Мектеп формасына қатысты ата-ананы мәжбүрлеуге болмайды!

Oinet.kz 10-07-2019 1582

Screenshot_17.jpg

Мектеп формасын білім беру мекемелерінде саудалауға, оған ата-аналардан ақша жинауға және бір нүктеден сатып алуға міндеттеуге қатаң тиым салынады. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ғалия Жүсіпова мәлімдеді.

Оның айтуынша Білім және ғылым министрлігінен арнайы түсіндірме хат келген. Онда министрдің бұйрығы бойынша мектеп формасының талаптары бекітілгендігі айтылған. Оның түрін, түсін, үлгісін оқу жылының соңына қарай, 25 мамырға дейін мектеп әкімшіліктері ата-аналармен ақылдасып, келісу арқылы анықтауы тиіс. Оқушы киімдерін қай жерге тапсырыс беріп, қай жерден сатып алу керектігін де келісуіне болады. Бірақ, мектеп әкімшілігі ата-аналарға бір жерден сатып алуға міндеттеуге құқы жоқ. Өйткені мектеп формасын қайдан алу ата-ананың өз еркіне қалдырылған. Десек те Ғ.Жүсіпова облыста мектеп формасын тігумен «Алтын адам» және «Гауһар» тігін фабрикалары айналысатынын тілге тиек етті.

Брифинг берушінің айтуынша, 1-тамыздан бастап барлық білім беру ұйымдарының мұғалімдері өздеріне бекітілген микроучаскелеріне сәйкес тұрғын үйлерді аралап, биыл бірінші сыныпқа баратын балаларды түгендейді. Сонымен қатар, қолдарында бар 2-11 сынып оқушыларының тізімін нақтылайды. Өйткені көшіп қону секілді басқа да отбасылық жағдайларға байланысты мектеп ауыстыратындар болуы мүмкін. Бұл шара 30-тамызға дейін жалғасады.

Ал 1-тамыз бен 30-қыркүйек аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған игі іс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен жалғасын таппақ.

 – Былтыр «Мектепке жол» акциясы шеңберінде түрлі тақырыпта қамқорлық акциялары өткізіліп, жалпы саны 21656 балаға материалдық көмек берілді. Оның 12918-не бюджет қаражаты есебінен бір жолғы мектеп жабдығы берілсе, қалған 8738 балаға демеушілер қаражаты есебінен материалдық көмек берілді. Облыс бойынша материалдық көмек алған 21 мыңнан астам оқушыға 230 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды, оның 91 миллионын демеушілер берді, – дейді Ғ.Жүсіпова.

Биыл да жылдағы дәстүр жалғасатынын айтқан бөлім басшысы акция барысында мектеп жасындағы балаларды білім ұйымдарында оқумен қамту, әсіресе күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды өткізу ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Қоғам қайраткерлерінің, бизнес өкілдерінің қатысуымен «Балаларға бірге көмек берейік!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді», «Балаларды мектепке дайындаймыз!» атты қайырымдылық шаралары аясында мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар таратып, аз қамтамасыз етілген отбасыларға балаларын мектепке дайындау үшін ірі сауда орталықтарында мектепке қажетті заттарды, оқу құралдарын қабылдауға арналған контейнерлер орнату арқылы «Мейірімді жүрек» акциясын өткізу жоспарда бар.  

– Биыл бастауыш сыныптардағы оқушылардың формасы 9 мың теңге болса, жоғарғы сыныптағылардың мектеп киімі 13 мың теңгеге дейін. Оған қосымша сөмкесін, дәптер-қаламын әперуге болады. Ана, әже ретінде өзім екі балаға көмек бермекшімін. Меніңше, кез келген депутаттың бес баланы толықтай мектепке дайындауға шамасы жетеді, – деді игі іске журналистер арқылы отандастарын атсалысуға шақырған Ғалия Жүсіпова.

Жыл сайын осы мерзімде өтетін шараға әзірге көмек қолын созған депутат жоқ. Дегенмен былтыр үндемей жүріп үлкен іс тындыратындардың арасында депутаттардан өзге аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары да болған екен. Алайда Ғ.Жүсіпова олардың аты-жөндерін жария етпеді. Еесіне көпшілік арасында жиі талқыланатын сауалға жауап берді:

– Бірінші сыныптарда тестілеу деген болмайды. Дарынды балаларға арналған мектептерде жарғыларына сәйкес балаларға қойылатын талаптар болуы мүмкін. Бірақ, бірінші сыныптарға жаппай тестілеу арқылы қабылдауға жол берілмейді. Мектепке дайындық курсынан өтпеген бала бірінші сыныпқа қабылданбайды деген бос сөз!

Мұрағаттан, 2016 ж

Баян Мақсатқызы: «Бізде қыздардың тең жартысы тұрмысқа шыққанша түсік жасатады»
Данияр Елеусінов теріс діни ағымда ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу