Арқаға пышақ ұрған кім? ​Жиналыста ұсталған шенеуніктің ісі сотқа түсті

Oinet.kz 10-07-2024 485

Screenshot_3.png

Естеріңізде болса, Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына дәл 5 ай толған күні әкімдікте өтіп жатқан жиналыстың үстінде антикордың тергеушілері Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты ұстап әкеткен болатын. Ақпанның басында болған оқиға елдің арасында әрқилы пікір тудырған еді. Міне, жария тұтқындаудан кейін арада тағы да бес ай салып А.Момыновтың  ісі сотқа келіп түсті. Алғашқы сот отырысы осы аптаға тағайындалды.

Тұтқындалар кезде шенеуніктің әрекетін «сатқындар», «арттан пышақ ұру» деген Сыздықбековтың сөздері сот төрелігімен қаншалықты үйлесер екен? Қазір жұртшылықтың көкейін осы сауал мазалап тұр. Мәселенің мән-жайына қайта үңіліп көрейік.

  Жалпы, соңғы кездері Шымкент қазынаның қаржысын жеу мен парақорлыққа қатысты шулы сот процестерінен көз ашпай келе жатқаны рас. Қызметтен кеткен экс-әкім Әйтеновтың дәуірі осындай дау-дамайлармен есте қалды. Оны алмастырған  Сыздықбековтың жемқорлықпен күресуге білек сыбана кіріскенін мойындау керек. Жиналыс үстіндегі жария тұтқындауды осы күрес барысында қолданылған ерекшелеу әдіс-тәсіл, бәлкім ноу-хоу деп атасақ болатын шығар. Бірақ, ол қаншалықты сәтті шықты? Алдымен сол ақпанның басында Сыздықбековтың әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы таралған видеоға тоқтала кетейік. Сонымен...

... Шымкент қалалық әкімдігінде өтіп жатқан жиналыс. Төрде отырған Сыздықбеков сценарий бойынша қарамағындағыларға қарата сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді:

«Әріптестер білесіздер, бүгін ровно бес ай болды тағайындалғаныма. Сіздерге айтып келе жатырмын, (әкімнің сөздерін өзгеріссіз беріп отырмыз. Ж.Т.)  адал істеңіздер деп, қайта-қайта, оны білесіздер. Араларыңызда мемлекетшіл, адал кісілер көп, көбірегіңіз сондайсыздар,  ешқандай  ауыстыратын ойым болған жоқ. Бірақ білесіздер, кеткен кісілерді де, олар уже сөзге көнбеген соң кетті, өздерінің  артынан былықтары бар. Сіздерге нақты айтқан болатынмын, өткен нәрсені қалдырып, жаңадан бастаңыздар, шын адал ниетпен. Бірақ, өкінішке қарай,  арамызда сатқындар бар, айтқан сөзге,  уәжге тоқтамай, өткен жылдан бері қаншама осы әңгімені тыңдап отырып, артымыздан пышақ тыққанмен бірдей».

Әкім бұл сөзін зілмен баяндағанда антикордың қалалық департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин сол жиынға қатысып отырды, Сыздықбековті қолдап сөйледі. Осыдан кейін Сыздықбековтың «бір емес бірнеше мәрте рет айттым, осы жерден алып кетіңіздер» деген «бұйрығынан»  кейін жиналысқа сау етіп антикордың тергеушілері кіреді. Олар отырған шенеуніктердің арасынан Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Азат Момыновты ұстап  әкетеді. Бұған дейін ешкімнің ойына келмеген қылмыстық «шоу»  Сыздықбековтың шенеуніктерге тағы да ескерту айтуымен аяқталды.

– Әріптестер дұрыс түсініңіздер, басқа амалым қалмады. Бес ай сұрап келе жатырмын, адал істейік, адал қызмет етейік. Мен сіздерге жау емеспін. Қолымнан келгенді аямаймыз сіздерден. Егер дұрыс жұмыс көрсетсеңіздер, мен әрдайым сіздермен боламын, ниеттеріңіз дұрыс болса. Ойлаған боларсыздар, «әншейін әңгіме» деп. Әңгіме емес, бұл менің шын позициям, тапсырмам, тағы маған берілген. Мен одан қайтпаймын, ешқашан. Қаланы жөндеп біржағына шығаруға тырысамыз, қолдан келгенше. Президент тапсырма беріп отыр, ақшаны ұрламаңыздар деп. Халықтың ақшасы бұл, сіздердің бала-шағаңыздың ақшасы. Сіздерге бұл сабақ болсын. Кез келгеніңізбен осылай болады, егер қоймасаңыздар. Әрине, адам тағдыры, бірақ әр адам өзінің тағдырына жауапты, – деді әкім.

Оқыс оқиғадан  сол жиында  отырған шенеуніктердің бастары салбырап, мұрындарының ұшына дейін терлеп кеткені анық. Сонда бұл не? Расында да шенеуніктерге берілген ащы сабақ па? Егер солай болса, оны әлеуметтік желі арқылы дүйім жұртқа жарнамалаудағы мақсат не? Шенеуніктерге арналған «шок терапияны»   жабық есік жағдайында өткізіп, әкімдіктің қабырғасынан асырмауға болмас па еді? Жоқ, Сыздықбеков  елге жар салды. Мұнда бір гәп бар.

Шымкенттің әкімінің «маскасыз шоуына» қатысты пікір екіге жарылды.  Бір тарап әкімнің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі табандылығына һәм тапқырлығына риза болса, екінші тарап адамның қылмысқа кінәлі екендігі тек сот үкімімен ғана дәлелденетінін алға тартып, әкімнің әрекеті заңға да, адамгершілікке де жат екенін айтып жатты.

Артынша антикор ұсталған А.Момыновқа қатысты ресми мәлімет таратты. Мәліметте оның Тұрғын үй басқармасының басшысы ретінде  қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті деп танылғаны келтірілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексерулер жүргізуде. Осындай тексерулердің нәтижелерімен Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының м.а. қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Лауазымды адам қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті. Залалдың алдын ала сомасы 120 млн теңгені құрайды. Қатарлас қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына ресімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқасы тексеріледі», делінген ресми ақпаратта.

Сонымен бірге антикор басшылары күдіктіні  жиналыс үстінде тұтқындаудың әкімдіктің тарапынан ұсынылғанын мәлім етті. Осының өзінен-ақ көп мәселе түсінікті ғой...

 Айтпақшы, Момынов бұған дейін аталған басқармада басшының орынбасары лауазымын атқарған.  Оны басқарма басшысының міндетін атқарушы қызметіне Сыздықбековтың өзі бекіткен. Кім біледі, өзі бекіткен кадрдың сыбайластыққа шатылуы өзіне қиын соғатынын түсінген Сыздықбековтің расында да табан асты бірдеңе ойлап табудан басқа амалы қалмаған шығар, бәлкім. Енді қайтсын, Президенттің Шымкенттегі жемқорлықты тоқтату туралы тапсырмасын орындау керек қой.

Сот кабинетінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, Азат Момынов пен тағы бір азаматқа қатысты іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына осы шілденің басында келіп түскен. Момыновқа айып екі бап бойынша тағылған. Алғашқысы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен яғни, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін талан-таражға салу бойынша. Бұл бапта 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Екіншісі 218-бабтың 3-бөлігінің, 1,3 тармақшалары  бойынша. Бұл қызмет бабын пайдалана отырып қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны заңдастыру немесе жылыстату дегенді білдіреді. Ол бойынша кінәлі деп танылған адам 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алдын ала тергеу амалдарының бес айға созылғанына қарағанда, сотталушылар өздеріне тағылған айыптармен келіспегенге ұқсайды. Әйтпесе, бұл іс бұлайша ұзаққа созылмас еді.  Жалпы, бұл мәселеде сұрақ көп. Президенттің тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындау үшін антикор белден басып, науқаншылдыққа ұрынған жоқ па? Егер Тоқаев тапсырмаса, бәрі жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме? Бұл іске Момыновтан жоғары тұрған шенеуніктердің қатысы қанша? Сейсмикалық тексеруге қаржы жыл сайын бөлінген шығар. Бұған дейінгі қаражаттар тиісті мақсатында игерілген бе? Әлде Момынов қалыптасқан жүйенің құрбаны ма? Бұл сұрақтардың бәріне енді соттан кейін жауап табылады. Не де болса әліптің ақырын бағып көрейік.

P.S. «Сатқындарды», «арқадан пышақ ұратындарды» кешірмейтін Сыздықбековтың бұған дейін сотталған Мәдениет басқармасының  басшысына шығарылған үкімнен кейін сол салаға жауапты бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың отставкасын қабылдамай, кеңпейілділік танытты. Мұны бұған дейін де жазғанбыз. 25 маусымда парамен сотталған Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Е.Тіленшинге шығарылған үкім заңды күшіне енді. Тәртіп бойынша Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек отставкіге арыз беруге міндетті болатын. Бұл арыздың тағдырын Сыздықбеков қалай шешер екен? Әкімнің «шын позициясын» осы жолы тағы бір байқармыз. Бұған дейін қызметкерлерді жұмыстан негізсіз босатып,  сыбайластықпен сотталған адамды сол мекемеде сыбайластықпен күресетін офицер-комплаенс қызметіне тағайындаған «Қуатжылуорталығы» кәсіпорнының директоры Асқар Булешовтың заңсыз әрекеттері туралы да жазғанбыз. Қазір Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында осыған қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сыздықбековтың сыбайлас жемқорлықпен күрестері қаншалықты нәтиже береді? Уақыты келгенде бәріне жеке-жеке тоқталатын боламыз.


«Рейтинг» газеті 10 шілде 2024 жыл.


Түркістанның құрылыс саласында қаражат тиімсіз игерілген—Тексеру комиссиясы
Дархан Сатыбалды: Жұмысын жандыра алмаған басшыларға шара көріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу