Ілияс Байбосынов, әнші: «Он метр хат жазған қызды таба алмадым»

Oinet.kz 31-05-2019 1151

Screenshot_5.jpg

-          Ілияс, тыңдармандарыңды қандай жаңалықтарыңмен қуанта аласың?

-          Бар күш-жігерімді сарп етіп, ізденіп жүргенімнің барлығы сол тыңдармандарым үшін ғой. Жаңа дүниелер ұсынуға тырысып жүрмін. Мәселен, жақында ғана «Сүйші жаным» әніне бейнебаян түсірдім. Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған Бек Бөрібиевтің әніне түсірілген бейнебаян Алматы қаласының маңында  түсірілді. «Жас медиа продакшн» орталығындағы мамандардың  арқасында туындыға бар болғаны бір күніміз кетті. Клиптің ғаламтордағы қаралымы жақсы болып жатыр. Соған қарағанда халықтың көңілінен шыққан-ау. Одан бөлек «Сағынамын» әнін жарыққа шығардым. Алдағы уақытта жоспарда тұрған, өңделуге тиісті біраз әндерім бар. Биыл немесе бір жылдың көлемінде болмаса да республика сарайында жеке концертімді беруді армандаймын.

-          Сазгерлік қабілетіңнің бар екені мәлім. Әндеріңді өзің орындайсың ба, әлде өзгелерге ұсынасың ба?

-          Әрқалай. Өзімнің дауыс тембріме сай келетін ән болса өзім орындаймын. Ал көп жағдайда әріптестеріме беріп жатамын. Олардың қатарында  «Азия» тобы, Қайрат Түнтеков, Әлия Әбілқайыр сынды жұлдыздар бар. Жалпы өзімді бірінші кезекте композитордан гөрі әншімін деп санаймын. Сапалы әндер жазу үшін, сазгер атына лайықты болу үшін әлі де көп ізденіп, тәжірибе жинақтауым қажет секілді.  

-          Ілияс Байбосынов бір арудан ұзындығы он метрге жететін ғашықтық хат алыпты деген ақпарат қаншалықты рас?

-          Жүз пайыз шындық. Менің өнеріме, оның жазуы бойынша өзіме ғашық Аида есімді қыздан ұзындығы он метр хатты алғанда шынымды айтсам қатты таңырқадым. Хатты түгел оқып шықтым. Шын ниетімен, толғанып, бар сөздік қорын қолданып жазғаны көрініп тұр. Арасында өлеңдетіп жазған тұстары да бар. Оқып отырып осындай тыңдарманымның бар екеніне қуансам, екінші жағынан біртүрлі сезімде болдым. Ол қызға алғысымды айтайын деп іздестіріп көріп едім. Алайда, таппадым. Егер жолығып қалсам Аидаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Хатты алған сәтте «Ревю» бағдарламасы арқылы Аиданы іздестіріп, оны тіпті бейнебаяныма түсіру ойымда болған. Ерекше тыңдарманыма осылайша алғысымды білдіргім келіп еді.

-          Сері жігітті Аида секілді қыздар жиі мазалап тұратын шығар?

-          Соңыма түсіп, артымнан қалмай жүргендері жоқ. Ал әлеуметтік желілерде жазатындар көп. Қай жылғысыз, қай өңірдің тумасысыз, үйленсенсіз бе, сүйгеніңіз бар ма деген секілді сұрақтарджы жиі қойып жатады. Өнердегі жаңалықтарыма да қызығушылық танытатындар кездеседі. Алайда ешқайсысына жауап жазбаймын. Себебі жеке өмірім туралы талқылағанды ұнатпаймын. Ал шығармашылығыма қатысты мәліметтерді ғаламтор, теледидардағы жаңалықтардан оқып, көріп алуларына болады. Мұны өзімшілдік, тәкаппарлық деп түсініп қалмаңыздар. Тек әлеуметтік желідегі достарыммен сөйлесіп отыруға уақытым бола бермейді.

-            Негізгі мамандығың күйшілік өнер екен. Бірақ сенің қолыңнан домбыраны көрмеппін...

-          Ия Шымкент қаласындағы ОҚМУ-дың домбыра дирижер класында оқығанмын. Домбыраға қызыққаныммен кәсіби деңгейде меңгеріп кеттім деп айта алмаймын. Ал домбыра, оның ішінде күй қазақ үшін қашанда қастерлі, қасиетті дүниелер болып саналады. Сондықтан күйдің обалына қалғым келмейді. Нақышына келтіріп тартпағаннан кейін домбыраға жолай бермеймін. Сондықтан мені домбырамен халық көрген емес. Алдағы уақытта да сахнаға  домбыраны алып шықпаймын.    

-          Тәуекелге жиі барасың ба?

-          Ия, жиі барамын. Мүмкін жас болғасын тәуекелшіл шығармын.  Ата-бабамыз «тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деп бекер айтпаған. Тәуекелге бармаған адам ешқандай жетістікке жете алмайды деп ойлаймын.

-           Өзің ортасында жүрген қазақ шоу-бизнесінде нендей кемшіліктерді байқадың?

-          Бүгінде жеңіл-желпі, мағынасыз әндер көбейіп кетті. Қазақтың бұрынғы қай әнін алып қарасаңыз да айтар ойы терең, сөзі мен музыкасы ұйқасқан, үні құлағыңда қалатын ырғақты болып келеді. Ал қазір не мағынасы жоқ, не ырғағы келіспейтін туындылар қаптаған. Санамда сапасыз әндерді көбейте берсек жылдар өте келе  қазақтың музыкасын жоғалтып алмаймыз ба деген күдік ұялайды.     

Мұрағаттан, 2015 ж

Асқар Ниязов: «Сайрам-Өгемде аңдарды бақылап отыратын үш мұнара орнатылды»
Алмас Мұстафа, шебер: «Жаһандануға ұлттық мәдениетпен ғана қарсы тұра аламыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу