Әбдірахымов: «Әкімшілік іскерлік орталығында көшеттерді ұрлап кетіп жатыр дегенді жиі естимін»

Oinet.kz 07-07-2019 793

Screenshot_5.jpg

«Мен Тәуелсіздік саябағында, Әкімшілік іскерлік орталығында да көшеттерді ұрлап кетіп жатыр дегенді жиі естимін. Бір қарағай көшетін ұрлау үшін оған кемінде екі адам керек. Қазып алып кетемін дегенше бір сағаттай уақыт кетеді. Сонда осынша уақыт бойы полиция қайда қарады? Жетіп үлгермеген бе? Бұл мемлекеттің мүлкі емес пе?»  Шымкент қаласы әкімдігінде үшінші мегаполисті көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының есебін тыңдаған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов осылай деді. 

«ЛТД Тұрмыс» ЖШС басшысының орынбасары Шыршықбаевтың айтуынша, ұрылар қаланың көрікті мекендерінде жол жағасында отырғызылған көшеттермен бірге гүлдерді ұрлап кетуден тайынбайды. Тіпті қалалық әкімдіктің кіре берісінде үлкен ыдыстағы гүлді де әкетіп қалған.  А.Мырзахметов ОҚО әкімі болып тұрған кезде жағалауы абаттандырылған Бадам өзенінің маңына орнатылған орындықтармен қатар жарық беріп тұрған бағаналарды да бұзақылар қиратып тастаған. Шыршықбаев демалыс аймағын полицияның күзеткенін қалайды.

«ЛТД Тұрмыс саябақтарды суландыру мақсатында өз есебінен үш ұңғыма құдық қазыпты. Оған қаржы қаралмапты. Оның әрбіріне 14 миллион теңге жұмсалады екен. «Сіздер ұңғыма қазуды жалғастыра беріңіздер. Біз мұны мәслихаттың қарауына ұсынып, шілдеде қаржы мәселесін шешіп береміз. Оған дейін еккен көшеттер қурап қалмасын. Бірақ, 14 миллион теңге дегеніңіз тым көп қой. Сонда 6 ұңғымаға 84 миллион керек пе?» деп таңданған Ғабидолла Рахматоллаұлы мәселені қайта қарауды ұсынды.  

Мәжілісте баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновтың айтуынша қалада мыңнан астам аялдама бар. Оның 400-і қалалық әкімдікке қарасты болса, 250-іне кезінде тұрғандар сауда дүңгіршектерін орнатып, жекешелендіріп алған. Дегенмен тиісті бөлім әлі күнге дейін үшінші мегаполис аялдамаларының жобасын Әбдірахымовқа таныстырмаған. «Менің сұратқаныма екі ай болды. Сонда оның жобасын компьютерде жасап көрсету үшін екі ай керек пе?» деді ренішін жасыра алмаған қалабасы. 

Шымкентте 38 зират бар. Оның екеуі жабылған. Жанбосыновтың сөзімен айтсақ, Ташкент бағытындағы үлкен мазарат та 99,9 пайызға толып қалған. Жаңасын тезірек іске қоспаса болмайды.

Ал, көпқабатты үйлердің аулаларын жарықтандырудың 56 пайызға орындалғанын естіген қала әкімі тіпті ашуланды. «Бір аулаға 3-4 лампа керек. Соны орнату қиын ба? Сонда қаланы 100 пайыз жарықтандыруға қанша жыл керек?» деп облыс орталығын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына бөлінген қаржының жылдан жылға азайып бара жатқанын сынға алды.

– 2015 жылы 1 миллиард 700 миллион теңге қаралған. Биыл – 1 миллиард 500 миллион. Неге азайып кеткен? Қаланы тазалау жұмыстарын тендер арқылы ұтып алады дейсіздер. Аз ақшаға жарытып тазалай ма? Демек, Шымкенттің тазалығы ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ, – деді Әбдірахымов.

Шаһар басшысы тиісті орынбасары мен аудан әкімдеріне күн тәртбінде қаралған мәселелер бойынша екі апатының ішінде ұсыныс-жоспарларын беруді тапсырды.

Мұрағаттан, 2016 ж

Назарбаев: «Қылмыскерлер қарумен қарсылық көрсетсе өлтіру керек»
Әлемдегі ең ықпалды әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу