Мырзахметовтың осал жері...

Oinet.kz 14-02-2014 978

Ауыз суға қаралған 18,4 миллиард теңге қаншалықты талан-таражға түсті? 

Ауыз су Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың ең осал жері десек мұнымызбен біреу келіскенімен, біреу келіспеуі мүмкін. Бірақ әкім биылдың өзінде ауыз су бойынша екі мәрте «таяқ жегені» рас. Тамызда Үкіметтің кеңейтілген жиынында Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су мәселесіне арнайы тоқталып, бірқатар кемшіліктерді көзге шұқығандай көрсетті. «Бағдарламаның орындалуы өте нашар» деді.  Осыдан кейін нақты мысалдар келтіріп «Ал, Асқар, білесің бе, мынаны сен?» дегені есімізде.  Енді міне...

Screenshot_12.jpg

Сәйкестікті қарасаңызшы, Асқар Мырзахметов облыс әкімдерінің алдын ала бекітілген кестесі бойынша Астанада, Орталық телекоммуникация қызметінде брифинг берерден бір күн бұрын Есеп комитеті жиын өткізіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыз су құрылысында анықталған былық-шылықтарды жалпақ жұртқа жария етті. Егер мұны сәйкестік деуге келсе... Өйткені комитеттің есебіне қарағанда тексеру бір күнде, бір аптада емес біраз уақыт бойы жүргізілген. Мырзахметовтың Астанада брифингті қашан беретіні күні бұрын белгілі ғой. Сонда Есеп комитетінің төрағасы Қозы Көрпеш Жаңбыршин Оңтүстіке қатысты өте ауыр сынды брифингтің дәл қарсаңында жариялауды алдын ала жоспарлап қойған ба деген ой келеді. А.Мырзахметовтың өзі де мұндай тосын сыйды күтпеген сияқты. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ол осы сұрақтың алдынан шығатынын білді және оған дайындалғаны анық. Сұрақты орыстілді журналист қойды. Мырзахметов жауап бергеннен кейін жүргізушіге сұраққа қазақ тілінде де жауап бергісі келетінін, өйткені брифингті Оңтүстік Қазақстан облысының халқы да көретінін айтты. А.Мырзахметовтың не дегенін сәл кейінге сыра тұрып, алдымен Есеп комитетінің мәлімдемесіне тоқталайық. 

Комитеттің төрағасы Қозы Көрпеш Жаңбыршин қатты айтты. «Оңтүстік Қазақстан облысында билік жоқ сияқты әсерде қаласыз немесе билік болып жатқан келеңсіздіктерге көз жұмып отыр. Заң өз алдына, Оңтүстік Қазақстан облысы өз алдына....Бұл жерде жай ғана қызметінен қуып қоя салмай жақсылап тұрып сыбағасын беру керек. Тиісті қызметкерлерді жұмыстан босатып жібергеніне менің ешқандай күмәнім жоқ. Бірақ енді жұмыстан босаттың не, босатпадың не...Мұндай өрескел забұзушылықтар ешқандай шеңберге сыймайды,--деді.    

Есеп комитеті мамандарының айтуынша, облыста «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 18,4 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталған.  Қазіргі уақытта біраз материалдар прокуратура органдарына тапсырылған. Құқық қорғау органдары тиісті бағасын беруі керек. Енді Оңтүстікте ауыз суға қатысты былық бойынша қылмыстық істер қозғалуы әбден мүмкін. Айтқандай, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тексеру тікелей мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген. Елбасы осы тексерудің қорытындысы жарияланғаннан кейін Оңтүстікке ресми іссапармен келе жатыр... 

Есеп комитетінің жиынынан кейін журналистер Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтан пікір сұраған. Ол:

- 18 миллиард теңгенің заңбұзушылығы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жіберген кемшілігі емес. Бұл кемшіліктердің Оңтүстік Қазақстан облысында кездескенін көрсетеді. Сондықтан бұл екеуін ажыратып алу қажет. Біздің жүйемізде кемшіліктер бар, соны ескеру керек,-- деді. 

Асқар Мырзахметовтың Астанада айтқан уәжі де осының төңірегінен асқан жоқ.  18 миллиард теңгенің 12,5 миллиарды сағызша созылып келген жобалар екен. Олар неге созылып кеткен? 2008-2009 жылдарғы дағдырыс өзінің түзетулерін енгізіпті. Жыл сайын бюджетке енгізілген өзгерістер де ірі жобаларға әсер еткен. Миллиардттар осыдан келіп шығады. Әкім біреуге кінә артқысы келмейді. Өңірдегі жобаларға жергілікті атқарушы орган жауапты. Дегенмен облыста ауыз суға қатысты бірқатар жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитеті. Мұндай жобаларға жергілікті атқарушы билік араласа алмайды екен. Тамызда Үкіметтің отырысында Елбасының ауыз суға қатысты айтқан екі нысанның біреуіне  осы  Су ресурстары комитеті жауапты болыпты. 

- Біз ақталып отырғанымыз жоқ. Бұл мәселе бойынша қатаң шаралар қолданылатын болады,--деді әңгімесінің соңында облыс басшысы. Алайда Есеп комитетінің баспасөз қызметі таратқан деректер Асқар Исабекұлының айтқан сөздерімен қабыспайтын сияқты.   Қараңыз...

Оңтүстіктегі «Ақбұлақ» бағдаламасының орындалуын тексеруді Есеп комитеті жергілікті тексеру комиссиясымен бірлесіп жүргізген. Нәтижесінде бағдарлама өңірде өте тиімсіз жүзеге асып жатыр деген баға беріліпті. Тиімсіз дегенде ауыз судың құрылысын жеңіп алып, жұмысын сапасыз атқарған мердігерлерге, «іс бітті, қу кеттінің» керін келтірген шенеуніктерге емес қара халыққа тиімсіз.  Ауыз су құрылысы басталып, құжат бойынша бітіп, бірақ соның қызығын әлі көре алмай отырған ауылдар бар.  Облыста 250-ден астам елді мекен сапалы ауызмен қамтылмаған. Түркістан қаласында 1,1 миллиард теңгенің жұмысы мемлекекеттік сатып алу талаптарына сәйкес өткізілмеген. Отырар ауданы Шәуілдір ауылында 273,6 миллион теңгеге кәріз жүйелерін жүргізген компанияның тиісті лицензиялары болмаған. Отырар ауданы Ескі Шілік ауылында 2012 жылы пайдалануға берілген, құны 12,8 миллион теңгені құрайтын су беру жүйесі жұмыс істемейді. Сол себепті тұрғындар ауыз суды көрші Ақтөбе ауылынан тасиды. Түркістан қаласында 17 кәріз-сорғы жүйесінің 2-еуі ғана жұмыс істейді. Ал құны 2,1 миллиард теңгені құрайтын қалған 15 станция ішкі кварталдық кәріз жүйелерінің болмауынан жұмыс істемейді. 2006-2011 жылдары облыс тарапынан басталған 7 ауыз су нысаны әлі күнге аяқталмаған. Созақ ауданындағы Құмкент, Баба ата ауылдарында ауыз суға бөлінген 700 миллион теңгеден нәтиже жоқ.  Себебі алдын ала зерттеу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген.  Шымкент қаласы, Сайрам, Төле би, Мақтарал аудандарында 13 жобаға 2,7 миллиард теңгенің өзгерістері енгізілген. Бірақ бұл түзетулер тиісті сараптамадан өткізілмеген. Мемлекеттік қабылдау комиссиялары құрылыс барысында бастапқы жобадан ауытқыған 5,8 миллиард теңгенің жұмысын қабылдап жіберген. Қысқасы ауыз суға қатысты жобалар шикі, оларды жер асты сулары толық зерттемей жатып жасай салады. Тендер заңбұзушылықпен, соттасумен өтеді. Мердігерлер қалаған уақытында жобаны өзгерте салады. Шенеуніктер осының бәріне келісімдерін береді, ақыр аяғында мемлекеттік қабылдаудан өткізеді. Осының бәрі тегін бе? Енді келіп сусыраған халықтың қамын ойлаған адам болып мүләйімсігені мынау. 2011 жылды тұтастай «Ауыз су жылы» деп жариялағаннан кейінгі жағдай осы ма? 

Жалпы тексеру барысында бағдарлама аясында 18,4 миллиард теңгенің заңбұзушылықтары анықталғанын жоғарыда айттық. Республикалық бюджетке 200 миллион теңге қайтарылған. Тәртіптік  жауапкершілікке 29 лауазымды тұлға тартылған. Бірақ олардың кімдер екендігі белгісіз. Ауыз суға қатысты тендердің біразын облыстық құрылыс басқармасының өткізетіні белгілі. Аталған басқарманың басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың 2-3 апта бұрын қызметінен кеткенін біз бұған дейін жаздық. Бұл  тексерудің қорытындысымен қаншалықты байланысты?  «Тиісті қызметкерлерді жұмыстан босатып жібергеніне менің ешқандай күмәнім жоқ. Бірақ енді жұмыстан босаттың не, босатпадың не...» деген Жаңбыршиннің сөзінде де бір гәп бар ма? Астанадағы брифингте журналистер А.Мырзахметовтен осы жөнінде сыр суыртпақтады. «Кейбір басқармаларда бір жылда бірнеше басшы ауысады екен. Неге?» деген сауалдың «бірнешесін» айналып өткен әкім Дауылбаевқа ғана тоқталды. Әкімнің айтуынша, Еркебұлан Дауылбаев отбасына және денсаулығына байланысты өз еркімен қызметтен кету жөніндегі өтінішті жазда беріп қойыпты. Бірақ әкімдік оған жылдың соңына дейін жұмыс істей беруді ұсыныпты. Себебі облыста тікелей соның бақылауында біраз нысандар болыпты. Сонда жарты жыл бойы Дауылбаевтың орнын алмастыратын адам табылмады дегенге сенуге бола ма?  Оның орнына конкурс қарашада жарияланды ғой. Айтпақшы күні кеше құрылыс басқармасы басшысының орнына тағайындау үшін әңгімелесуге жіберілген кандидаттың есімі белгілі болды. Ол азаматтың кім екендігі, ол туралы кезінде жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың не дегені туралы мақаланы «Рейтинг» газетінің алдағы нөмірінен оқитын боласыздар. 

Өңірде ауыз су ғана емес жалпы коммуналдық қызметте қордаланған проблема көп. Естеріңізде болса, мамырда облысқа келіп, жиын өткізген Елбасы Шымкент қаласына 130 мың халқы бар отыздан астам елді мекеннің қосылғанын, осы елді мекендердегі энергетика, жылу, жол мәселелерінің қаншалықты шешілгенін сұраған. «Шешілген бе?» деген сауалға залда отырған жергілікті шенеуніктер бас изей салды. Бұған ризашылық білдірген Елбасы мәселеге қайтып тоқталған жоқ. Ал шындығында қаланың айналасындағы елді мекендердегі шешілмей жатқан коммуналдық мәселелер шаш-етектен. Басқаны былай қойғанда көп елді мекендердегі жарықты халық өздері тартып алған. Жарық жүйелері не монополист кәсіпорынның, не жергілікті атқарушы органның меншігіне өтпеген. Айына электр қуатының 1 кватына 24 теңгеден төлейтін елді мекендер,  шағын аудандар, көшелер көп. Көгілдір отынды кіргізу--300 мың теңге, ауыз су—100 мың теңге, жарыққа қосылу—60 мың теңге. Сонда бюджеттің осы салаға бөлінген қаржылары қайда кетіп жатыр? Респбуликаның барлық өңіріндегі коммуналдық жағдай дәл Шымкенттегідей болса, онда Қазақстан бұл сала бойынша әлемнің дамыған 30 ел түгілі 300 елдің де тізіміне кірмей қалуы мүмкін. 

Айтқандай, облыс басшысы кінәні Су ресурстары комитетіне сілтеді. Ал су ресурстары комитетін соңғы 2-3 жылда басқарған  Ислам Әбішевтың биыл қызметінен кетіп, жуырда қайта оралғаны белгілі.   Қайта оралу И.Әбішевтің өз жұмысын адал атқарып жүргенін, Елбасының оған толық сенім арта алатындығын байқатты. Мемлекет басшысы жуырда оны арнайы қабылдап, біраз міндеттерді жүктеді. Сонда сенімді ақтамай жүрген кім?

Мырзахметовтың уәжіне енді Ислам Әбішев не деп жауап қайтарар екен? Ақырын күтейік...   

Асқар Ақаев : «Туған жерімнен жырақ кетемін деген ой ешқашан басыма келмепті»
Мұрагер. Болат Өтемұратов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу