Жекешеленген «Ордабасыға» бюджеттен 1.8 млрд бөлінбек

Oinet.kz 26-02-2026

Шымкент қаласының шенеуніктері жекешелендірілген «Ордабасы» футбол клубына 1,8 млрд теңгеден астам бюджет қаржысын жұмсамақ. Бұл туралы ҚазТАГ порталы хабарлады. 

photo_247280.jpg

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметке сәйкес, тапсырыс беруші – Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы. Лот атауы – «спорттық клубтардың қызметтері». Қосымша сипаттамада «2026 жылғы маусымға футбол командаларының дайындығы мен қатысуы үшін клубтық қызмет көрсету» деп көрсетілген. Жоспарланған сома – 1 864 224 138 теңге.

Конкурсқа өтінім қабылдау 20 ақпанда басталып, 27 ақпанға дейін жалғасады.

Бір назар аударарлығы, конкурс 17 ақпанда – клубтың жекеменшік басқаруға өткені туралы ақпарат жарияланғаннан бір күн өткен соң жарияланған.

16 ақпанда  «Ордабасы» клубы жекеменшік басқаруға өткенін хабарлаған болатын. Келісімге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы қол қойған. Ресми ақпаратта бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру аясында жүзеге асқаны айтылған.

Меморандумға сәйкес, клубқа жеке инвестициялар тарту, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшу және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізу көзделген. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жаңғырту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және коммерциялық тиімділікті арттыру жоспарланған.

Алайда жекешелендіруден кейін көп ұзамай бюджеттен қомақты қаражат бөлу туралы конкурс жариялануы қоғамда түрлі сауал туындатуы мүмкін.

Мәшһүр журналистті сотқа берген Дариға Бадықова жеңіліп қалды
Қазақстандық оқушы 50 мың теңге бермесе, мектепке шабуыл жасайтынын айтқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу