Күдікті қылмыстық іс, күмәнді пара. Шымкентте тағы бір полковник сотталды

Oinet.kz 29-07-2026

Screenshot_1.png

Шымкентте тағы бір лауазымды шенді,  аудандық полиция басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен  сотталды. Бұл – биыл қылмыстық жауапкершілікке тартылған екінші аудандық полиция басшысы.

Естеріңізде болса, ақпан айында мегаполистегі Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Тілеуовке қатысты үкім шыққан. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бастығы Батырбек Мырзагелдиев былтыр желтоқсанда ұсталған болатын. Оған пара алу, пара беруге айдап салу және алаяқтық жасауға оқталу баптары бойынша айып тағылған. Полковник үш бап бойынша  да кінәлі деп танылды. 

Бір қызығы, Тілеуов пен Мырзагелдиевтің істерінде көп ұқсастық бар. Сотталғандардың екеуі де Шымкент қаласындағы аудандық полиция басқармасының бастығы болған. Екеуі де полиция полковнигі. Екі қылмыстық істі  бір судья қараған. Екеуі де алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Екеуі де пара алды деген бап бойынша айыпталды. Және екі қылмыстық істің  артында күдікті, күмәнді жәйттар қалды.  Нұржан Тілеуовтің ісінде пара ретінде берілген алты миллион теңгенің үш миллионы із-түссіз жоғалып кетіп, сол күйі табылмағанын «Рейтинг» газетінде бұған дейін  жазғанбыз. Ал Батырбек Мырзагелдиевтің ісінде, керісінше, пара ретінде берілген ақшаны санау барысында артық болып кеткен. Қалайша? Таратыңқырап айтайық.

Үкімге қарағанда, былтыр  желтоқсанда тәртіп сақшылары В. Умурзаковаға қатысты алаяқтық жөнінде арызды тіркейді. Қаланың 12 тұрғыны оның үстінен ақшамызды алып, бермей кетті деген шағым жазған. Бұл арызбен Абай аудандық полиция басқармасы айналысады. Осыдан кейін Умурзакова Бекмұратов деген азаматпен байланысады, ал Бекмуратов бұл жағдайды сыныптасы Батырбек  Мырзагелдиевке айтқан. Бірақ жалпы бұл оқиғаға дейін де Умурзакова мен Мырзагелдиевтің арасында таныс-білістік болған. Оған кейінірек тоқталамыз.

Мырзагелдиев пен Умурзакова қаладағы кафелердің бірінде кездеседі. Полковник  оған қамауға алынуы мүмкін екенін ескертеді. Бірақ ол істі Абай ауданынан Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына алдыртып, кейін азаматтық тәртіппен қаралуға жатады деген негізбен қысқарту туралы шешім қабылдауға болатынын айтып, ол үшін 3 000 000 теңге пара сұраған. Ақшаны Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі басшыларға беретінін білдірген.  Умурзакова бұған келіскен. Мырзагелдиевке 3 миллион теңге 23 желтоқсанда оның күйеу баласы арқылы берілген.

Сот үкіміне қарағанда, осыдан кейін көп ұзамай іс расында да Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына беріліп, кейін азаматтық сот тәртібімен қаралуға жатады деген негізбен қараусыз қалдырылған.  Қалайша? Сот барысында осы мәселеге байланысты Шымкент қалалық полиция департаменті, Абай және Әл-Фараби аудандық полиция басқармалары басшыларынан жауаптар алынған. Олардың бірі мұны жоғарыдан келген тапсырма десе, бірі неге олай болғанын ұмытып қалғанын айтқан. Енді бір полицей қылмыстық іс экономикалық тергеу басқармасының қарауына берілді дегенді алға тартқан. Сонда бұлардың қайсысы шындық?

Әрі қарай оқиға былай өрбіген. 25 желтоқсанда Умурзакова мен Мырзагелдиев Абай саябағында кездеседі. Полковник оған арызданушылардың прокуратураға барып, шу шығарғанын, қылмыстық іс қайта ашылғанын, осыған, байланысты қала прокурорының орынбасарымен келіскенін, қылмыстық істі қысқарту туралы шешім қабылдау үшін 20 000 000 теңге беру қажеттігін, ал бұл соманы бермеген жағдайда қамауға алынатынын айтқан. 27 желтоқсанда Умурзакова Мырзагелдиевпен телефон арқылы сөйлесіп, 15 миллион теңге бере алатынын жеткізеді. Ертеңіне Умурзакова бұл жөнінде ҰҚК-ға арызданады. Сол күні түстен кейін Умурзакова Бекмұратовты үйіне шақырып, 15 миллион теңгені береді. Артынша ол ұсталады. Арғы жағы айтпаса да түсінікті. 

Алайда сотта  Батырбек Мырзагелдиев пен Алмасбек Бекмұратов тағылған айыптарды мойындамаған. Олар оқиғаны мүлде басқаша қырынан түсіндірген.

Мырзагелдиевтің айтуынша, Умурзаковамен оны былтыр зейнеттегі судья Ш. Бийсимбиева жолықтырып, оны мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алып берумен айналысатынын адам ретінде таныстырған. Сол жолы Умурзакова Мырзагелдиевке ауру баласына мемлекеттен 45 күннің ішінде 60 000 000 теңге көлемінде субсидия алып бере алатынын, бірақ ол үшін сыйақы беру қажеттігін түсіндірген. Ш. Бийсимбиева ақша берілген жағдайда субсидия міндетті түрде шығатынын айтып, Умурзаковаға өзі кепілдік беретінін білдірген көрінеді. Алғашында В. Умурзаковаға полковник 10 миллион, осы іске қызығушылық танытқан сыныптасы Бекмуратов 3 миллион теңге береді.  Шамамен екі айдан кейін Ш. Бийсимбиева хабарласып,  субсидияны рәсімдеу үшін тағы ақша сұрағанға ұқсайды. Қысқасы, Умурзакова бірнеше қайтара берілген қаражаттың жалпы сомасы 40 миллионды құраған. Оның 25 миллионын полковник, 15 миллионын оның сыныптасы берген. Бірақ  Умурзакова уәде еткен субсидияны алып бере алмаған. Мырзагелдиевтің айтуынша, ол ақыр аяғында ақшаны қайтармау үшін арандатушылыққа барған. Оның бұл сөзін сыныптасы Бекмұратов та растаған. Сотталушылардың бұл уәждері қаншалықты қисынды?

Бір қызығы куәгер ретінде шақырылған Ш. Бийсимбиева Умурзакова мен Мырзагелдиевті таныстырғанын, бірақ ешкімге кепілгер болмағанын, сол кезде қызы қайтыс болып, ауыр жағдайда жүргенін,  ештеңе есінде жоқтығын алға тартыпты. Ал, арызданушы Умурзакованың өзі Мырзагелдиевке субсидия алып беру үшін құжат өткізгенін, алайда  шығарып бере алмағанын, Мырзагелдиевтен ешқандай ақша алмағанын алға тартқан. Осыдан кейін кімнің сөзіне сенуге болады?

Әрине, бұл жерде сот нақты айғақтарға сенеді. Ал бұл істегі ең маңызды айғақ— аудио, видео жазбалар. Алғашқыда Умурзакова Мырзагелдиевпен арадағы әңгімені өзі таспаға басып, құзырлы органға берген. Кейіннен ҰҚК жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Сарапшылар осы материалдарға сараптама жасап, «екіарадағы әңгімеде субсидия, 40 миллион теңгені қайтару туралы мәселе талқыланбаған, сөйлесулердің мазмұны Умурзаковаға қатысты қылмыстық істің тағдыры мен оны тоқтатуға қатысты болған» деген тұжырым жасалған. Сот осыған сүйене отырып, Батырбек Мырзагелдиевті алты жылға, Алмасбек Бекмұратовты үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.  

Осы жерде пара ретінде берілген ақшалардан шыққан дау-дамайға тоқталсақ. Мырзагелдиевке ақша оның сыныптасы Бекмұратов арқылы берілгенін жоғарыда айттық. 15 миллион теңгенің 200 мың теңгесін Умурзакованың өзі берген. Ол шынайы ақша. Қалған 14 миллион 800 мың теңгені ҰҚК муляж ақша ретінде берген. Барлық ақша нөмірленген, кейбіріне  «пара» деген таңба ұрылған. Бұл қаражат жедел-іздестіру әрекеттері аяқталған соң тәртіпке сәйкес қайта саналған. Сол кезде муляж ақшалардың 15 миллион 240 мың теңге екенін анықталады. 440 мың теңге ақшаның қалайша артық кетіп қалғанын  нақты ешкім түсіндіріп бере алмаған. ҰҚК-ның өкілі  Умурзаковаға муляждарды беру барысында басқа ақшалармен араласып кеткен болуы мүмкін деген жауап берген.

Бір қызығы, үкімде арызданушы Умурзакованың бұған дейін бірнеше мәрте сотталып шыққаны жазылған. Сот кабинетінен алынған мәліметтерге қарағанда, ол 2017 жылы  азаматтарға несие әперемін деп, ақшаларын алдап алғаны үшін  Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алаяқтық жасағаны үшін ол 2013 жылы да сотталып шыққан.

Осыдан кейін полковник пен оның сыныптасы алаяқтық пен арандатушылықтың құрбаны болған жоқ па деген күдіктің қылаң беретіні рас. Кім біледі? Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сотталушыларда әлі апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар.



«Рейтинг» газеті, 29 шілде 2026 жыл.


Түркістанда 3 млрд теңгені жымқырғандарға үкім шықты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу