Мықты болсаң Шымкенттің мэрі бол

Oinet.kz 24-02-2011 1201

Screenshot_11.jpg

19 ақпанда  Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың мэр мәртебесін иеленгеніне тұп-тура 3 жыл толды. Шуы бітпейтін, шатағы басылмайтын, шаруасы шаш-етектен Шымқаланың тізгінін 3 жыл ұстау   биліктің биік астауынан ас ішіп жүргендер үшін үлке-е-ен жаңалық. Әкімдік жүйе енген кезден бастап есептесек Шымкенттің әкімі болып 3 жыл және одан көбірек істегені жайлы еңбек кітапшасына жаздыру бақыты бұйырғандар әзірге бар-жоғы үш-ақ адамның маңдайы жазылыпты. Сол үштікке іліккен Арман Жетпісбаев та арман бар ма, жоқ па ол жағын білмейміз. Бір білетініміз ол өзі  қызылмен белгілеп қоятын сол даталы күнді атаусыз қалдырмай баспасөз конфенренциясын ұйымдастырып, журналистерге ағынан жарылып ағыл-тегіл ақтарылғаны қуанғандығынан да шығар бәлкім. «Рейтинг» газеті  Арман Шәріпбайұлы онсыз да жиі жазатын тақырыбы болғандықтан бұған тағы да тоқталып жатқаннан көрі әкімдік жүйе енгелі бергі кезеңде қаланы  басқарған басшылар мен олардың қазір қайда жүргені туралы оқырманға аз-кем мағлұмат беруді жөн санаған едік. Сонымен..

     Шымкент қаласының тұңғыш әкімі болып тарихтың таза парағына қолтаңба қалдырған Амалбек Тшан мен қазіргі әкім Жетпісбаев екеуінің өмір жолында екі ұқсастық бар. Арман Шәріпбайұлы облыс әкімінің орынбасарлығынан ақпан айында қаланың әкімдігіне тағайындалса, Амалбек Тшан да көрші Тараз қаласының әкімі қызметінен 1992 жылғы ақпан айында  Шымқаланың басшылығына ауысып келді. Мінезі тік, қимылы батыл Амалбек Қозыбақұлы қаланы 1 жыл 10 ай 3 күн басқарып, 1993 жылдың аяқталуына 16 күн қалғанда өзге қызметке ауысты. Төмендеген жоқ, жоғарылады. Құрылысы министрі, Жамбыл облысының әкімі, Парламент депутаты болды. Оппозицияда да алдыңғы шепте жүрді. Бір кездері танымал боксшы болған ол қазір Алматыда спорт колледжінің  директоры. Таңданарлығы сол Арман Жетпісбаев та бокспен тәп-тәуір шұғылданған азамат.

А.Тшаннан эстафетаны қабылдап алған Сейіт Белгібаев та қаланы 1 жыл 10 ай басқарды. Бұдан кейін жұмысын ғылыми –зерттеу институтында жалғастырған экс-әкім көп ұзамай Алматыда жеке бизнесін дамытуға ден қойыпты.   

Шымкентті басқарған әкімдердің ішінде Анарбек Орманның есімі ерекше аталады. Біріншіден, Анарбек Оңғарұлы қалаға екі рет әкім болды. Егер сенімді ақтамаса, елдің қалауынан шықпаса, іскерлігіні дәлелдемесе екі рет  қала әкімі қызметіне тағайындала ма? Мұндай ерлікті енді қайталайтын адам бола ма, жоқ па, әзірге оған бәсекелесер ешкім жоқ. Алғашқысында 2 жыл, 2 ай қала мэрі болса, 2006 жылы 1 жыл, 5 ай облыс орталығының тізгінін ұстады. Демек, Анарбек Орман бас-аяғы 3 жыл 7 ай Шымкенттің әкімі лауазымын атқарды деген сөз. Осылайша ол қаланы басқару құқығын иеленудің уақыты жағынан  азаматтардың арасында топ бастап тұр. Әкімдіктен босаған жылдары да Шымкенттен жыраққа кетпей, қалалықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуде есепсіз тер төкті. Соның арқасында Шымкент республикадағы ірі қалалардың ішіндегі ең сапалы ауыз сумен қамтылғандардың бірінің қатарына қосылды. Басқаша айтқанда, Анарбек Оңғарұлы әкім қызметін атқарғанда да, одан кейінгі жылдары да шымкенттіктердің сұранысын қанағаттандыру жолында қызмет етті. Тындырымды тірлігі еленіп-ескерілген болар, ауыл шаруашылығы министрлігі Анекеңді су ресурстары комитетін басқару үшін аттай қалап алды.    

1997 жылдың желтоқсанында бұл креслоға Қылышбек Ізбасқанов отырды. Ол 1999 жылдың 14 мамырына дейін, яғни бір жарым жыл. Бұл қызметтен кейін ол ауызекі тілде «антимонополия» аталып кеткен мекемеге басшылық жасады, облыс әкімінің орынбасары болды. Қазір Астанада атағы дардай  ұлттық компаниялардың бірінде басқарушы директор.  

    Ізбасқановтан кейін із салған, маңдайына 1 жыл 8 ай Шымкентті басқару бақыты жазылған Төретай Бекжігітов бүгінде облыс орталығында кәсіпкерлікпен шұғылданады екен.

    «Рейтинг» газетінде халыққа сұрау салу барысында Шымкент қаласын басқарған әкімдердің арасында рейтинг бойынша Болат Жылқышиев бірінші орынды иеленген болатын. Жылқышиевті халықтың қалай бағалайтыны осыдан-ақ аңғарылмай ма? Оның өсу карьерасы жылдам қалыптасқандықтан, қала әкімі ретінде ұзақ отыра қоймады. Небәрі бір жарым жылдан кейін бірден облыс әкімінің орынтағы бұйырды. Бұл әуелі Алланың қолдауымен, екінші өзінің іскерлігі арқасында үлкен сенімге ие болудың нәтижесі деп түсінген жөн. Болат Әбжаппарұлы облыстың жауапкершілігін де дөңгелетіп ала жөнелді. Облыс басшылығы тізгінін өзгеге тапсырғаннан кейін саясат сахнасынан жиі көрінбесе де бірқатар жауапты қызметтерде жүріп, қазір Парламенттің жоғары палатасы – Сенаттың беделді депутаты, көп депутаттың бірі емес, комитеттің төрағасы.

    Әзірге қала басшысы ретінде ең ұзақ қызмет атқару жағынан екінші орынды еншілейтін  Ғалым Жұмжаев. 3 жыл  5 ай уақыт. Бұл қызметке келгенге дейін бірқатар аудандарды басқарып, жеткілікті тәжірибе жинақтаған Ғалым Құралбекұлы үлкен қаланы басқару кезінде бірқатар қателіктерге жол беріп алды. Қаланы ұзақ басқарған әкімдердің бірі болғанымен, қызметінің соңы қылмыстық іс қозғалуға дейін ұласып, сәтсіз аяқталды. Өткен жылдың сәуір айында «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратында, дәлірегі партиялық бақылау комиссиясында жұмыс істесе, биылғы жылдың 15 ақпанынан бастап осы партияның Астана қалалық филиалына қарасты «Бірлік» аймақтық бөлімі төрағасының бірінші орынбасары.

  Жұмсақ Жұмжаевты алмастырған  мінезі өзгешелеу Өмірзақ Әметтің де әзірге мемлекеттік қызметтегі карьерасының аяқталуы осы Шымкент қаласына қатысты болып отыр. Қаланы небәрі 7 ай басқарған оның да қызметтегі қылмысы әшкере болып, шартты түрде сотталды. Содан кейін саясат ауылынан атын жетектеп алып кеткен ол ендігі несібесін көкөніс бизнесінен іздеуді жөн көріп жүр.

    Анарбек Орманның Шымкент қаласын екі рет басқарғанын есептегенде  облыс орталығына қожайын болған оныншы әкім саналатын Арман Жетпісбаев баспасөздің сынынан көз ашпай, командасындағы кадрлармен, ол аздай қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен айтысып-тартысып, соттасып, облыс басшысынан да, «Нұр Отан» партиясының тарапынан да ұдайы  сын-ескертпе естіп, қайсыбірін айтайық талай рет от пен суға түсіп жүрсе де «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» құдіретінің арқасында  әкімдік қызметін үш жылға сүйреп әкелді, әйтеуір. Дегенмен сынға шыдаған оның соңғы кездері тірліктері де ширап, тәжірибе жинақтай бастағанымен бұл орынтағында әлі қанша отыратынына тақсыр уақыттың төрелігін күтейік. Қайсыбір жылы республикалық баспасөзде «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көр» деген көлемді мақала елді елең еткізіп, осы тақырып әлі күнге дейін мақал сияқты қалыптасып кетті. Осыны сәл өзгертіп айтсақ «мықты болсаң Шымкенттің мэрі бол».

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Мұхит Әлі: «Фамилия ауыстыруға Рахат Әлиевтің қатысы жоқ»
Оразкүл Асанғазықыз: «Енемнің айтқаны есімнен кетпейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу