Түркістанның құрылыс саласында қаражат тиімсіз игерілген—Тексеру комиссиясы

Oinet.kz 05-07-2024 368

  WhatsApp-Image-2020-02-27-at-13.30.46.jpeg

Түркістан облыстық құрылыс басқармасындағы былық-шылықтар, басқарма басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің (суретте) жауапсыздығы туралы бұған дейін Мәжіліс депутаттары да, ақпарат құралдары да мәселе көтерді. Оның ішінде «Рейтинг» газетінде де біраз мақалалар жарияланған болатын.  Бірақ бір өкініштісі, бұған елең етіп жатқан ешкім жоқ. Енді міне, құрылыс саласындағы келеңсіздіктерге дабыл қағушылардың қатарына  бақылаушы органдар да қосылды.

Жуырда Түркістан облысы бойынша Тексеру комиссиясы облыстық құрылыс басқармасының 2020-2023 жылдар аралығында атқарған жұмыстарын тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтады.

Тексеру комиссиясының мүшесі Арман Дәрібаевтың айтуынша, мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бюджет қаражатын пайдалану кезінде, бюджет және өзге де заңнамаларды бұзудың фактілері бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 16 605 996,7 (жалпы қамтылған қаржының 20,0 пайызы) мың теңгені құраған. Құрылыс саласына бөлінген қаражаттардың тиімсіз игерілгені анықталған.

Мәселен облыстық туберкулезге қарсы  350 стационарлық төсек орынға арналған облыстық диспансерінің және ауысымына 250 адам қабылдайтын консультативті-диагностикалық орталық құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 2020 жылы 1877,9 мың теңге бөлінген және ол игерілген. Алайда  нысанның орналасуы Шымкент қаласынан Ордабасы ауданына ауысуына байланысты бұл  жоба тоқтатылған, яғни өзектілігін жоғалтқан. Яғни, құрылыс басқармасы тарапынан аталған медициналық мекеменің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға бөлінген 1 877,9 мың теңге тиімсіз жұмсалған.

Түркістан қаласындағы Мұз сарайының құрылысын жоспарлау барысында кемшіліктердің орын алуына байланысты құрылыс құнының сметалық есебі негізінде жоба құнының (3 978 236,9 мың теңге) 77,9 %-на өзгерістер енгізілген. Бұл жобада көзделген барлығы 3 100 821,0 мың теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлауына алып келген.

«Түркістан қаласы, Яссы көшесі бойында желілік саябақ құрылысы 2-кезек» нысан құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасына сметалық құн шегінде өзгерістер енгізу қаралып, жобада көзделген 388 380,0 мың теңгенің 26,5%-на, яғни 103 020,9 мың теңгесіне өзгерістер енгізілген. Яғни, бұл да  бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлауына алып келген.

 Сметалық құны 980 190,5 мың теңгені құрайтын «Түркістан облысы, Түркістан қаласындағы «Олимпиядалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасын салу» нысаны бүгінгі таңға дейін пайдаланушы ұйымға берілмеген, яғни мемлекеттік мүлікті қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану принципі сақталмаған.

Көптеген нысандарда жұмыстар толық аяқталмаса да қабылдаудан өткен. Айталық,  «Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында тұрғын үй орамдарын жылумен жабдықтау желілерінің құрылысы (ІІ-кезек)» құрылыс нысанын пайдалануға қабылдау актісі  2022 жылдың 1 маусымында бекітілген. Ал мердігермен 2022 жылдың маусым айында 71 508,0 мың теңгеге жұмыстар атқарылып, орындалған жұмыстардың актісі 13 маусым 2022 жылы тапсырылған.  Кентау қаласы Хантағы ауылы Абай атындағы №5 жалпы орта мектебінде спорт зал ғимаратының құрылысы 2021 жылдың 27 желтоқсанында қабылдаудан өткен. Алайда мердігермен 2022 жылдың мамыр айында 9007,4 мың теңгеге, шілде айында 9016,8 мың теңгеге жұмыстар атқарылып, басқармаға, авторлық және техникалық қадағалаушы ұйымдармен орындалған жұмыстардың актісі тапсырылған. Аталған ауылдағы Пушкин атындағы №6 жалпы орта мектебінде спорт зал ғимаратының құрылысы нысаны 2021 жылдың 28 желтоқсанында қабылданған. Бірақ мердігермен 2022 жылдың 31 тамызында 23 355,0 мың теңгеге және 16 433,0 мың теңгеге орындалған жұмыстардың  актісі тапсырылған. Сонда бұл қалай?

Арман  Дәрібаевтың айтуынша, жоғарыдағы  бұзушылықтарға қызметкерлердің өздеріне сеніп тапсырылған жұмыс учаскелерінде өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауы,  басшы құрам тарапынан тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі себеп болған. Осыған байланысты 15 шілдеге дейін бюджеттік және өзге де заңнамаларының талаптарының бұзылуына жол берген Түркістан облысының құрылыс басқармасы мемлекеттік мекемесі басшылығының тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс Түркістан облыстық әкімдігіне жолданды.

Сыннан көз ашпай келе жатқан басқарма басшысы Тоқтар Үсібәліиевтің қандай жаза арқалайтыны уақыт көрсетеді.

«Рейтинг» газеті, 26 маусым 2024 жыл.


Сиань сапарында ірі жобалар талқыланды
Арқаға пышақ ұрған кім? ​Жиналыста ұсталған шенеуніктің ісі сотқа түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу