Ләйлә Сұлтанқызы жаңадан тұрмысқа шыққан қыздарға 10 әпкелік кеңес айтты

Screenshot_11.jpg

Танымал тележүргізуші, жақында ғана «Менің екінші кітабым» атты еңбегі жарық көрген Ләйлә Сұлтанқызы Массагет.кз ойын-сауық порталына тұрмыс құрған келіншектерге мынадай кеңес берді:  

Өмірден өз теңін тауып, тұрмыс құру – барша қыздың басты арманы. Тұрмысқа алғаш шыққанда бойжеткендер бақыттан басы айналып, қуаныштан төбесі көкке бір елі ғана жетпей жүргендей сезімде болады. «Болды, енді өмірім өзгереді, барлығы басқаша болады» дейсің іштей.

Махаббат, ынтық сезім,  сыйластық, құштарлық... Құдды бір қанат бітіп, ертегі әлемінде саяхаттап жүргендей ерекше сезімге бөленесің. Алайда, уақыт өте келе мұның бәрі уақытша нәрсе екенін түсіне бастайсың. "Үйлену оңай, үй болу қиын" дейді. "Үй болғысы" келетін қыз-келіншектер көкейге түйіп жүретін бірқатар кеңестерді тізбелемекпін:

• Ешқашан күйеуіңіздің ұялы телефонын ақтармаңыз. Оның поштасын, интернеттегі аккаунттарын тексермеңіз. Ер азаматтарға «тергеуші» әйел ұнамайды.

• Қыз болып, шыр көбелек айналып, сырласы, досы, көңілдесі, әртүрлі амплуадағы әйел бола білсеңіз, ер азаматтың сізге деген қызығушылығы жоғалмайды. Ол үшін «жұмбақ әйел» бола біліңіз.

• Еркекке былғанбаған ар және өзін аңсатып тұратын мейірімді жан керек. Ер азаматтар өзінің жарынан қашан да тартымдылықты, құшағына шақырып тұратын құштарлықты күтеді.

• Сіздің бойыңызда бәрі — шашыңыздың ұшынан башпайыңыздың тырнағына дейін «Мен әйелмін» деп тұруы керек. Өзіңізді жақсы көріңіз, өзіңізге уақыт бөліңіз, күтініңіз, әдемі болуға еш ерінбеңіз. Жеке бас тазалығына баса мән беріңіз. Ерлердің ең әлсіз тұсы – қылықты, тартымды, әдемі әйел.

• Өз жарыңызға еркелей біліңіз, кейде оны да еркелетіп тұрыңыз. Бірақ, күйеуіңіз Сіздің «тұңғыш балаңыз» болып кетпесін.

• Азаматыңызды жылуды жаттан іздейтін жағдайға жеткізбеңіз.

• Уақыт өткен сайын киіну стиліңізді, имиджіңізді өзгертіп отырыңыз. Азаматыңыз үшін сізден көркем, сізден сұлу, сізден ерекше әйел болмауы керек.

• Күйеуіңіздің әке-шешесін (ата-енеңізді), туысқандарын, дос-жаранын сыйлаңыз, үйге ертіп әкелген қонағына құрмет көрсетіңіз, жылы қабақ танытыңыз. Бұл қасиетіңіз күйеуіңіздің жақындары арасындағы абыройын, ал күйеуіңіздің сізге деген сыйластығын арттырады.

• Басыңыз ауырып, балтырыңыз қақсаса да, қатты шаршасаңыз да, қиналсаңыз да, жолдасыңызға, өзгелерге сыр білдірмеңіз. Сіз қырық жанды әйелсіз. Жаныңызға қатты батып бара жатса, анда-санда, бір уақыт шығарып, еркелеген кезде айтарсыз. Әйтпесе, «мяу» әйелдерді ер азаматтар ұнатпайды.

• Ешқашан жаңа бір нәрсені үйренуден бас тартпаңыз, қызығушылық танытыңыз, жан-жақты болыңыз. Үйде отыратын әйел болсаңыз, төрт қабырғаға қарап, «мыжылып» отыра бермеңіз. Түрлі тамақтар жасауды үйреніңіз, тіл сабақтарына, тоқыма курстарына қатысыңыз. Спортпен шұғылданыңыз, денеңізді қалыпта ұстаңыз. Ауылдық жерлерде ондай мүмкіндік жоқ болса, интернет арқылы түрлі сабақтарды қарап, жасауға болатынын естен шығармаңыз.

Әзірге осы. Алдағы уақытта түрлі тақырыптарда ой қозғап, шамам келгенше, өз кеңесімді сіздермен бөлісіп отырамын. Жаңа тұрмыс құрған сіңілім, үлкен өміріңе басқан қадамың құтты болсын! Бір сөзбен айтқанда, «супер келіншек» бол, бақыт тілеймін!

2016 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Дәрігер болуды армандаған қыз - Шахзада Шонанова
  • Заңда фамилияны қандай жағдайда өзгертуге болады?
  • Санжар Асфендияров жайлы он дерек
  • Қазақ медицинасының майталманы - Санжар Асфендияров
  • Сталинге ультиматум қойған қазақ қызы - Халида Маманова
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика