Үсен Асқаров, журналист: «Өзбекстан Президенті Ислам Каримовқа сұрақ қойдым»

Oinet.kz 30-04-2019 1340

Screenshot_2.jpg

Бүгінде «Рейтинг» газетінің тілшісі қызметін атқарып жүрген әріптесіміз Үсен Асқаров – көршілес  Өзбекстандағы Бостандық ауданының тумасы. Әріптесіміз кезінде Би-Би-Си радиосы мен «Франс-пресс» агенттігінің Ташкенттегі тілшісі болған. Соңғы жылдары Өзбекстандағы 1,5 миллиондық қазақ қауымының маңдайындағы жалғыз ұйым – Республикалық Қазақ Ұлттық Орталығының төрағасы лауазымын атқарған. Аға әріптесіміз «тілшінің басты білігі – сұхбаттасына қоятын сауалдары» деп санайды. Журналистер күні қарсаңында Атажұртқа қоныс аударып, тілшілік қызметіне қайта оралған әріптесімізбен болған сұхбатты журналистика миссиясының мәні жайлы сауалдан бастадық.

- Отанды, елді сүю – билік пен оның жемқорлыққа белшесінен батқан шенеуініктерін сүю емес. Өкінішке қарай, шенеуінік атаулының бәрі өздерімен келіспейтін, олардың олақ, ұлт мүддесіне кереғар әрекеттерін сынайтын адамдарды ұнатпайтыны, кейде тіпті қудалайтыны бар. Журналистиканың атқарар миссиясы -  халық мүддесінің күзетінде болу. Себебі билік өз мүддесі үшін ұлт мүддесінен ауытқуға дайын тұрады. Бүгінгі  жемқорлық пен билікті жайлаған біліксіздік – шала жариялылық пен БАҚ-тың әлжуаздығынан туып отыр.

- Журналистикаға қашан келдіңіз, қандай ірі оқиғалардың куәсі болдыңыз?

- Мен Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1991 жылы аяқтадым. 4 курста Өзбекстан үкіметі мен парламентінің қазақ тіліндегі «Достық туы» газетіне  тілші болып қабылдандым. 1991 жылы желтоқсан айында Совет Одағы ыдырады. «Беловежская пущадан» кейін постсоветтік түркі мемлекеттерінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда кешегі одақтас, ал бүгінгі – тәуелсіз мемлекеттердің басшылары бас қосты. Бұл Совет Одағы  ыдырап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылған тарихи бас қосу болатын. Оқиғаны өз көзіммен көріп, оқырмандарыма жеткізейін деген шешімге келіп, өз ынта, өз қаржыммен Алматыға тарттым. Пойызда Борис Ельцинге қоятын сауалымды қағазға түсірдім. Басқосу басталар күні Алматыға Өзбекстан президенті Ислам Каримов келді. Саммит Алматыдағы «Достық» үйінде өтпек. Каримов мырза баспалдақпен көтеріліп, ал мен сәлем беру үшін төменге түсіп бара жатып Исекеңе: «Приветствую Вас на казахской земле!» дедім. Ислам Каримов: «Ты говоришь как президент Казахстана» деді.

Мәжілістердің арасындағы үзіліс кезі. Борис Ельцин мен Нұрсұлтан Назарбаевты 20 шақты журналист қоршап, түрлі сауалдар қойып жатыр. Ельцин – кешегі ұлы империяның мұрагері, Ресейдің лидері, ал Назарбаев – қабылдаушы тараптың басшысы, Саммиттің иесі. Молдова мен Приднестровьенің арасындағы текетіреске байланысты Молдова президенті Мирча Снегурды журналистер «атакалап» жатыр. Бір-екі журналист Әзірбайжанның президенті Аяз Муталибовқа сауал қойған еді, Арменияның президенті Левон Тер-Петросян: «Что вы с ним говорите, он же не контролирует ситуацию» деді. Аяз Муталибов Левон Тер-Петросянға қарай ұмтылып, қол сермеп қалды. Сондағы жұрт – оққағарлар, протокол өкілдері, тілшілер – президенттерді ажыратып жатты. Айналаға қарасам, анадай жерде И. Каримов журналистер назарынан тыс қалыпты. Жалғызсырамасын деп, жанына бардым. Ол кісі де ыстық ықылас танытып, мені қолтығымнан ұстап, кремлевка-кілем төселген жолақ бойлап жетелей кетті. Бір есімде қалғаны: «Ислам Абдуганиевич, что самое трудное для президента» деп сұрадым. Ол кісі «Дұрыс шешімдер қабылдаудың өзі қиын, ал ең қиыны – сол шешімдердің орындалуына қол жеткізу, себебі шешімдердің дерлік барлығын сайып келгенде зауыт директорлары мен колхоз бастықтары орындайды, ал олардың деңгейі барлық уақытта қабылданған шешімнің маңызы мен мазмұнына сай келе бермейді» - деді. Бір кезде қоңырау шалынып, президенттер мәжіліске шақырылды. Сол күні ыдыраған Совет Одағының орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Алматы Декларациясы қабылданды. Империяның таратылуы үлкен тарихи оқиға болғандықтан оның жай-жапсарын халыққа түсіндіру мақсатында арнайы баспасөз мәжілісі өткізілетін болды. Баспасөз мәжілісінің қарсаңында  Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев журналистерге «біреуің Түрікменстанның президентіне сауал қойыңдаршы, президенттердің барлығы көрінуі керек» деп өтініш жасап жүрді.

Мен Президент Ельцинге қоямын деп жұптап жүрген сауалыма тағы бір сауал қостым. Оны Каримовқа қоймақпын. Бұл пресс-конференция «Евровидение» желісі арқылы бүкіл әлемге таратылып жатты.

 Балтық бойы елдері мен Грузиядан басқа бұрынғы одақтас республикалардың барлығының президеттері қатарласып  президиумда отыр. Мен  сауал қоюға кезек сұрап, қолымды көтеріп тұрдым да қойдым. Бұл – «маған кезек беріңдер, өз сауалымды қоймай кетпеймін» дегенім еді. Бір кезде пресс-конференцияны басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге микрофон ұсынып жүргендерге мені меңзеді. Олар дұрыс аңғармай, әр журналистке бір барып жүріп, ақыры менің алдыма келді. Сонда Нұрекең «Ия, соған беріңдер» деп, меңзеп тұрған адамы мен екенін айтты. Қолыма микрофонды алып, «Борису Николаевич: «ТМД-ның құрылуы ТМД елдері арасындағы қатынынастарда демократиялық минимумның сақталуына кепілдік бере ала ма, Армения мен Әзірбайжан, Молдова мен Приднестровье арасындағы соғысты тоқтата алады ма?» деп сұрадым. Борис Ельцин: «О каком минимуме вы говорите», деп көзілдірігін столға ұрды. Борис Ельцинге бұл сауалдың ұнамауы – заңды еді. Ол Ресейдің президенті ретінде өзін ТМД елдері тірелген тығырықтан шығаруға қауқарлы тұлға деп санайтын. Каримовқа да сауалым ұнамады. Теледидардан бұл баспасөз конференциясын көптеген адамдар көріпті. «Пәйзілләқожаның баласы Ельцинге сауал қойды, Ельцинмен сөйлесті» деп жұрт шулап жүрді. Еркебек Медешов деген дәрірер досым: «Үсен, сенің Ельцинге сауал қойғаныңды бастығым екеуміз көрдік. Үсен – менің досым деп мақтандым. Саған жақсы костюм-шалбар әперемін, үстіңе бір жаман куртка киіп алыпсың, сен үшін мен ұялып кеттім» деді. Совет Одағының ыдырауы үлкен тарихи оқиға болатын. Осыған орай  «Достық туында» сол Алматы саммиті туралы  «Қош бол, Империя!» деген үлкен мақала жарияладым.

- Сауал қоя білу – біліктілік белгісі дедіңіз. Өзіңіз журналист ретінде билікке ең басты сауалыңызды қоя алдым деп есептейсіз бе, жоқ бұл – болашақтың еншісіндегі шаруа ма?

- 2000-ы жылдарға қарай  өзбек қоғамы бұқаралық ақпарат құралдары әлжуаз, адам құқықтары құрметтелмейтін, демократиялық құндылықтар бағаланбайтын, билігі халқымен санаспайтын жабық қоғамға айналды. Мұндай елде халық – биліктің қайнар көзі болып табылмайды.

Кезектегі парламент сессиясы ашылатын  күннің қарсаңы. Әдетте Өзбекстан президенті И. Каримов Парламент сессиясы жұмысының бірінші күніне қатысып, түс кезінде журналистермен кездесетін. Сол кездесуге қоятын сауалымды дайындадым. Сөйтіп президентпен болған кездесуде: «Президент мырза! Ел Сіз жүргізіп жатқан реформалардың мән-мазмұнын түсініп, нәтижесі мен игілігін әлі көре қойған жоқ. Мұнда халық биліктің қайнар көзі ретінде сол билікке ықпал ету мүмкіндігіне ие емес. Сіз аптасына бір рет шығып, халыққа ішкі және сыртқы саясатыңыз жайлы ақпарат беріп тұруға   қалай қарайсыз?» - деп сұрадым. Президент менің бұл сауалыма қатты ашуланып, 40 минутқа жуық жауап берді. Президенттің мен қатысқан баспасөз маслихаттарындағы ең ұзақ жауап берген сауалы осы болса керек. Өз жауабында Исекең: «Мен әрбір сөйлейтін сөзімді өзім жазамын, көмекшілерімнің жазғанын да қайта өңдеймін, сөйтіп өзгертілген мәтін қайта жазылғандай сипатқа енеді. Мен Америка немесе Грузия президенттері сияқты апта сайын шығып, әрбір мәселе бойынша пікір білдіріп отыруға қажеттілік жоқ деп санаймын» деп бір қайырды. Президент әңгімені әрі қарай өрбітіп, бір кезде маған қарап, «Кеше менің қайын енем телефон соғып, «сені өлім төсегінде жатыр» деген әңгімелер айтылып жатыр, ден-саулығың қандай?» деп сұрады» деді. Мен теледидардан жиі көрінбегенге ел ішінде мені науқас деп ойлайтындар болса керек. «Сен теледидардан көрінбейсің» деп, менің денсаулығыма меңзеп отырсың ба? Мен сенің Назарбаевың сияқты шаңғы тепкенімді, теннис ойнағанымды теледидардан күнде көрсетуді қаламаймын. Мен теннис ойнағанда екі рет поло (футболка)  ауыстырамын. Мүмкін, мен де сол жаттығуларыма журналистерді шақырып тұруым керек шығар» деді. Менің сауалыма берген жауабында президент басқа да көптеген тақырыптарды қаузады. Негізгісі -  жоғарыда келтірілген екі тезис: апта сайын ұлтқа жолдау арнап, әрбір мәселе бойынша президенттің пікір білдіруіне қажеттілік жоқ деген пікір, ал екіншісі – сен менің денсаулығыма байланысты орынсыз әңгіме айтып, «не деп көкіп отырсың» деген наразылыққа толы, ыза кернеген сарын болды. «Азаттық» радиосы Каримовтың жауабын дерлік толығымен эфирге берді. Президенттің сол пресс-конференциясынан кейін Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі менің аккредитациямды, яғни шет елдің тілшісі ретінде ресми шараларға қатысуға және елде еркін жұмыс істеуге рұқсат беретін куәлігімнің күшін жойды. Президентке сауал қоямын деген күні көп ойландым. Сол кезде парламенттік сайлауға қатысуды жоспарлап жүргенмін. «Егер парламенттік сайлауға қатыссам, мұндай сауал аяғыма тұсау болады-ау» деп те ойладым. Бірақ бұл тоғышар есептен «Ұлыққа бұл сөзді мен айтпасам кім айтады?» деген ой басым келді.

- Халықаралық журналистиканың өкілі ретінде кімдермен сұхбаттас болдыңыз, қандай сауалдарыңыз жадыңызда қалды?

- АҚШ-тың Ирак пен Ауғаныстанға қарсы соғыс жүргізіп жатқан кезі. Ташкенттің «Интерконтиненталь» қонақүйінде АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд пресс-конференция өтізіп жатыр. Кезек алып: «Рамсфельд мырза! БҰҰ-ның арнайы комиссиясы Ирактан жаппай қырып-жою қаруын таппады. Себебі онда мұндай қару ешқашан болмаған. АҚШ-тың қорғаныс министрі ретінде жазықсыз қырылған мыңдаған құрбандар үшін өзіңізді айыпты санайсыз ба, сізді ар азабы қинайды ма?» деп сұрадым. Әрине, бұл – Дональд Рамсфельд күтпеген сауал еді. АҚШ қорғаныс министрінің жауабы мардымсыз болды. Себебі Ирак пен Ауғанстанның халқын айыпсыз қырып жатқан Американың айтар уәжі жоқ еді. Рамсфельд мырза: «АҚШ - адам құқықтарын жоғары бағалайтын ел, Америка демократияның әлемдік деңгейде дамуына мүдделі, демократия – қауіпсіздік кепілі» деген мазмұндағы жалған риторикамен шектелді.  

- Қазақстан басшысымен кездескен кездеріңіз болды ма?

- Би-Би-Си-дің тілшісі ретінде мен Қазақстанның көптеген ірі шараларына қатысып тұратынмын. Ел үшін пайдалы болған бір саммит жайлы айта кетейін. 2001 жылы желтоқсанда Ташкентте Орталық Азия елдері басшыларының Саммиті, ал соңынан баспасөз маслихаты өтті. Өз сауалымда Өзбекстанда тұратын 1,5 миллион қазақ қауымы үшін ҚазМУ-дың, ал Қазақстандағы өзбектер үшін – ТашМУ-дың филиалдарын ашу мүмкіндігі жайлы сұрадым. Сауалға жауап бере келе, Назарбаев:  «Университет ашу мәселесін сауал емес, ұсыныс деп қабылдаймын, Ислам Абдуганиевич, Ташкентте Өзбек-қазақ университетін, ал Шымкентте – Қазақ-өзбек университетін ашуға бізге кедергі болатын ештеңе жоқ деп ойлаймын» - деді. Сол саммиттен соң іле-шала өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының отырысында президент Назарбаев: «Ташкенттегі саммитте Шымкенттен қазақ-өзбек университетін ашу жайлы жақсы ұсыныс жасалды. Шымкенттегі университеттердің бірі қазақ-өзбек университеті болып қайта құрылсын» деген тапсырма берді. Осылай Шымқалада Әбдімұса Қуатбековтың басшылығында Қазақ-өзбек университеті ашылды.

Меніңше, журналистің біліктілігі оның қойған сауалдарынан байқалады. Арабтарда «Дұрыс сауал – жақсы жауаптың жартысы» деген сөз бар. Өз басым бұл мақалда әріптестеріміз үшін үлкен хикмет бар деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Бекбол Қалдыбек


Думан Рамазан: «Дүбірлетіп келе жатқан қаракерді байқай алмай жүрмін»
Асқар Ниязов: «Сайрам-Өгемде аңдарды бақылап отыратын үш мұнара орнатылды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу