Асқар Ақаев : «Туған жерімнен жырақ кетемін деген ой ешқашан басыма келмепті»

Oinet.kz 17-04-2019 981

Screenshot_11.jpg

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев билікте жүрген кезінде Ресейге арқа сүйеді, Кремльдің «ұзын арқан, кең тұсауында» жүрді. Ресей оның бұл еңбегін ұмытқан жоқ. Тіпті президенттік тақтан түскеннен кейін де. Егер Ақаев АҚШ-қа арқа сүйегенде онда ол бүгінде Мәскеуде емес, Вашингтонда немесе Нью-Иоркте, Мәскеу мемлекеттік университетінде емес АҚШ-тағы бір оқу орнында сабақ беріп жүрген болар ма еді?! Мәселен Грузияның бұрынғы президенті М.Саакашвили сияқты.

Ақаев қалай президент болды? 

Ауылдық кеңестің төрағасы да болып көрмеген, атқарушы органда тәжірибесі жоқ, тіпті отандастары басшымыз бол деп ұсыныс айтқанда үзілді-кесілді қарсы болған адам президенттік сайлауда жеңіске жетіп, елді бақандай 15 жыл бойы қалай биледі...?

Асқар Ақаев сөз жоқ,  өте мықты экономист. Экс-президент әлемге қаржы дағдарысының екінші толқынының қашан болатынын алдын ала дәл болжаған ғалым ретінде мойындалды.  Ол бүгінде әлемдік экономикамен айналысатын үкімет құру туралы тың ұсыныстарын білдіріп жүр. Ақаев мықты экономист екендігін президент кезінде де мойындатқан.  Қырғызстан посткеңестік елдердің ішінде экономикада төңкеріс жасады. Алғашқы болып өзінің ұлттық валютасы-сомды айналымға шығарды. Алғашқы болып жер реформасын қолға алды. Алғашқы  болып батысеуропалық жүйеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жүргізді. Бұл реформалар жақсы жеміс берді. 1998 жылы Қырғызстан нарықтық экономикасы қалыптасқан ел ретінде танылып, ТМД елдерінің ішінде бірінші болып Дүниежүзілік Сауда ұйымына кірді. Соның нәтижесінде елде сауда мен тоқыма, тігін өнеркәсібі жедел дами бастады...Бірақ мықты экономист нашар саясаткер болып шыққан тәрізді. Жуырда ақпарат құралдарына берген сұхбатында Асқар Ақаев өзінің қалай президент болғанын, елде «түрлі-түсті төңкерістің» қалай тұтанғанына қатысты ой-пікірлерін білдіріпті. Ол президенттіктен МГУ-дің оқытушысына дейінгі өмірін былайша әңгімелейді:

Тағдырдың қалауы

«1990 жылдың 26 қазанында мен Мәскеуде Кеңес Одағындағы көрнекті математик Самарскийдің үйінде  қонақта отырған болатынмын. Сол жерде екендігімді қалай білгенін қайдам, мені телефонға шақырды. Қоңыраулатқан Қырғызстан  Жоғарғы кеңесінің бір депутаты екен. Ол «Біз сізді демократиялық фракцияның атынан президенттікке ұсынбақпыз. Ертең азанғы сағат 10-да өтетін мәжіліске келіңіз», деді. Мен президент болғым келмейтіндігімді білдірген едім, анау маған қысым көрсете бастады. «Түспесең біз сені республикаға мүлдем кіргізбейміз» деді. Не істеу керек? Сол күні түнделетіп Қырғызстанға ұшып кетуіме тура келді. Бұдан кейін бәрін тағдырдың өз қалауына тапсырдым. 

Азанғы сағат 10-да Жоғарғы кеңестің залында болдым. Президентікке 11 адам тіркелген екен, мен 12-ші болып құжат тапсырдым. Әркім өзінің бағдарламасын таныстырып жатты. Дауыс беретін күн де келіп жетті. Көп дауыс алып, Насирдин Исановпен бірге екінші турға өттім. Екінші турда басым көп дауыспен жеңіске жеттім. Осы күні-ақ мен Үкіметті жасақтадым. 11 қарсыласымның бәрін лауазымды қызметтерге шақырдым. Н.Исановқа премьер-министрдің креслосын ұсындым. Өйткені әр кандидаттың артында қолдаушылар, тайпалық кландар тұрған болатын. Осылайша бірігудің нәтижесінде біз реформаларды сәтті жүргізе бастадық. 

...1991 жылдың 19 тамызында мен Мәскеуде «ГКЧП»-ға қатысты жәйтті радиодан естідім. «ГКЧП»-ның мүшелері Горбачев науқас, ол енді елді басқаруға қауқарсыз дегенді алға тартты. Ал содан үш күн бұрын мен Горбачевпен телефон арқылы бір сағат бойы сөйлескенмін, даусынан оның денсаулығы жақсы, өте сергек екендігін аңғарғанмын.   Бұның төңкеріс екендігіне менің ешқандай  шүбәм қалған жоқ. Дереу Үкімет үйіне барып, «ГКЧП»-ның әрекетін қатаң айыптадым, халықты оның шешімдеріне бағынбауға шақырдым. «ГКЧП»-ның жақтаушылары елде  көп болатын. Әсіресе,  кеңес-партия, КГБ қызметкерлерінің арасында. Түрлі жағдайлар болып кетуі әбден мүмкін еді, мені тұтқындауға дейін баруы ықтимал еді. Үкімет үйіндегі мәлімдемемнен кейін республикалық КГБ-ның бастығы Асанқұлов маған құпия телеграмма жолдап, «ГКЧП»-ға сөзсіз бағынуды талап етті. Мен дандайсыған генералды орнынан алдым. Көтеріліс сәтсіз аяқталды. КСРО Жоғарғы кеңесінің осыдан кейін өткен сессиясында екінші болып сөз сөйледім. Менің алдымда  Руслан Хасбулатов, менен кейін Анатолий Собчак мінбеге шықты. Горбачев республиканың басшыларын Одақ туралы келісімге қол қоюға тағы бір шақырды. Бірақ путчтан кейінгі жағдай өз дегенін істеді. Республикалар өздерінің егемендігін бірінен кейін бірі жариялай бастады. Ақырында КСРО құлады».

«Мені Джефферсонмен салыстырған кездер де болды»

«...«Түрлі-түсті төңкерістердің» АҚШ тарапынан ұйымдастырылғаны, оның мақсаты Вашингтонға ұнамаған елдің басшысын тақтан тайдыру екендігі белгілі. Батыспен, АҚШ басшылығымен менің ара-қатынасым алғашқыда тәп-тәуір болатын. Ақ үйде мені жақсы қарсы алды. Шынайы демократ ретінде таныды, тіпті мені Джефферсонмен салыстырған кездері де болды. «Манаста» америкалық әскери база ашылғаннан кейін батыспен арадағы жылы қарым-қатынас тереңдей берді. 2001 жылы 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін Қырғызстан Ресеймен бірге Антитеррорлық коалицияға кірді. Барлық шешімді мен Қырғызстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қабылдадым. Естеріңізде болса, 1999 жылы және 2000 жылы біздің оңтүстік жерлерімізге Ауғанстаннан келген бандалар шабуыл жасап, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылдық.  Қиын жағдайлардан кейін бізге осындай қадамдарға баруға тура келді. Алайда АҚШ әскерінің біздің жерімізде тұрақталып қалуы мүмкін емес болатын. Біздің басты одақтасымыз Ресейдің бұл кезде Қырғызстанда ешқандай әскери құрылымы жоқ еді. Ал географиялық жағынан да, геосаяси жағынан да бізден алыс АҚШ-тың Орталық Азияның дәл ортасында әскери база ашуы алаңдаушылық туғызды.  Екіарадағы тепе-теңдікті сақтау үшін Ресей басшыларына Кант қаласында база ашу туралы ұсыныс бердік. 2003 жылы осы жөнінде шешім қабылданды. Бұл шешімді мен 2000 жылы Путинмен Кремльде қол қойған мәңгілік достық және әріптестік туралы декларацияның негізінде қабылдаған болатынмын. Осыдан кейін Вашингтон бізге тосырқай қарауға көшті. Америкалықтарға «Манаста» «Авакс» деп аталатын барлау ұшақтарын орналастыруға рұқсат берілмеген соң байланыс күрт суыды. Менің Ресейге қарай бет бұруымды АҚШ өте нашар қабылдады. Бұдан кейін жағдайдың қалай өрбитінін болжап білуге болар еді... 

Тәуелсіз БАҚ-тарда маған, менің отбасыма қарсы кампания басталды. Басында Бакиев пен Отынбаева тұрған, ешқандай  келісімге келмейтін радикалды оппозиция заңды билікпен күрес жүргізу үшін  Вашингтоннан қаржылық, моралдық-саяси қолдау алып отырды. 

Оппозиция халықты көшеге шығаруға қауқарсыз екендігін түсінген соң мемлекеттік төңкеріс жасау үшін наркомафиоздар мен криминалдық құрылымдардың көмегіне жүгінді. 2014 жылғы Украинадағы антиресейлік саясат 2005 жылы Қырғызстанда қолданылған болатын. Мұны байқау қиын емес. Өкінішке қарай, одан ешкім сабақ алмады. «Түрлі түсті теңкерістер» өткен шақта қалып қойған жоқ. Солтүстік Африкадағы, Таяу шығыстағы оқиғалар осының дәлелі. Революциядан кейін экономика құлдырады. Халықтың табысы төмендеді. 2005 жылғы төкерістен кейін Қырғызстанда билікті қолға алғандар қара халықты ойлаған жоқ. Олар құлқындарын тойдыру үшін қайткен күнде де  билікті қолға алуды көздеді. Ол Бакиевтің мемлекеттік қылмыстарды жасауына, өз отандастарына қарсы оқ атқызуына алып барды. Қантөгіс Отынбаеваның кезінде де жалғасты. Төңкеріс елдегі демократиялық үдерістердің дамуын тежеді. Кез-келген мәселені көтеріліспен, қатыгездікпен шешетін әдет қалыптасты. Қырғызстанда саяси күштер тек билікті бөліп алу, елдің байлығын талан-таражға салу үшін ғана қырқысты. Бұл сөз жоқ тоқырауға апарып соғады. Мәселен, 2004 жылы Қырғызстанда жан басына шаққандағы табыс Тәжікстанмен салыстырған екі есеге көп болатын. Ал бүгінде керісінше. Саяси тұрақсыздықтың не екендігін осыдан біле беріңіз». 

Еуразия одағы туралы

«...Қырғызстан Кеден одағына кіргеннен кейін интеграциялық саясатты өте сауатты жүргізе білуі тиіс. Бәрі оп-оңай бола салмайды. Оның үстіне «кедендік төрттік» «төңкерістен, митингілерден көз ашпай келе жатқан Қырғызстан бізге тиімді ме?» деген сұрақты қоюы мүмкін. Сондықтан Қырғыз үкіметі алдымен елдің саяси тұрақтылығын ойлауы тиіс... Украинаның Еуразия одағына кіруі өзі үшін тиімді болар еді. Ол бәрібір  болашақта жүзеге асады. Өйткені Украинаның тарихи, мәдени тамыры осында жатыр. Бәрін уақтысында көреміз...Мен қырғыз халқының адал ұлы болып қала беремін. Қырғызстанның азаматымын. Өз отанымнан, ата-бабам жатқан жерден жырақ кетемін деген ой ешқашан басыма келмепті. Менің бар арманым Отаныма қайта оралу. Отаныма қайта оралу қалыптасқан жағдайға байланысты. Ең бастысы, қырғыз билігі бұған кедергі жасап, арандатпаса екен деймін. Ресей басшылары менің ғылыми, шығармашылық жұмыстармен айналысуыма бар жағдай жасап қойған. Бірақ бәрібір туған жерім өзіне тартады да тұрады». 

Мұрағаттан: 04.12.2014

Назарбаев: «Сайлауға түссем, жеңіске жететініме 100 пайыз сенімдімін»
Мырзахметовтың осал жері...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу