Оңтүстіктің полициясы парақорлардан әлі тазармаған ба?

Oinet.kz 23-03-2019 879

Screenshot_2.jpg

Мұндай да ұқсастық болады екен. Былтыр Созақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Айдарбеков пен сол аудандағы Қыземшек ауылының әкімі Жомарт Белқожаев бау-бақша егумен айналыспақ болған кәсіпкерге 10 гектар жер бөлу үшін пара талап етіп, оны Шымкенттегі кафелердің бірінде алу үстінде қаржы полициясының құрығына түскен болатын. Қос шенеунік сот алдында тиісті жазасын алды.

Жуырда аталған ауданның екі бірдей лауазымды тәртіп сақшысы  жерлестерінің тағдырын құшты. Облыстық ішкі істер департаменті таратқан мәліметке қарағанда, тәртіп сақшыларының ішкі мәселесін қадағалайтын өзіндік қауіпсіздік басқармасы қаржы полициясының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде Созақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары мен криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы ұсталған. Тергеу амалдары кезінде белгілі болғандай, параны олар кәсіпкер әйелден Созақ ауданының аумағынан өтетін «Павлодар-Шымкент» мұнай өткелінен ұрланған мұнайға қатысты қылмыстық істі оңды шешіп беру үшін талап еткен. Кәсіпкер осы жөнінде қаржы полициясына алдын ала арызданған болып шықты. 

 Ұсталғандардың бірі полиция майоры, бірі полиция аға лейтенанты. Қазір олардың екеуі де қамауда отыр. Бір қызығы, 20 мың доллармен ұсталған тәртіп сақшыларының үстінен  пара алу  емес, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеушілер  қылмыстық істің мән-жайын салмақтай отырып, осындай шешімге келген шығар. Бірақ біздің айтпағамыз бұл емес еді. 

Елбасының жарлығымен күштік құрылымдардың қызметкерлері аттестациядан өткізілгені белгілі. Осы сынақтан облыстық ішкі істер департаментінде ондаған полицей сүрінді. Бірі атқарып отырған лауазымынан төмендетуге ұсынылса, бірі ішкі істер органдарынан мүлдем аластатылды. Олардың арасында ішкі істер департаменті бастығының бір орынбасары, Ордабасы, Төле би аудандары және Шымкент қаласына қарасты Абай аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастықтары да бар. Сондай-ақ, аттестацияның нәтижесімен келіспей, наразылық білдіріп жатқандар да кездесуде.  

Елбасының өзі атап өткендей, құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестациялаудың көздеген бірінші мақсаты штат санын қысқартып, қаржы үнемдеу емес, полицияның жеке құрамының сапасын жақсарту емес пе еді? Аттестацияның басты қағидасы да  ішкі істер органдарының жеке құрамын полицияның беделін түсірген лауазымды тұлғалардан тазарта отырып, сонымен бірге адал және кәсіби қызметкерлерді іріктеудің тиімді тетіктерін құру, құқық қорғау органдарының кадр саясатын сапалы түрде өзгерту және оған халықтың сенімін арттыру болып табылады. Ресми мәліметтерге қарағанда, қолға түскен жоғарыдағы екі полицей ішкі істер органдарында ұзақ жыл еңбек етіп келген. Бірі бастықтың орынбасары, бірі бөлімше бастығы. Олардың күні кешегі аттестацияны ойдағыдай тапсырып, сынақтан сүрінбей өткен болуы әбден мүмкін... Қалайша? Егер аттестациядан кейін де полицияның қатарынан халықтың қамын емес, қалтаның қамын көбірек күйттейтін қызметкерлер шығып жатса, онда аттестация өткізіп, терлеп-тепшіп жатудың қажеті қанша еді?  Облыстағы ішкі істер департаментінің бастығы, аттестациялық комиссияға төрағалық еткен Асқар Оспанов қалайша мүлт кеткен? Ел де, Елбасы да сіздерге үміт артты емес пе?

Мұрағаттан: 06.09.2012

Созақтық қос шенеунік қызметімен қош айтыспақ
Еркін Сатқанбаев: «Ақиқат пікірталастан туады »
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу