Субсидия үшін сотталғандар. Ал шенеуніктер «судан таза, сүттен ақ» болып шықты

Oinet.kz 05-08-2026

Биыл Түркістан облысында бюджет қаражатын миллиардтап жымқыруға қатысты бірнеше шулы сот процестері өтті. Мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айыппен шенеуніктер, жауапты қызметкерлер топ-тобымен сотталды. Мәселен, жыл басынан бері облыстың бірнеше ауданындағы білім бөлімдерінің бухгалтерлері мен қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен түрлі мерзімге сотталды. Бұл ел арасында «бухгалтерлер ісі» деген атпен белгілі. Енді міне, оның қатарына қазынаның миллиардттарын жымқырған «субсидия ісі» қосылды.

Screenshot_3.jpg

Жуырда Кентау қалалық соты бірнеше жылдан бері қоғамды дүр сілкіндірген «Яссы несие» серіктестігіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. 27 адам әртүрлі жазаға кесілді.

 Алайда бұл сот процесі мәселеге түпкілікті нүкте қойды деуге әлі ерте.

Біріншіден, сотталғандардың үкімге апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы бар. Екіншіден, мемлекетке келтірілген миллиардтаған теңге шығынның нақты қалай өндірілетіні, берілген несиелер мен заңсыз төленген субсидиялардың толық қайтарылуына қатысты шешілмеген мәселелер бар.  Бұдан да маңызды сұрақ бар.

Осы алаяқтық схемаға мемлекеттік органдардың қаншалықты қатысы болды? Жалған құжаттардың рәсімделуіне, өмірде жоқ нысандардың мемлекеттік тіркеуден өтуіне, жалған кепілдердің қабылдануына, субсидиялардың төленуіне жол берген лауазымды тұлғалардың әрекеттері тиісті деңгейде зерттелді ме?  Сот үкімі осы  сауалдардың барлығына нақты жауап берді деу қиын.

Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті (Экономикалық тергеп-тексеру қызметі) жүргізген. Агентіктің таратқан ресми мәліметінше, «Яссы Несие» арқылы мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3 миллиард теңгеден асады. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесінің әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  Тергеу нұсқасына сәйкес, 2016-2021 жылдар аралығында «Яссы Несие» кредиттік серіктестігінің басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражатты иемденудің тұтас схемасын құрған. Үкімнің өзінен байқалғандай, бұл схемаға қарапайым адамдардан бөлек  мемлекеттік органдар да өз «үлестерін» қосқан.

«Яссы Несие» 2003 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құрылған. 2017 жылдан бастап ол кредиттік серіктестік ретінде мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға жеңілдетілген несие рәсімдеуге қатысқан. Серіктестің басшылары өте қарапайым схемамамен жұмыс істеген. Алдымен несие алушының атына кепіл болатын тұрғын үй немесе өндірістік нысанға жалған құқық белгілейтін құжаттар дайындалған. Кейін ол нысандар мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Одан соң тәуелсіз бағалаушылар сол үйлерді миллиондаған теңгеге бағалап, ресми қорытынды жасаған. Заңгерлер құқықтық қорытынды берген. Кепіл мамандары құжаттардың талапқа сай екенін көрсеткен. Несие комитеті қаржыландыруды мақұлдаған. Соңында мемлекет қаржысы несие алушының есепшотына аударылған.

Қарапайым тілмен айтқанда, бір ғана жалған үйдің артында бірнеше құжат, бірнеше мемлекеттік рәсім және бірнеше жауапты адамның қолы тұрған.

Мәселен, осы схеманы басты ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылған Мұхтар Сыздықов алдымен туыстары С.Жүсіпов пен Ж.Жүсіпованың, сондай-ақ танысы О.Паччахановтың атына Түркістан қаласында шын мәнінде жоқ тұрғын үйлерге құқық белгілейтін құжаттар рәсімдеткен. Кейін бұл құжаттар мемлекеттік органдарда тіркелген. Одан кейін бағалаушы Мансур Мамметов нысандарды көзбен көрместен, ұсынылған құжаттар мен фотосуреттерге сүйеніп ресми бағалау есептерін жасаған. Сөйтіп, Түркістан қаласындағы Көкжиек көшесіндегі өмірде жоқ тұрғын үй 27,7 миллион теңгеге, Темірлан көшесіндегі жоқ үй 19,3 миллион теңгеге, Үркер көшесіндегі жоқ үй 21,3 миллион теңгеге бағаланған. Осы бағалау есептері кейін несие рәсімдеудің негізгі құжатына айналған.

Осы тұста еріксіз бір сұрақ туады.

Егер бұл үйлер өмірде болмаса, онда Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі оларды қалай тіркеген? Әділет органдары бұл құқықтарды қалай мемлекеттік тіркеуге алған? Болмаған нысандардың құжаттары мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қалай енгізілген? Үкімде бұл сұрақтардың жауабы жоқ. Осы жалған жүйе мемлекеттік органдардың назарынан қалайша тыс қалғаны жұмбақ.

Алғашында 20-40 миллион теңгенің төңірегінде рәсімделген несиелер кейін жүздеген миллион теңгеге дейін ұлғайған. Тиісінше мемлекетке келген шығынның көлемі де еселеп артқан.

Соның бірі – сот үкімінде егжей-тегжейлі сипатталған Мұхтар Сыздықовқа қатысты эпизод. Үкімге сәйкес, ол бұрынғы жұбайы Мамлакат Оспанованың атына тіркелген жеке кәсіпкерлік арқылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуды жоспарлаған. Әдеттегідей алдымен кепілге қойылатын, шын мәнінде жоқ құрылыс нысандарына жалған құқық белгілейтін құжаттар дайындалған. Кейін олар мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, тәуелсіз бағалаушылардың қорытындылары жасалған. Бұдан соң заңгерлер мен кепіл мамандары оң қорытынды беріп, несие комитеті қаржыландыруды мақұлдаған.

Бірақ мұнымен бәрі аяқталмайды.

«Сыбаға» бағдарламасының талабына сәйкес, шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алу жөніндегі алдын ала келісімшарт қажет болған. Үкімде көрсетілгендей, осы мақсатта Ресей Федерациясының Татарстан Республикасындағы «Торговый дом КамАгро» серіктестігімен 192 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу жөнінде жалған келісімшарт жасалған. Құжат бойынша малдың құны 21,4 миллионнан астам ресей рублі болып көрсетілген. Осы құжаттардың негізінде мемлекеттен 122 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алынған. Олар мұныымен тоқтамайды.  Келесі жылы дәл осы 192 бас малға Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы миллиондаған  субсидия алуға өтінім берілген. Өтінім қанағаттандырылып, бюджеттен субсидия төленген.

Тағы бір эпизодтта сотталушылардың Ресейдің Хакасия Республикасындағы «Целинное» серіктестігінен 60 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды деген құжат рәсімдеп, соның негізінде 240 миллион теңге көлемінде несие алғаны жазылған. Тек қағаз жүзінде бар сиырларға мемлекет жүздеген миллион теңге субсидия төлеген.

Сот үкіміне қарағанда, жалпы осы қылмыстық схема арқылы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы 500 миллион теңгеге жуық субсидия төленген. Енді бұл қаражат сотталған азаматтардан өндіріліп алынуы тиіс.

Алайда мұнда тағы бір жауапсыз сұрақ бар.

Қағаз жүзінде ғана болған мал мемлекеттен субсидия алу үшін міндетті түрде ветеринариялық есепте тұруы керек. Демек, ол малдарға сырға тағылып, ветеринариялық ақпараттық жүйеге енгізіліп, тіркелуі тиіс. Ендеше өмірде болмаған немесе шын мәнінде әкелінбеген малдар ветеринариялық есепке қалай қойылды?

Сот барысында жауап берген  ветеринарлар «ештеңе білмейміз» дегенне танбаған. Ал тергеу бұл мәселені әрі қарай терең қазбаламағанға ұқсайды. Неге? Сонда мемлекеттен жүздеген миллион теңге субсидия алу үшін қажетті барлық рәсімнен өткен малдардың шын мәнінде болған-болмағанын ешкім нақты тексермеген бе?

Бұл жерде мәселе бір ғана несиелік серіктестікте емес. Мемлекеттің бірнеше органы қатысатын тұтас бақылау жүйесінің қалай жұмыс істегенінде ғой. Егер сол тетіктердің бәрі өз міндетін адал орындағанда, мұндай көлемдегі алаяқтықтың жүзеге асуы екіталай еді.


Айтпақшы, сот барысында сотталушылардың бірде-біреуі кінәсін мойындамаған. Олардың көпшілігі Сыздықов сияқтыларға сеніп қалғандықтарын, алаяқтық әрекеттен бейхабар болғандықтарын алға тартқан. Сот оларды алаяқтық қылмысқа көмектесуші деген айыппен соттады. Бұл әділетті болды ма әлде әділетсіз бе?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесіндегі жемқорлыққа арнайы тоқталған болатын.

«Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін тексеретін уақыт жетті. Қаржының игерілуін бақылауды күшейту қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.

Арада бес жыл өтсе де бұл сөздің өзектілігі жойылған жоқ. Керісінше, «Яссы Несие» ісі Президент көтерген мәселенің қаншалықты орынды болғанын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Түркістан облысында субсидияға қатысты бұл алғашқы сот емес. Бұған дейін де мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаржының талан-таражға түсуіне байланысты ондаған адам жауапқа тартылды. Өкінішке қарай, соңғысы болады деуге де ешкім кепілдік бере алмайды.

Бір қызығы, бүгінде мемлекетке келтірілген шығынды өтеу міндеті негізінен сотталғандар мен олардың кепілгерлеріне жүктеліп отыр. Несие ретінде берілген қаражат өндірілуде. Тәркіленген мүліктер де мемлекет кірісіне өткізілді.

Алайда сот үкімі бір маңызды сұраққа жауап бермейді.

Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары иемденген жүздеген миллион теңге қайда кетті? Үкімнен байқағанымыздай, кейбір эпизодтарда ақша есепшоттан шешіліп, қолма-қол түрде ұйымдастырушыларға тапсырылған. Бірақ кейін оның қайда жұмсалғаны, қандай мүлікке айналғаны немесе толық көлемде қайтарылғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ.

Өмірде жоқ үйлер мемлекеттік тіркеуден қалай өтті? Оларды кім тіркеді? Жоқ нысандарды бағалаушылар қандай негізде миллиондаған теңгеге бағалады? Заңгерлер мен кепіл мамандары қандай құжаттарға сүйеніп оң қорытынды берді? Қағаз жүзіндегі мал ветеринариялық есепке қалай қойылды? Субсидия төлеу кезінде мемлекеттік органдар қандай тексеру жүргізді? Ең бастысы – осындай заңсыздықтардың бәріне жол берген мемлекеттік қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға неге берілмеді?

Қысқасы, «іс бітті, қу кеттінің» кері болып шықты.

"Рейтинг" газеті, 05 тамыз, 2026 ж

Күдікті қылмыстық іс, күмәнді пара. Шымкентте тағы бір полковник сотталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу