Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту қате екенін Парламент депутаттары «енді түсінді»

Oinet.kz 18-12-2014 860

Әсіресе, әйелдер қауымының наразылығын тудырған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-бабының 1-тармағы Мемлекет басшысы ұсынған жаңа редакцияда күні кеше Мәжілісте мақұлданды. Яғни, өздері бұған дейін мақұлдаған тармаққа кешегі жалпы отырыста қарсы дауыс беріп, Президентті қолдады. Еске сала кетейік, 23 мамырда ел Парла­менті «Қазақстандағы зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы» жаңа заң жобасын мақұлдап, бұл құжат 30 мамырда Президенттің қол қоюына келіп түскен болатын. Елбасы өткен аптада Парламент қабылдаған заң нормасына өз қарсылығын білдірді. Бұл орайда Президент зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды.

image.png

 Мемлекет басшысы Үкіметке ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты қажетті шараларды одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырды. Нақтырақ айтсақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес, бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зей­неткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан бөлек, азаматтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыз енгізілетін болады. Міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 пайызға кө­бейту қарастырылады. Бұл жайт айрықша және зиянды өнді­ріс­терде зейнеткерлікпен қамтамасыз етуді жақсартады. Сондай-ақ, Президент Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды. Елбасы өз үндеуінде Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмайтынын мәлімдеді.

Елбасы үндеуінен соң-ақ шұғыл кеңес өткізген Премьер-министр Серік Ахметов Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне, Мемлекет басшысы айтқан ескертпелерді есепке ала отырып, «зейнетақы жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстарды кең ауқымды түсіндіру жоспарын» әзірлеуді жүктеді. Қос министрлікке бұдан ары қарай бірінші кезекте халық арасында түсіндіру жұмыстарын  жүргізу тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға осылайша шұғыл кіріскен Үкімет арнайы жұмыс тобын құрып, оны басқару вице-пре­мьер Қайрат Келімбетовке жүктелді. Жұмыс тобы Елбасы ескертпелері мен тапсырмаларын іске асы­руға бағытталған ұсыныстар мен тиісті есептемелерді даярлайтын болады. Сон­дай-ақ, 2030 жылға дейінгі «Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін ары қарайғы жаңғырту тұжырымдамасы» жобасын жазу да осы топқа міндеттелді. Айта кетерлік тағы бір жәйт, аталмыш заң жобасын Үкіметтің қабылдап, Парламенттің мақұлдауы үшін  «ерен еңбек» сіңірген, осы жолда «патаму што» деген жанама атқа ие болып, жұмыртқамен былғанған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов қызметінен босатылды. Яғни, жіберген қателігін мойындаған министрлер кабинеті өз кінәсін «осылай» жуды, дегенмен еліміздегі ең жас министр атанған С.Әбденов елге «түсіндіре алмай» кеткен заңның арқасында тарихта қалды. Ал, алғашқы кездері көпшілігі келіспей, қарсылық білдіріп, кейін «түсінген» Мәжіліс депутаттары біз бәрін дұрыс жасадық деп мәлімдеп отыр.Тіпті  «ел алдында жүзіміз жарқын» деулері қайран қалдырады.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш заң жобасын Мәжілістің 95 депутаты қолдап, 2-уі қарсы және 8-і қалыс қалған болатын. Ал, Сенатта алты сенатор қалыс қалып, төртеуі аталмыш құжатқа қарсы дауыс берген-ді. Өзгелерді қайдам заң жобасының қабылдануына ашық қарсылық білдірген және қарсы дауыс берген коммунист В.Косаревтің «ел бетіне тіке қарай алатыны» анық. В.Косарев Қазақстан халықтық коммунистік партиясының фракциясы Мемлекет басшысының аталмыш заң жобасына енгізген өзгерістерін толық қолдайтынын мәлімдеді. «Ақ жол» фракциясының жетекшісі А.Перуашев те зейнетақы заңнамасы бойынша Президент бастамасын толық қолдайтындықтарын жеткізді.

Мұрағаттан, 13.06.2013 ж

Оңтүстік жұртынан түңілмеңіз, Тұрсын Жұртбай мырза!
Өмірдің өзі анекдот (әзіл-қалжыңдар)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу