Бәрпібаевтың дәурені осыменен бітті ме?

Oinet.kz 02-04-2020 883


4d84a1d4-f996-41f4-9e52-0d2eab8cc209.jpg

Қазақстанның сот саласында «өзі Құдай емес, бірақ Құдайдан былай емес» екеу болса, соның бірі Тілектес Бәрпібаев десек, қателеспеуіміз мүмкін. Уақтысында Алматы облыстық сотының, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы атанған Бәрпібаевтың соңғы жылдары Алматы қаласының, одан кейін елорда сотының тізгінін ұстады. Мұндай карьера жасау заңның жілігін шағып, майын ішкендер былай тұрсын, бас сүйегін мүжіп, миын жегендердің де қолынан келмеуі мүмкін. Ал Бәрпібаевтың қолынан келді. Ол туралы елдің аузында түрлі әңгімелер айтылады. 

Соңынан әрқилы әңгімелер еріп жүретін Бәрпібаев енді дау-дамайдың астында қалды.

Жуырда Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Германияға ұшып барып келген. Жай келмеген, Бәрпібаев осы сапарында Еурпадан коронавирус дертінің инфекциясын ала келген көрінеді. Қазір төрағаның осы сапарында жеке ұшақпен ұшқаны және жалғыз болмағаны туралы түрлі мәліметтер, болжамдар таралуда. 

Осыған орай, жуырда Нұр-Сұлтан қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі мен Жоғарғы соты елордалық соттың төрағасы Тілектес Бәрпібаевқа қатысты тексеру амалдарын бастағанын мәлім еткен еді. 

-Тексеру нәтижесі көрсеткендей, жеке ұшақты Тілектес Бәрпібаевтың туысы болып табылатын кәсіпкер Германияда медициналық операция жүргізу мақсатында жалға алған, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.  Қазір Жоғарғы соттың комиссиясы Тілектес Бәрпібаевтың сот этикасын сақтау-сақтамауын тексеріп жатыр. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.  

Бұған дейін мәлім болған деректерге қарағанда,  Германиядан Алматыға бортында экипажды қоса санағанда 12 адам бар ұшақ ұшып келген. Әуежайға қонған бойда коронавирус жұқтырған 12 жастағы жолаушы қыз ауруханаға жатқызылған.  БАҚ дерегі бойынша, ұшақ бортында елордалық соттың төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың туыстары болған. Бұл ұшақ тұрақты рейс жасамаған, біреудің меншігі көрінеді. 

«Время» басылымына сілтеме жасаған Nege.kz порталы осы мәселені індетіп, біраз тың деректерді келтіріпті. Осы жазбаларға қарағанда, он екі адам Еуропаны жайлаған індеттеп қорықпай, бизнес-джетпен шалқайып ұшып барғанына қарағанда, VIP-жолаушылар Құдайға бір табан жақын екеніне қатты сенген болса керек.

Басылым тілшісінің журналистік зерттеуінде жоғарыда сөз болған ұшақтың Мэн аралына тіркелгені айтылады. Мэн – Ұлыбританияның іргесіндегі қуықтай ғана мемлекет. Алматы облысының Қаскелең қаласынан аз ғана үлкен елде бар-жоғы жүз мыңға шамалас халық тұрады. Бір қызығы, әлемнің мен деген олигархтарының көпшілігі жеке ұшақтары мен яхталарын осы аралға әкеліп қаңтарып қоятын көрінеді. Өйткені мұнда салық жеңілдетілген. Бір сөзбен айтқанда, офшор үшін таптырмайтын жер. Міне, сот төрағасы «таксилетіп» жүрген әлгі бизнес-джет M-TAKE осы Мэн аралына тіркелген Caropan Company SA деген компанияға тиесілі екен. Осы дау басталған тұста ұшақтың ұшқышы Владимир Смирнов zakon.kz сайтына берген сұхбатында Бахардин Әбләзімовтің өтінішімен Германияға ұшып барып келгенін айтқан. Ендеше, Caropan Company SA компаниясы Әбләзімовтікі болуы әбден мүмкін.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі төраға Т.Бәрпібаевтың құдасы К.К. деген әлдебір кәсіпкер Caropan Company SA компаниясымен келісіп, 28 ақпан мен 12 наурыз аралығында ота жасату үшін Германияға ұшып барып келу үшін бизнес-джетті жалдағанын хабарлаған. Эконом-класпен ұшып баруды денсаулығы көтермеген. Бортта бос орындар болғандықтан, құдасы Бәрпібаевты бәйбішесімен бірге іле кеткен. Өйткені құдасы Германияда денсаулығын тексерткісі келіпті. Нәтижесі белгілі, емделу былай тұрсын, төраға дерт жамап алды... 

Бұл жерде бір мәселе бар. К.К мен Т.Б (Тілектес Бәрпібаев) «таксилетіп» жүрген ұшақты коммерциялық негізде пайдалануға болмайды екен. Яғни онымен жүк тасуға, тапсырыспен пайда табуға тыйым салынған. Мэн аралының заңы сондай. Басылым Мэн аралының авиациялық әкімшілігіне сауал жолдап, ұшақтың Қазақстаннан Еуропаға екі рет ұшып барып келгенінің жөн-жосығын сұрапты. Аралдың шенділері біздің әкім-қаралардан әлдеқайда сергек жұмыс істейтінін дәлелдепті. Сауал жолданған күннің ертесінде жауап та жеткен.

Жауапта Мэн аралында тіркелген ұшақтар коммерциялық рейстер жасау былай тұрсын, тіпті пошта жәшігін де таси алмайтыны айтылады. Авиациялық әкімшілік ауласындағы мамағашта «байлаулы» тұрған ұшақтың қалайша адам тасып жүргенін білмейтін болса керек, редакциядан ұшақ маршрутын өтініп сұратып алыпты.

Бұл істе әлі де індетіп зерттей түсетін нәрселер көп сияқты. «Еуропаға екі рейстің шығыны сот төрағасының қалтасынан шықпады» деген күннің өзінде жіптің ұшы әлі жасырын жатқанын байқау қиын емес. Ол жіптің ұшы әлгі құпия жан К.К-нің қолында болуы мүмкін. Жіптің ұшы кімнің қолында болса да, осы оқиғаның кейіпкерлерінің бәрі «өрмекшінің торына» шырматылып жатқандай көрінеді.

Сот төрағасына қатысты дау-дамайдың ақыры немен тынар екен? Бірақ осыдан кейін Бәрпібаевтың дәурені енді бұрынғыдай болмайтыны айдан анық сияқты.

Сапарбаев карантинге жата ма?
Еліміздің 4 облысында коронавирус дерегі тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу