Данияр Елеусінов теріс діни ағымда ма?

Screenshot_4.jpg

Жақында Рио олимпиадасында әуесқой бокста 69 келіде топ жарған Данияр Елеусінов журналистерге сұхбат берді. Боксшы сұхбат барысында ислам діні туралы да ойын айтып қалды:

- Мен тоғыз жасымнан бастап рингте жүрмін. Одан бері 16 жыл өтті. Әрдайым спортқа жақын жүрдім. Мектепте өте белсенді болдым. Барлық қоғамдық іс-шараларға қатысатынмын. Қазір отбасылы адаммын. Алдымен бір жаратушыға, сосын барып өзіме сенемін! «Ата-бабаларыңның әруақтары үшін» деп Аллаға серік қосатындарды ұнатпаймын. Өзіміздің дәстүрлі ислам дінін қолдаймын. Қазақ дәстүрлерінің барлығын білмесем де, исламға қарсы келмейтіндерін ұстануға тырысамын. Адам үшін отбасынан артық ештеңе жоқ деп білемін. Спорт саласында осы жеткен жетістігіммен тоқтап қалғым келмейді. Потенциалым жеткілікті, бойымдағы бар күш-қуатымды сарқып, еңбек етуді жалғастырамын, - деген боксшы қыруар қаржы ұсынса да өзге елдің намысын еш уақытта қорғамайтынын кесіп айтты.

- Ешқашан да келісімімді бермеймін. Менің қаным қазақ, осы топырақта өстім. Кәсіби боксқа өткен күнде де Қанат Ислам мен Гена сияқты өз байрағымды алып, рингке қазақтың шапанымен  шығар едім, - деді Данияр. 

Артынша, атақты боксшының бұл әңгімесін  жұрт жан-жаққа жорып шыға келді. Оның «ешқашан Отанымды сатпаймын» дегеніне «еріп кетпей», «әруаққа табынбаймын» деген сөзіне «жармасты». Оқырмандар екіге жарылды. Бірі Даниярды қолдаса, енді бірі оны «салафит», «дініңді сатқаның – Отаныңды сатқаның» деп айыптап шыға келді. Шыны керек, көбісі боксшыдан көңілі қалғандарын жазуда. 

Жалпы, әруаққа сиыну қаншалық дұрыс яки бұрыс? Боксшының «дәстүрлі дінді қолдаймын» дегенінен шығады, қазақтар кезінде әруаққа сиынған екен. Бұған дәлел, Әбілмансұр ханжауға «Абылай!» деп шауып, кейіннен тарихта сол атпен қалып кеткен. Сонымен қатар, қазақ даласында әруақтарға арнап тұрғызылған кесенелер өте көп. Мысалы, Бекет ата, Айша бибі, Қарахан... Осылай кете береді. Жүкті бола алмай жүрген келіншектер «Домалақ ана» кесенесіне тәу етіп, әулие-әмбиелерді аралап, тілектерін айтқан. «Түсіме Баба түкті шашты Әзиз кірді» деп қуанса, «Өңімде Ғайып ерен, қырық шілтенді көрдім» деп сүйінші сұраған. Мысалы, «Алпамыс батыр» эпосында: «Сол уақытта батырға, атса мылтық өтпеді, шапса, қылыш кеспеді – Ғайып ерен, қырық шілтен, Қолтықтан сүйеп демеді» деп жырланады. Бұл жырдан түсінсек, сол кездегі қазақтар әруақтан көмек сұрағанды Құдайға серік қосқандық деп есептемеген. Керісінше, Алла Тағала жер бетіне әулиелер арқылы билік етіп, адамзатты рухани жетілдіруге ықпал етіп отырған. 2005 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасында басылған «Отырар» энциклопедиясында: «Ғайып ерен, қырық шілтен – жинақтық бейне. Оның мақсаты – көмекке мұқтаж адамдарға әрқашан жол сілтеп, қол ұшын созу. Қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар. Береке символы іспеттес Қыдыр – қырық шілтенге кіруі мүмкін. Бұқарада бұл көркемдік қиялға ұласса да, Ислам ойшылдары Ғайып ерен идеясын жоққа шығармаған» дейді. 

Жалпы, дін деген өте өткір әрі тым нәзік мәселе. Абайламасаң, жарақаттанып қалуың демде. Тарихқа үңілсек, қазақ халқында әруаққа сиыну болған. Ал, кейбір діни ағымдар әруаққа сиынуға үзілді-кесілді қарсы. Жұрт осыны алға тартып, Даниярды қаралауда. Әрі Олимпиада кезінде Даниярға Мәжіліс депутаты, қоғам белсендісі Бекболат Тілеухан әлеуметтік желі арқылы сәттілік тілегені, оған боксшының «рақмет, аға» деп жауап қайырғаны себеп болуда. Неге? Көпшілік Бекболат Тілеуханды «салафиттерді қолдайды» деп айыптайды. «Ол өнер, спорт саласында жүрген танымал жандарды өз қатарына қосқысы келеді» деп те айтуда. Дегенмен, бұл расталмаған ақпарат. Яғни, сыбыс. Рас па, жалған ба, белгісіз. Нақты бір ой айту әлі ерте. 

Сұхбатты дұрыстап оқысаңыз, Данияр дәстүрлі дінді ұстанатынын, бірақ, әруаққа табынатындырды қолдамайтынын айтқан. Құран-Кәрімде де әруаққа табынуға болмайтыны жазылған. Қазіргі таңда діннен толықтай хабары бар адамдар әруаққа тек құран оқып, дұға бағыштап, Алладан медет тілейді. Ендеше, көпшілік боксшының ойын дұрыс түсінбеген секілді. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазанғап ақынды танытқан қазақ
  • Ләйлә Сұлтанқызы жаңадан тұрмысқа шыққан қыздарға 10 әпкелік кеңес айтты
  • Данияр Елеусінов теріс діни ағымда ма?
  • Баян Мақсатқызы: «Бізде қыздардың тең жартысы тұрмысқа шыққанша түсік жасатады»
  • Мәшинені ауылдың әкімі емес, мал дәрігері мінсін