Сапарбаев карантинге жата ма?

Oinet.kz 02-04-2020 1359

c27ed4454da21f8dd9989608cb0ef2f5_XL.jpg

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев карантинге жатуы мүмкін. Егер Қазақстанда жазылған заң қараға да, ханға бірдей жүрсе, талап-тәртіпке қарапайым тұрғын да, ел басқарған әкім де бірдей мойынұсынса, солай болуі тиіс. Өйткені Әулиеатаның әкімі жақында шекара асып, шетелге барып келді.  

-Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осыдан аз ғана уақыт бұрын Қырғыз республикасына барып қайтты. Одан кейін шет елден келген азамат ретінде 14 күн карантинде болуы керек емес пе еді? Өйткені, облыста коронавирус анқталған екі бірдей азамат осы елден келгендер. Әлде менікі дұрыс емес пе? Ал өңіріміздің басшысы штаб отырысын өткізіп, ел кезіп жүр. Ол кісінің бұл әрекеті ел үшін жанкештілік іс шығар, бірақ мен олай қабылдай алмай отырмын.

Онсыз облыстың тірлігі қараң қалатындай емес шығар. Біз білетін кейбір үлкен мемлекеттердің басшыларына дейін жатыр ғой оқшауланып, тәртіпке бағынып.

Егер карантинде болуы керек болса, сонда облыс әкімінің өзі бастап ортақ талапты бұзғаны емес пе? Облыстық әкімдікте өтетін жиындардың да әлі тоқтамағаны тағы бар!

Screenshot_7.jpg

Иә, халықтың қамы үшін өтіп жатқан жиындар шығар, бірақ сол жиынға да ондаған жұрт жиналады ғой.

Әзірге әкімдік "талабыңа түкіргенім бар" дегендей әрекет етіп отырғандай көрінеді маған! Әкімдік қызметкерлері ел аралап, әкімдікте жиын өткізіп жүрген жолмен біз де жүрміз. Жүре береміз, оған еш қарсылық жоқ. Бірақ бекітілген тәртіпке сай болуы керек бәрі. Жұрттан талап етілген тәртіпке әкім бастаған басшылар да бағынуы қажет.

Мен облыстық газеттің журналисі ретінде мұндай шағым жазбауым керек шығар мүмкін. Бірақ мен ең бірінші кезекте үйде 4 бірдей бүлдіршін баласы күтіп отырған анамын. 74 жастағы денсаулығы нашар атаны бағып отырған келінмін. Мен үшін олардан ешкім артық емес! Сондықтан, бұл жазбаны журналист емес, қарапайым адамның әкімге айтары деп қабылдаңыздар!-деп жазыпты өзінің фейсбуктегі парақшасына жамбылдық журналист Маржан Ракай.

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Бердібек Сапарбаев Қырғызстанға осыдан екі-үш күн бұрын барып келген. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде әрине, Ыстықкөлге шомылуға бармағаны бесенеден белгілі. Сол баяғы «қара қазан, сары баланың қамы» үшін шауып-шапқылап жүргеніне күмәніміз жоқ. Бірақ келгеннен кейін неге талапқа сәйкес карантинге жатқызылмаған?

Бір қызығы, Жамбыл облыстық әкімдігінің ресми сайтында Бердібек Машбекұлының шетелге барғаны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Соған қарағанда Сапарбаевтың көрші елге сапары құпия түрде жасалған сияқты. Ал бүгін, яғни 2 сәуірде Жамбыл облыстық әкімдігінің сайты Сапарбаевтың білім саласына жауапты басшылармен жиын өткізгенін жария етті. Жиынға жиылған қызметкерлердің бәрі  маскада. Төрде отырған жалғыз Сапарбаев қана маскасыз. Сол баяғыша аудан әкімдерінің жұмысына сын айтып отырғаны байқалады. 

Сапарбаев көпшілік ортада неге маска тақпайды? Шетелге барып келген соң неге карантинге жатпайды? Жамбылдың әкімі тым құрыса өзін ойлап, сақтанса қайтеді?! Коронавирустың зейнет жасынан асқандарға өте қауіпті екендігін облыс басшысына бір ескертіп қою қажет сияқты. 

Айсұлтан Назарбаев Тимур Құлыбаев пен оның отбасынан кешірім сұрады
Бәрпібаевтың дәурені осыменен бітті ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу