Шымкенттің әкімі Қайрат Молдасейітов уәде берді

Oinet.kz 19-03-2019 1136

Screenshot_8.jpg

Таяуда тағайындалған Шымкент қаласының су жаңа әкімі  Қайрат Молдасейiтов ең алдымен орынбасарлары мен бөлім бастықтарынан  облыс орталығының жүрек қағысы мен тыныс алысы жайлы сұрап, көкейтесті мәселелерді ақылдасқаннын кейін арада екі өткенде ел аралауға шықты.  Әуелі «Нұрсәт» мөлтекауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысуға ат басын бұрып, Елбасының ерекше назарындағы «Қолжетімді баспана» бағдарламасының қалай орындалып жатқанына қатысты көзқарасын білдірді. Әкімнің әңгімесін әрі қарай өрбітсек Қазақстандағы үшінші үлкен қала деп үкі тағып отырған, тұрғындарының саны көп ұзамай  миллионға жететіні межеленіп қойған Шымқалада келешекте өркениетті елдердегідей көпқабатты үйлер көбейетінін көлденең тартты. Бұл баспанаға зәру азаматтардың да мұқтаждығын өтеуге мол септігін тигізбек. 

Сол күні Байтұрсынов көшесі №90 үйдің тұрғындары да жаңа әкіммен жүздесті. Олар 8 жылдан бері жанайқайларына құлақ асатын, қол ұшын созатын жанашыр басшы таппай жүргендерін тілге тиек етті. Әкім  жертөлесі суға толып кете беретін көп қабатты үйді көзбен көріп, енді екі аптаның ішінде мұның себеп-салдары анықталатынын, әрі қарай нақты шара қолданатынын қадап айтты. 

Құрсай елді мекеніндегі №49  орта мектептің тарлығынан сыймаған  оқушылар үшін  сол маңдағы жеке меншік тұрғын үйлерді жалға алу әдісі қолданылып келе жатқанына әжептеуір жылдар өтті. Әбден ескірген, тозған мектептің де, жалға алынған үйлердің де сапасы сын көтермейтініне куә болған  қала әкімі Қайрат Құсейінұлы  кешіктірмей жаңа білім ошағы салынуына күш жұмсайтынына уәде берді.  

Ал «Самал-3» мөлтекауданының тұрғындары ауыз су мен жарықпен жарылқауға, жол жөндеуге, жаңа мектептің бой көтеруіне әкім  Қ.Молдасейітовтен көмек сұрап, көкейдегі сауалдарын ешқайсысы бүкпей емін-жарқын әңгіме дүкен құрды.  

Шымкент қаласының жаңа әкімі Қайрат Молдасейітов осылайша облыс орталығындағы шешімін табуы тиіс мәселелерді шешуге білек түріп, белсенді қимылмен кірісіп те кетті. Тіпті шиеленіскен мәселелермен бетпе бет кездесуден де бас тарпай, «халықтың тілі, көзі һәм құлағы» есептелетін баспасөзде айтылған, жазылған тақырыптарды назардан тыс қалдырмай дәл сол нүктелерге арнайы барып қайтқаны журналистердің, жұрттың көңіліне жылылық ұялатты.   Әйтеуір, әкімнің сөзі мен ісі сәйкес болсын дейік. Әйтпесе... Халыққа берген уәдесі құрғақ жарнама болып шықпасын деңіз. Онысын төреші уақыт көрсете жатар. 

Мұрағаттан, 03.05.2012 ж

Назарбаев Еуразиялық одақтың төрағасы болса, немен айналысады?
«Крутой» нөмір қанша теңге тұрады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу