Перизат Қайназар, эпидемиолог-дәрігер: «Дәрігер болу – бала кезгі арманым»

Oinet.kz 22-12-2017 1107

Screenshot_2.jpg

Бүгінгі кейіпкеріміз – жас маман. Жүрек қалауымен таңдаған оқу орнына түсіп, бүгінде емдеу-сауықтыру саласында жұмысын бастап кетті. Алматы облысы «Панфилов аудандық орталық ауруханасы» МКК госпиталды-эпидемиолог дәрігері Перизат Тұрдәліқызы осы мамандықты таңдау жолындағы кедергілер мамандық таңдауына еш бөгет болмағанын айтады.

– Перизат, дәрігер болу бала кездегі арманың ба еді?

– Иә, кішкене күнімнен дәрігер болсам дейтінмін. Олардың ауырған жеріңді бірден жазатын қасиеті ұнайтын. Бала күніңде қиял-ғажайыпқа, ертегіге көп сенесің ғой. Дәрігерлер ауруды жазатын сұлу сиқыршылар сияқты болып көрінетін.

Бірақ, дәрігер болу оңай емес екен...

– Неліктен олай дедің?

– Мектепті бітірген соң, ҰБТ-дан алған нәтижем бойынша Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Мемлекеттік Медициналық университетіне құжаттарымды тапсырдым. Алайда, сол жылы жолым болмай, екінші таңдаған мамандығым – Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ветеринария мамандығына мемлекеттік грантқа түстім. Ветеринария – өте жақсы мамандық. Алайда, менің жүрек қалауым – дәрігерлік еді. Сондықтан, бір жыл қайтадан дайындалып, бағымды сынап көргім келді. Осылайша, келесі жылы, жұлдызым жанып, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Фармацевтика академиясына мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылдандым. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша оқыдым. Шымкент қаласында оқып жүріп, 2015-2016 оқу жылында Қарағанды Мемлекеттік медициналық университетінде академиялық ұтқырлық бойынша білімімді жетілдірдім. ОҚМФА-дағы оқуымды аяқтай сала, осы сала бойынша дәрігерлік көмегім туған жеріме керегірек деген ұстаныммен ауылыма келіп, осы күні Панфилов аудандық орталық ауруханалар желісінде эпидемиолог дәрігер ретінде жұмысымды бастап кеттім.

– Сонда сенің салаң бойынша аурудың қай түріне, нақты қандай көмек бересіңдер?

– Мен оқу бітірген мамандық – қоғамдық денсаулық сақтау деп аталады. Бұл медицинада тамыры тереңде жатқан үлкен бір сала. Біз денсаулық және денсаулық сақтау, медицина тарихының түрлі бөлімдері бойынша теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын меңгерген дәрігер-мамандарды даярлайтын бөлімді бітірдік. Бізге ұстаз-дәрігерлеріміз «денсаулық сақтау менеджері, денсаулық  сақтау саласында персоналмен жұмыс істеу жөніндегі менеджер (hr-менеджмент), қоғамдық денсаулық сақтау маманы (валеолог, статистик, әдіскер), денсаулық  сақтау ұйымының  құрылымдық бөлімінің  жетекшісі, денсаулық сақтау ұйымы басшысының  орынбасары» секілді лауазымды әрі халыққа пайдалы қызметтерді атқаратын боласыңдар деп оқытты. Одан өзге, менің алған мамандығым бойынша: салауатты өмір салтын қалыптастыру, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, балалар мен ересек халықтың денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштерін бағалау; инфекциялық аурулар ошағында, табиғи-ошақ инфекциясы аумағында профилактикалық және эпилемияға қарсы іс-шараларды жоспарлау және өткізу; медициналық ұйымдар және денсаулық сақтауды басқару органдарының деңгейінде қоғамдық денсаулық сақтау саласында басқарушылық шешімдерді әзірлеу сияқты жұмыстар атқара аламыз.

– Суық түсе адамдар жұқпалы аурулардың бірі – тұмауға жиі шалдығады ғой. Мұндай жағдайда газет оқырмандарына қандай кеңес берер едің?

– Ең алдымен «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұмытпауларыңыз керек. Сондықтан да, суық түскен уақытта  осы сала дәрігерлері ең алдымен тұмау және ЖРВИ туралы алдын алу шаралары мәселесін көтеруге тырысамыз. Өйткені осы уақытта суық тиген адамдардың саны күрт көбейетіні мәлім.   ЖРВИ – ең кең тараған барлық жұқпалы ауралардың 90%-ын құрайтын ауру. Бұл аурумен адамдардың бәрі ауырады, тек біреулер жиі, біреулер сирек ауырады. ЖРВИ мен тұмауды туындататын вирустар мұрын мен тамақтан бастан, өкпеге дейін  барлық кеңістіктегі эпителийлі жасушаларды зақымдайды. Тұмау және тыныс алу жолдарының жедел вирустық инфекциялары – бұл ауа-тамшылы жұғатын әртүрлі инфекциялардың жиынтығы. Бір мезгілде бір ауыл, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының бәрі тұмаумен жаппай ауруы мүмкін.  

– Бүгінгі таңда халықтың қоғамдық денсаулығы деген ұғымға не жатады? Оны біз қалай анықтап, біліп жүрміз?

– Көп мемлекеттер «XXI ғасырда – барлығының дені сау» саясаты бойынша түрлі шаралар жасап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қабылдаған жалпыхалықтың денсаулығын сақтау әдістемесінде, халық денсаулығын қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде: материалдық-техникалық базаларды нығайту, бірінші реттік медициналық-санитарлық көмекті халыққа жеткізу міндетін алдыңғы орынға шығарған. Қазақстан Республикасындағы қоғам денсаулығының ахуалын жақсарту жөніндегі міндеттерде: азаматтардың сауығуына жағдай жасау және қаржыландыру база саласын дамыту, азаматтардың әлеуметтік қорғауын арттыру, психологиялық және адам ресурстарын дамыту мәселелері көзделген. Сонымен қатар, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын дайындау негізгі мәселе ретінде қарастырылады. Ол жас маман – менің буыным деп жасқанбай айтар едім. Менің қатарым, құрдастарымның әрқайсысы да осы мамандықты бар ынта-ықыласымен игергенін, осы сала бойынша алған білімдерін көпшілікті емдеу-сауықтыру саласында абыройымен атқаратынын да сеніммен айта аламын. Себебі, бізге білім бергенде – қоғам денсаулығының кілті білікті де білгір маманның қолында деп үйреткен еді...

– Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы

Мерей Нұрлыбекұлы: «Балалар хирургиясы – жауапкершілікті қажет ететін сала»
Рамазан Бектұрғанов: «Ақылы медициналық көмек аурухананың әлеуетін арттырады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу