Рашид Аюпов тергеу абақтысында отыр

Oinet.kz 31-03-2023 599

79f03f752c0f4e92b02a360d99583cb5-1-696x392.jpeg

Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюпов тергеу абақтысында қамауда отыр. Бұл туралы Zakon.kz порталының тілшісіне Қылмыстық атқару комитеті мәлім еткен.  

Комитеттің мәліметіне қарағанда,  Рашид Аюпов Астанадағы абақтыға былтыр 17 қазанда қамалған. 

Комитет сондай-ақ, Рашид Аюпов отырған абақтыдағы азаматтардың заңға сәйкес құқықтарының барын, мәселен, кітапханадан кітап алуға, адвокаттармен, қоғамдық қорғаушылармен және туыстарымен кездесуге мүмкіндіктерінің барын хабарлапты. Аюповтың нақты қандай айып бойынша тергеліп жатқаны туралы дерек жоқ.

Рашид Аюпов кезінде Ғабидолла Әбюдірахымовтың  ең сенімді кадрларының бірі болған. Әбдірахымов Шымкентке әкім болған жылдары оның аппаратына жетекшілік жасады. Онымен бірге «Нұр Отанда», кейін қайтадан Шымкент қалалық әкімдігінде қызмет еткен. Аюпов бұдан соң Түркістан қаласының әкімі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарып, былтыр ақпанда Кентау қаласының әкімі қызметіне тағайындалған. 

Маусымда белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың арызы бойынша Кәрім Мәсімов, Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты тексеру амалдарының жүріп жатқаны белгілі болды. 

Ақпарат құралдарында жазылған мәліметтерге қарағанда, 2013 жылы оны әлдебіреулер қорқытып, 20 миллион доллар талап еткенге ұқсайды. Осы кездері Қожабаевқа  сол кезде Премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал Мәсімовтың бұл уақытта Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдірген көрінеді. Тағы бірде Аюпов Әбдірахымов пен Мәсімовтың атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлермен ақылдаса келе, оларға 3,5 миллион доллар бергенге ұқсайды.

 Мінекей, былтыр, яғни арада 9 жыл өткенде,   Қожабаев осы жөнінде  құзырлы органдарға арызданған. Алайда Әбдірахымов пен Аюпов ақпарат құралдарына берген сұхбатында, әлеуметтік желідегі жазбаларында мұның бәрін жоққа шығарды. 

Рашид Аюпов былтыр тамызда Кентау қаласының әкімі қызметінен кетті. Сол кезде оның шетелге оқуға кеткені айтылған болатын. 

Тамызда қызметінен кеткен Аюпов қазанда абақтыда тоғытылған болып отыр. 



Жаңа Мәжіліс те мерзімінен бұрын тарай ма?
Аюпов «пара берді» деп айыпталған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу