Асқар Ниязов: «Сайрам-Өгемде аңдарды бақылап отыратын үш мұнара орнатылды»

Oinet.kz 01-05-2019 1406

ozen_tau_dalanews-550x300.jpg

Асқар Ниязов, Сайрам - Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры: 

- Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі облысымыздағы ірі табиғат қорғау мекемелерінің бірі есептеледі. Тарихы тәуелсіздік жылдардан бастау алатын парктің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?

         - Жалпы аумағы 149037 гектарды құрайтын парк Қазығұрт, Төле би, Түлкібас аудандарының таулы аймақтарын қамтиды. Мұнда Өгем, Төле би және Түлкібас филиалдары бар. Біздің негізгі міндетіміз – аталған аумақтағы Батыс Тянь-Шанға тән биологиялық алуантүрлілікті, арша және жабайы жемісті ағаштар ормандарын, ондағы жануарлар дүниесін күзету, қорғау, молайту шаралары мен табиғи ресурстарды шектеулі көлемде тиімді пайдалануды жүзеге асыру болып табылады. Тау етегіндегі жазықтардан бастап биіктігі 4236 метрге дейін жоғарылайтын тау жоталары мен шатқалдарда өсімдіктердің 1635 түрі өседі. 200-ге жуық жоғары витаминді дәрілік өсімдіктердің мол қоры бар. Сонымен қатар жабайы жануарлардың 59 түрі, құстардың 300 түрі мекендейді. Олардың арасындағы өсімдіктердің 62, аңдардың 10, құстардың 30 түрі сирек кездесетін және жойылып бара жатқандықтан «Қызыл кітапқа» енгізілген.

         - Сирек кездесетін аңдар туралы айтқанда ауызға алдымен қар барысы түседі екен. Қазір бізде қар барысы бар ма, бар болса нешеу?

         - Соңғы жылдары көрінбей кеткендіктен, қар барысының жойылып кету қаупі жайлы жиі сөз қозғалады. Рас, басқа жаққа ауып кеткендіктен болар, соңғы 55-60 жыл бойы көрінбей кеткен қар барысының екі жұбының қайта пайда болғаны нақты айғақтармен дәлелденді. Қар барысы 2010 жылы Өгем тауының Мақпал көлі аумағында және 2014 жылы Сарыайғыр шатқалында бірнеше рет суретке түсіріп алынды. Тағы бір жақсы жаңалық ретінде айтайын, осы жылдың ақпан айында Сарыайғыр шатқалында қойылған фотоқақпан бұрын бар-жоғы білінбей  келген Түркістан сілеусінін екі төлімен жүргенін түсіріп алған. Өте сирек кездесетін бұл аңның да парк аумағында бар екені алғаш рет анықталды.

         Парк аумағында, сондай-ақ, сирек кездесетін Мензбир суыры, Тянь-Шань қоңыр аюы, елік, тау ешкі, Қаратау арқары, борсық, үнді жайрасы, қасқыр, жабайы шошқа, қоян, түлкі және басқа да аңдар, бүркіт, ұлар, шіл кекілік, көкқұс, дуадақ, үкі, сақалтай секілді құстар мекендейді. Эндемик Мензбир суыры тек Өгем, Қаржантау тау жоталарында ғана кездеседі. Сондықтан, ол еліміздің ғана емес, дүние жүзі табиғат қорғау ұйымының да «Қызыл кітабына» енгізілген.

         - Жойылып кету қаупі туған өсімдіктер мен аң-құстарды қорғау мақсатында қандай нақты шаралар атқарылуда?

         - Өсімдіктер мен аң-құстарды қорғауға, сақтауға және оны молайтуға ерекше назар аударылып, аңдардың соқпақтары мен суаттардың қасына олардың көзі үйренген ағаштардан тұз, жем салатын науалар, қыс кезінде шөп салатын шарбақты науалар орнатылды. Аңдарды маусым кезінде бақылап отыратын үш мұнара орнатылды. Заңсыз аң аулауды болдырмауға және биотехникалық шаралардың көлемін арттыруға баса назар аударып отырмыз.

Жалпы алғанда табиғи, экологиялық климаттық жағдайды жақсартуда,  топырақты бекітуде, ондағы су қорын реттеуде өсімдіктер, оның ішінде тау ормандары үлкен роль атқарады. Сол себепті, орман алқаптарын сақтап, көлемін көбейтуге ерекше мән беріледі. Біздің орманымызды негізінен арша мен жабайы жемісті ағаштар құрайды. Парк аумағындағы экологиялық жүйелер ішіндегі маңыздылардың бірі – арша ормандарының экожүйесі. Таза арша ормандары 4934 гектар алқапты алып жатыр. Бұл ағаштың өзгелерінен бір ерекшелігі – ауадағы адам ағзасына зиянды микробтар мен бактерияларды жоятын фитонцидті бөліп шығарады. Ғылыми медицина мәліметтері бойынша 1  гектар арша орманы тәулігіне 30 килограмм фитонцид бөліп шығарады екен. Бұл тұрғындары 40 мыңға жететін бір қаланың ауасын ауру қоздыратын бактериялардан тазартуға жетеді. Сондықтан, аршаның түрлерін қала көшелеріне де жиі отырғызудың пайдасы орасан.

         Парк аумағында жабайы жеміс ағаштар 3,5 мың гектар алқапта өседі. Олар негізінен Сиверс алмасы, өрік, алша, долана, Регель алмұрты, грек жаңғағы, кәдімгі тау пістесі секілді жемістер. Бұлардың тағамдық, дәрілік және шикізат ретінде де пайдалы қасиеттері көп. Сонымен қатар жеміс ағаштарының көптеген мәдени сорттарын шығаруға аса бағалы генетикалық қор болып есептеледі. Мәселен, дүние жүзіндегі мәдени алма сорттарының көпшілігінің түпкі атасы болып табылатын Сиверс алмасы бізде көп өсетінін жолғарыда айттым. Алманың бұл түрін қорғаумен қатар қорын молайту мақсатында Алматы облысындағы «Орман тұқымбағынан» әртүрлі клондық формаларының көшеттері Өгем шатқалындағы 7 гектар учаскеде плантация жасалды.

         Бұрындары әртүрлі антропогендік себептермен, әсіресе, нормадан тыс мал жаю мен өрттен тау ормандары деградацияға ұшыраған болатын. Қазіргі кезде күзетуді күшейту мен орман учаскелерін мал жайылымы үшін күрт азайтудың, орман өрттерін болдырмаудың нәтижесінде табиғи орманымыздың сақталуы және олардың өздігінен ұрпақтануы канағаттанарлық дәрежеде. Жалпы парк құрылғалы бері республикалық «Жасыл даму» бағдарламасына сай 353,4 гектарға жаңадан орман алқабы отырғызылды. Ал, осы жылы 30 гектар жерге 12,5 мың түп алма, алмұрт көшеттері егілді.

         Өгем шатқалындағы бұдан 50-55 жыл бұрын егілген 319  гектар алма баулары ескіріп, ағаштары қурай бастады. Сол бауларды жаңарту мақсатында биыл 19,3 гектар баудың қураған ағаштары тамырымен жұлынып, агротехникаға сәйкес тегістеліп, топырағы майдаланып, парға қалдырылды. Келесі жылдан бастап жыл сайын 19-20 гектар жерге қайтадан мәдени алма сорттары отырғызылатын болады.

         - Парк қызметі еліміздің туристік бағытын дамытуға қаншалықты үлес қосып келеді?

         - Еліміздің қолданысындағы заңына сәйкес, парк аумағында төрт аймақ белгіленіп, оның бірі – туристік және рекрациялық аймақ учаскелерінде азаматтардың демалуына, туризм нысандарын салып, демалуды ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған. Осыған орай парк аумағында 6 демалыс үйлері, 1 аңшылық үйі, 2 киіз үй кешені, 7 монша-сауна, 10 туристік бағыттар, бірнеше демалыс алаңқайлары, шолу алаңдары қызмет көрсетеді. Биыл Машат өзенінің бойынан жаңадан Құс базары туристік бағыты ашылды. Оның бесеуі аттылы бағыт. Туристерге қажетті мініс аттар мен жол көрсетуші бөлінеді.

         Парк аумағында туризмді дамыту мақсатында және бұл іске жеке және заңды тұлғалардың инвестициясын тарту үшін парк инфраструктурасын дамытудың бас жоспарына сәйкес тендерлік негізде 34 орман пайдаланушыға барлығы 159,4 гектар учаске ұзақ мерзімге пайдалануға берілді. Олар туристік нысандар салып, демалушыларды қабылдауда. Жер пайдаланушылардың жергілікті ландшафты, экожүйелерді бұзбауы, өрт болдырмауы, ағаштарға, аңдарға зиян келтірмеуі екіжақты келісім-шартқа сәйкес парк тарапынан қатаң қадағаланып отырады. Ереже бұзылған жағдайда арадағы келісім шарт тоқтатылып, учаске паркке қайтарылып, жаңадан тендер өткізіледі. Соңғы кезде осындай келеңсіздікке жол берген 2 жер пайдаланушыдан учаскелері кері қайтарып алынып, 2 жер пайдаланушыға қатысты іс сотқа өткізілді.

         Парк жерлері орналасқан аудандардың тұрғындары арасында және облыс көлемінде парк қызметін, оның көрікті жерлерін насихаттауда, жастарымызға экологиялық тәрбие беру мақсатында «Парктер шеруі – 2015» табиғат қорғау акциясы ұйымдастырылды. Оған тұрғындармен қатар оқушылар, студенттер, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті әкімдіктердің өкілдері қатыстырылып, іс-шараның тиімділігі арттырылды. Акция барысында орман учаскелеріне жас ағаш көшеттері отырғызылып, демалыс алаңқайлары, жол бойлары, бұлақ көздері тазартылды. Ал, «Океан» атты облыстық сүңгуірлер клубы көл суының табанын және су айдынын әртүрлі қалдықтардан тазартып берді. Мұндай жұмыс акция кезінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да ұлттық парктің байлығы мен мүмкіндігін арттыру, халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар.

Әңгімелескен Ш.Мекенбайұлы

Мұрағаттан, 2015 ж  

Үсен Асқаров, журналист: «Өзбекстан Президенті Ислам Каримовқа сұрақ қойдым»
Ілияс Байбосынов, әнші: «Он метр хат жазған қызды таба алмадым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу