Қанат Тасыбеков, тіл жанашыры: Қазақ тіліне қала мәдениеті, қала лексикасы жетіспей тұр

Oinet.kz 20-04-2019 1085

Screenshot_55.jpg

Елуге келгенде қазақ тілін қайта меңгеріп, орыстілді қандастарға «Ситуативный казахский» атты екі кітап жазған Қанат ағамыздың тіл туралы айтары көп. «Орыстілді қазақтарды кеудеден итермейік, қайта ортаға тартайық» дейді тіл жанашыры.

Рейтинг: Қанат аға, мектепте орысша оқыдыңыз ғой, иә?

Қанат Тасыбеков: 4 сыныпқа дейін сыныптағы жалғыз қазақ болдым. Астана-Көкшетау тас жолының бойында Алексеевка деген қала болды, қазір Ақкөл деп аталады. Май зауытың қасындағы мектепте бастауыш сыныптарды бітірдім. Кейбіреулер «50 жасқа дейін қалай қазақша білмей келдің?» деп сұрап жатады. Бірақ «ештеңе білмедім» деуге болмайды ғой. Отбасында 7 баламыз, мен алтыншымын. Бір досым «сенің тілің алғаш қазақша шыққан ғой, кейін ұмытып, сосын қайтып келгенсің. Есің түсіру оңай болған» дейді. «Шынында да солай шығар» деп аға-әпкелерімнен сұрап көрсем, «жоқ, сенің тілің орысша шыққан» дейді. Олардың бәрі орысша оқыды. Әкем партия қызметкері еді, өмір бойы қызмет істеді. Үлкен әпкем менен 14 жас үлкен. Қазақ отбасында үлкен балалар өзінен кейінгі кішілерді бағады ғой, әпкем де мені баққан. «Біз ауылда тұрып, қазақша сөйледік. Бірақ сен туғанда қалаға келдік те, бәріміз орысша сөйлей бастадық» дейді ол. Мектепке бармай тұрып-ақ орысша оқып үйренгенім есімде.

Рейтинг: Сіздің отбасыңыз, ортаңыз, мектеп – бәрі орысша болды.

Қанат Тасыбеков: Солайы солай. Бірақ мен мектеп бітірген соң Алматыға келіп, зооветеринарлық институтқа түстім. Бұл оқу орнында кіл қазақ жігіттері оқитын еді ғой. Сол кездерде қазақ тілін қайта үйрене бастадым. Оқу бітіргенде қазақшам тәп-тәуір еді. Институтқа 1976 жылы түстім. Ең ғажабы, сол кезде біз ру-руға еш бөлінбейтінбіз.  «Шымкенттік», «целиноградтық», «ақтөбелік» деп қана, келген жеріміз бойынша ғана аздап екшелетінбіз. Бөлмеде бірге тұрған достарымның руы кім екенін білмейтінмін. Біз оқу бағдарламаларын оңай игердік, өйткені «КПСС тарихы» сияқты негізгі сабақтардың көбі орыс тілінде өтетін. Ол кезде ана тілімді білу деңгейім шамамен мынадай болды. Көк базардың қасында «Ақша қар» деп аталатын химтазалау орны бар еді. Соны оқып алдым да, жатақханаға келіп шалқамнан жатып алып: «Неге «Деньги снег» деп жазды екен?» – деп ойландым. Институтты бітірген соң аспирантураны Мәскеуде оқыдым. Ресей астанасында француз тілін бір жыл оқып, меңгеріп алдым. 1994 жылдың соңында Францияға кетіп, 1998 жылға дейін сонда болдым. Ол жерде бәрі француз тілінде, қазақ тіліне деген ешқандай қажеттілік болған жоқ. 

Рейтинг: Ал қазақ тіліне қалай оралдыңыз? Қандай қажеттілік пайда болды?

Қанат Тасыбеков: Франциядан елге қайтқан соң бизнеспен айналыстым. Ақмоланың жаңа астана болып жатқан кезі. Алайда менің тұтынушыларымның басым бөлігі Алматыда еді. Алматыға қоныс аудардым. Құдайға шүкір, шаруам ілгері жүріп отырды. Шынын айтқанда, елуге келгенше ана тілім туралы ойланғаным жоқ. Бірақ қоғамда, әсіресе қазақы ортада болып жатқан мәселелерге үн қатқым келіп жүрді. Өйткені, «латын қарпіне көшкеніміз жөн бе?», «Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерін сырттағы елдер қазақ деп таниды, қазақстандық деген дұрыс па?» деген сұрақтарға өзімше жауабым дайын, бірақ қазақ тілді ортада айта алмаймын. Сол кезде мен мына нәрсені байқадым – қазақтілділерге орысша айтылған пікір түкке татымайды. Оны түсінуге болады, өйткені, қазақ тілінің мәселелерін орысша айтудың еш құндылығы жоқ қой. Оның үстіне, жасымыз елуден асқан соң төрге шыға бастадық, бата беруіміз керек. Жұрт көзінше қиналдық дегендей. Ұялады екенсің. Сосын сөздіктер сатып алып, өз бетімше оқи бастадым. Бір жылдың ішінде әжептәуір тілім сынды. Қазақы ортаға барсам, өзім сұранып сөз алатын болдым. Достарымның арасында асаба болуға бой үйрете бердім. Қиссалардан үзінді, тұрмыстық анекдоттар жаттап алып, ағыза жөнелемін. Әуелде олар маған күлетін. Мен осындай әдіс таптым. Тіл үйрену үшін жаттап алу керек.Онсыз болмайды. Кеңес Оразбекұлының «Қанатты сөз – қазына» атты кітабын тауып алдым, тілі жеңіл, оқуға, сіңіруге өте ыңғайлы. Сөздердің, сөз тіркестерінің түбіне, шыққан негізіне үңіледі. Мысалы, «Абылай аспас сары бел» деген тіркес қайдан шықты – соған жауап іздейді. Сосын туған күнге бара жатырмын ба, тілекті жазып, әр жерден көшіріп жаттап аламын. Ғаламтордан, кітаптардан қараймын. Жаттап алып қана қоймай, енді әр тілектің қандай жағдайда айтылатынына мән бердім. Қыз ұзатылып жатса, «тастай батып, судай сің» деген тілекті түсініп айтатын болдым. 

Рейтинг: Осылай-осылай үйрендіңіз. Сосын білгеніңізді ақырындап балаларыңызға, айналаңызға үйрете бастадыңыз ба?

Қанат Тасыбеков: Әрине. Ұлым ҚБТУ-ды бітірді. Келін түсірдім. Олар менің кітабым арқылы да, репетитор жалдап та қазақша үйреніп жүр. Үйде мейлінше қазақша сөйлесуге тырысамыз. Бірақ бұл да темекі тастаған сияқты жағдай ғой. Мысалы, «1 қаңтардан бастап үйде тек қана қазақша сөйлейміз» дейміз де, орысшаға байқамай көшіп кетеміз. Өйткені, кей сөздерді қазақша жеткізе алмай қаламыз, балалар менің қазақша айтқанымды түсінбей қалады. Келінім Алматынікі, ол қазақша мүлде білмейді деуге болады. Қазір баламмен бірге үйреніп жүр. 

Рейтинг: Қазақ тілін орістілділерге қалай үйретуге болатыны жөнінде кітап жазуға осындай жағдайлар түрткі болды ма?

Қанат Тасыбеков: Өзім ана тілімді қайта үйрене бастағанда, керек нәрселерді түртпектеп жазып отырдым. Кезінде баламды орыс мектебіне бердім. Ал қызымды бірден қазақ мектебіне оқыттым. 5 сыныпқа дейін оқыды, алайда дұрыс оқыта алмадық. Үй тапсымасына не мен, не келіншегім көмектесе алмайды. Күнде қалааралық телефонмен Астанаға, қайынатам мен енеме телефон соғып, сұраймыз. Шынын айтқанда, оқу бағдарламаларына да көңілім толған жоқ. Өте күрделі. 6 сыныпта орысшаға ауыстыруға тура келді. Дегенмен қызымның қазақшасы ұлыма қарағанда әжептәуір жақсы. Байқағаным, жастардың ортасында қазақ тілін білу «мода» болып қалыптасатындай жағдай тудыруымыз керек. Израильде жан-жақтан жиналған жастар үшін иврит тілін білу кезінде сән болды да, бірте-бірте өлі тіл қайтадан ұлт тіліне айналып кетті. Қазақ тіліне қала мәдениеті, қала лексикасы жетіспей тұр. Біздің ақын-жазушыларымыз ауыл, сағыныш, оқуға келіп түсе алмай қалған қыздың тағдыры, аттың сыны, киіз үйді қалай құрастырып, жинау керек деген тақырыптардан шыға алмай қалады. Қала тақырыбын жазып, оны дамытпай ештеңе де болмайды. 

Рейтинг: Кеш болса да ана тіліңізді үйрендіңіз ғой. Қазақ тілінің заман тіліне, ғылым тіліне айналуына мүмкіндігі жете ме?

Қанат Тасыбеков: Солай болатынына сенбесем, мен қазақ тілін қалай үйрену керектігі жөнінде кітап жазбас едім ғой. Т.Романенко деген орыс тілділерге қазақ тілін үйрететін әдістемелік кітаптар жазған ғалым бар, сол кісі: «Қалай ойлайсыз, қазақ тілінің болашағы бар ма?» – деп сұрайды. «Тіліміз кеше болған, бүгін бар, ертең де болады» деп жауап бердім. Қазақ тілінің киесі бар. Ана тілімді дамытуға аз да болса үлес қосып жатқаным үшін тағдырыма ризамын. Кезінде М.Ломоносов аяғына шабата киіп Мәскеуге келгенде, ғылым тілі неміс тілі болатын. «Орысша жазуға, орысша емдеуге болады» дегенде, ел Михайлоны күлкіге айналдырған. Пушкиннің Татьянасы: «Изъяснялась с трудом, на языке своем родном», – дейді. «Соғыс және бейбітшілікті» қараңыз. Ол кезде ақсүйектердің бәрі французша сөйлейтін. Ресей патшалығын уысында ұстаған Анна, Екатерина сияқты королевалар орыс тілінде әзер-әзер сөйлейтін. Бәрі де ауысады, бәрі де жаңарады. Бірақ «ертеңнен бастап тек қазақ тілі қолданылсын» деген үкіммен тілді енгізе алмаймыз. Тіл тірі ағза сияқты. Қажет кезінде толығып, қажетсіз нәрсені қолданыстан шығарып тастап отырады. Менің ұсынатын идеям мынадай: біріншіден, өзіміз қазақ болған соң, қазақтардың бәрі ана тілінде сөйлеуге тиіс, екіншіден, отбасында тек қазақша сөйлесуіміз керек. Содан бірте-бірте өмірдің барлық саласына бейімдей беруіміз қажет. «Ертеңнен бастап балконды қылтима дейміз» десек, ешкім тыңдамайды. «Балмұздақ», «ұшақ» деген сөздер тілімізге кірігіп кетті ме, дәл осындай өміршең сөздерді пайдалана беруіміз керек. 

Рейтинг: Өзіңіз сияқты тілге қайта бет бұрғандарға немесе қазақ тілін мүлде білмейтін қазақ азаматтарын «сен тіліңді құрметтемейсің, білмейсің» деп шабуылдай дұрыс емес деп есептейсіз бе?

Қанат Тасыбеков: Менің араласатын ортам, жұмысым негізінен орыстілділермен бірге. Екі-үш жыл бұрын «тек қазақша сөйлейік» деп өзімше «мода» ұсындым. Арман деген Алматыда туып-өскен жігіт бірде: «Қанат, бүгін мен үш рет сөзімді қазақша бастап едім, үш ретте де қазақтілділер «қойшы сен! Сөйлей алмасаң орысша айта берші» деп тоқтатты», – дейді. Ол дұрыстап сөйлей алмаса да, қатты тырысады. Оқығысы келмеген қазақтар бір-екі рет беті қайтса, осындай жағдайларды сылтау етеді. Үйренгісі келмегенге сылтау көп, шын үйренгісі келгендерге жол қайдан да табылады. Неге екенін білмеймін, қазір қазақтілді азаматтардың көбі өте агрессиялы. Жақында тіл туралы бір жиынға қатысып, сөз сөйледім. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының қызметкері «сіз неге үйрендіңіз?» деп сұрады. «Менің французшам неге қазақшамнан жақсы?» деп намыстандым» десем, «сіз елуге келіп намыстандыңыз, оның алдында намысыңыз болған жоқ па?» деп күліп отыр. Оның алдында мен не деп ақталуым керек? Фейсбукте де бірдеңе жаза қалсам, тырнақ астынан кір іздеп отыратындар көп. Мұхтар Шахановқа кітабымды апарып берсем, «мынау не?» дейді. «Орыстілділерге қазақша үйрететін кітап» десем, «олардың намысы жоқ» деп отыр. «Мәке, енді олар көп, миллиондаған адам ғой, бәрін өлтіріп тастай салмаймыз ғой ана тілін білмегені үшін» дедім күліп. Оларды «мәңгүрт, сатқын» дей салу оңай. Орыстілді қандастарымызды кеудеден итере бергеннен ештеңе шықпайды. Қайта «жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығаруымыз» қажет емес пе? Бәріміз қазақпыз, ең бастысы осы!

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 19.02.2015


Айбек Қалиев: Айтысымның эфирден қырқылмаған кезі болған емес
Аягүл Мантай, жазушы: Қасым ата кітапты көріп... Жылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу