«Уәдені бердіңіздер ме, орындаңыздар». Абылай Дөңбай өзіне қатысты айыптауларға жауап берді

Oinet.kz 13-07-2023 335

1200xauto_CgmsCVJN08PkRDZodqdq5M2yiXbbOlCAqkIyD1XZ (1).jpg

Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметінен босатылған Абылай Дөңбайға қатысты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді. 

-А. Донбай өзі басқарған аурухананың есеп шотынан 3 481,2 мың теңге заңсыз өзіне айлық жалақы ретінде аударған. Бұл жағдай департамент тарапынан жүргізілген тексеру барысында анықталған. Бұған қоса А. Донбай аурухана орынбасарлары мен бас бухгалтеріне негізгіз үлкен сомада қаржылай сыйақы беріп отырған. Сондай-ақ «А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның Гепатопанкреатобилиарлық хирургия және бауыр трансплантанциясы бөлімшесінің меңгерушісі М.Досхановтың қорытындысына байланысты А. Донбай басқарған ауруханада орындалған бауыр трансплантацияларының нәтижелерін талдау барысында медициналық көмектердің сапасыздығы бойынша бірқатар кемшіліктер орын алып, 2022 жылы №1 қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациясы жасалған 4 науқас қайтыс болды. Басқарма тарапынан бұрынғы бас дәрігерге қысым көрсетілмеген,-деп жазылған басқарманың ақпарат құралдары таратқан мәліметінде. Алайда бұрынғы бас дәрігер Абылай Дөңбай мұнымен келіспейді.  

- Егер қаржыны жеген болсақ, баяғыда сотталып кетер едік. Бізді прокуратура, ішкі аудит, экономикалық тергеп-тексеру департаменті  тексерген.  Басқарма басшысы тексерулерден  түк шықпаған соң ауруханадағы Байқау кеңесі арқылы іске кірісті. Асылбеков  осы кеңес мүшелерінің басым бөлігіне өзінің адамдарын әкеліп отырғызды. Ақыры сол арқылы мені қызметтен босатып отыр. Мұның бәрі де кадрлық бизнес жасаудан басқа ештең емес, -деді Абылай Дөңбай өзінің кақпарат құралдарына берген сұхбатында.

-Қазіргі уақытта ауруханада 3 науқас бүйрек, 1 науқас бауыр трансплантациясы бойынша операция жасалуы тиіс. Донорды өздері алып келген. Олар осы отаны ұзақ уақыттан бері күтті. Оның жасалмай қалуы мүмкін деген күдіктің өзі пацинет үшін үлкен соққы. Ал енді төрт науқастың қайтыс болуы 2022 жылы орын алған. Трансплантация бұл өте күрделі операция. Бұл бойынша республикалық комиссия келіп тексерген. «Науқастардың өлімін тоқтату мүмкін болмаған» деген қорытынды берілген. Пациенттердің операцияға дейінгі жағдайлары өте ауыр болған. Біз өз тәжірибемізді жетілдіре отырып жақсы жетістіктерге жеттік. 5 шілдеде  Қазақстанда алғаш рет қан топтары сәйкес келмейтін адамдар арасында трансплантация жасадық. Әкесіне ұлы донор болып, бауырының жартысын берді. Екеуінің қан топтары екі түрлі. Қазір науқастың жағдайы жақсы, палатада жүр. 2022 жылдың қарашасында біз алғаш рет мәйіттік трансплантацияны сәтті жүзеге асырдық. Ота Шымкент пен Шұбарсудың арасында таксист болып жүрген қарапайым жігітке жасалды. Ал ауруханадағы кредиторлық қарыздар -ағымдағы қарыз болып саналады. Ол жыл соңына дейін жабылады. Былтырдан қалған ешқандай қарыз жоқ. Мұндай жалған мәліметтерді басқарма не үшін таратады? Мен осы жағын түсінбеймін,-деген Абылай Дөңбай қазіргі уақытта қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлыбек Асылбековтің хабарласып, ауруханадағы пацинеттерге трансплантациялық  ота жасап беру туралы ұсыныс айтқанын мәлім етті.

- Алайда мен бұл ұсыныстан бас тарттым. «Уәдені бердіңіздер ме, орындаңыздар» дедім. Мен мұндай операцияларды Алматыдан, басқа жақтан мамандар келіп жасап береді деп те айта алмаймын. Тіпті сырттан  ота жасайтын кадр іздеудің өзі Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының әлсіздігін білдіреді,-деді ол.

 

 


Қожабаевты қандай жаза күтіп тұр?
Түркістан облысында шенеунік 26 миллион теңге парамен ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу