камералдық бақылау бойынша 83 995,7 миллиард теңгені құрайтын 3585 лот бойынша заңбұзушылық анықталған. Бүгінгі таңда департаменттің 10 хабарламасы бойынша 2 мекеменің есеп шоты жабық тұр. Ал жыл басынан бері жалпы 15 мекеменің есеп-шоты жабылып, 27 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылған. 88 мемлекеттік қызметкерге әкімшілік шара көрілген. 

Тендердің төңірегінде жүрген шенеуніктерге бұл сабақ бола ма, жоқ па? 

Бақытжан Әбдірашұлы 

Ұлының орнына әкесі депутат атанды
Үшінші мегаполистің жаңа әкімі үшінші мәрте Астанадан келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу