«Алтын допты» алған тұңғыш мұсылман футболшы

Oinet.kz 13-04-2019 918

08_bFq65MG.jpg

Дүниежүзілік доп додасында ерекше із қалдырған үздік футболшының бірі – Франция құрамасының әйгілі жартылай қорғаушысы Зинедин Зидан.

Зиданның шыққан тегі француз еместігі бүгінде елдің бәріне аян. Оның әкесі Смайыл – Алжирден Францияға қоныс аударған кәбил ұлтының өкілі. Париж маңындағы Сен-Дени қалашығына 1953 жылы көшіп келген ол сонда біраз жыл жұмыс істеген соң, елдің оңтүстігіндегі Марсель шаһарына ауысады. Осы жерде өзі секілді Алжирден ауып келген араб бойжеткені Мәликемен танысады. Кейін екеуі үйленіп, төрт ұл (Жәмел, Фаридун, Нұреддин, Зинедин) және бір қыз (Лейла) сүйеді. Аса ауқатты тұрмаса да, мейрамханада қоймашы боп істеген Смайыл ақсақалдың табысы бес баланы асырап, ішіндіріп-киіндіруге жетіп жатты.

Зидандар әулеті портты қала – Марсельдің «асфальтты джунгли» десе де жарасатын шеткі аудандарының бірінде тұрды. Зинедин кішкене кезінен футболға қызығып өсті. Таң атқаннан достарымен бірге бетон төселген ескі алаңқайда пластикалық бөтелкені доп қып теуіп, үйге қас қарая бір-ақ оралғанда, үсті-басының кір-қожалақтығы өз алдына, тастақты жерге құлай-құлай аяғы жарадан көрінбей кететін. Баласының сиқын көріп, екі көзі тас төбесіне шыққан Мәлике шешей бар шаруасын тастай салып, «ауыр жараланған кішкентай жауынгерінің» жарақатын жуып-таңуға кірісетін-ді. Анасы оның ешқашан шын атын атаған емес, үнемі Язид деп еркелететін. Қазір Зинединнің зайыбы – испан қызы Вероника да (екеуінің үш баласы бар) солай атайды. Ал «Зизу» деген лақап ат оған кейінірек жабысты.

Зинедин бала кезінде-ақ кәнігі футболшыларға тән ойлылығымен, зеректігімен көзге түскен екен. Оған жасөспірімнің жақсы дамыған дене-тұлғасы мен допты ұршықша үйіретін техникалық шеберлігін қосыңыз. Талантты балақай ересектердің өзін соңынан салпақтатып, шыр көбелек айналдыра алдап, доптан еш айрылмайды екен. «Кейбіреулер оны тіпті бойы өспей қалған бозбала емес пе деп те күмәнданатын. Ұлымның шын жасын дәлелдеу үшін мен оның құжатын үнемі қалтама сап жүретінмін» дейді әкесі.

«Аула футболының кішкентай жұлдызына» алғаш назары ауған «Канн» клубының бапкері Жан Веро екен. Болашағынан үлкен үміт күттірер бозбаланың Франция чемпионатындағы тұсауын кескен де осы команда болатын. Ал 1992 жылы Зинедин «Бордоға» ауысады. Елдің үздік ұжымдарының бірінде ойнап жүріп, ұлттық құраманың жаттықтырушысы Эме Жакенің көзіне түседі. Оның құрама сапындағы алғашқы ойыны таң қаларлықтай сәтті болды. 1994 жылдың 17 тамызында француздар Бордода Чехиядан 0:2 есебімен ұтылып жатқан-ды. Алаңға екінші таймның ортасында шыққан Зидан айналдырған 6 минуттың ішінде екі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті! Екі жылдан кейін өткен Еуропа чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтқан Жаке: «Зинедин көп ұзамай француз футболының көшбасшысына айналады», – деп болжаған екен. Кәнігі бапкер қателеспепті.

1998 жылғы әлем чемпионатының финалы Зиданның бенефисіне айналды. Бұрыштамадан берілген допты екі рет баспен ұрып торға түсірген ол ең қиын сәттерде ойын тағдырын ұлы футболшылардың шешетінін дәлелдеді. 2000 жылы ол бастаған «үшжолақтылар» Еуропа чемпионы атанды. 2006 жылғы дүниежүзілік доп додасында да Зинедин алтын жүлде үшін аянбай айқасты. Алайда, ақтық бәсекесінің ақырғы сәттерінде (дәлірек айтсақ, 110-минутында) италиялық Марко Матерацциді басымен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алған ол алаңнан қуылды..

Зидан – әлемнің үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін иеленген, әлем және Еуропа чемпионы атанған тұңғыш мұсылман футболшы.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Мұрағаттан: 12.06.2014


Күйеу бала. Рахат Әлиев
Мұстафа Жемилев: «Өмірімде бұдан кейін үлкен қателік жасамадым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу