Ақниет Көрікбаев, сәулетші: «Қолдау таппаған талантты жастар кетіп жатыр»

Oinet.kz 02-07-2019 955

Screenshot_13.jpg

Ақниет Көрікбаев, сәулетші

-          Қазақ сәулетшісінің шетелде жоба жасауы біз үлкен мақтаныш десе де болады. Алдымен Тәжікстанда жасаған  жобаң туралы айта өтсең...

-          Тәжік елінде бір жылдай жұмыс істедім. Кішігірім жобалармен айналыстым. Кейіннен кәсібилігіме сенім артқан тәжіктің лауазымды бір азаматынан тиімді ұсыныс түсті. Ол маған жалпы халыққа арналған үлкен спорттық-сауықтыру кешенін салуды ойлап жүргенін айтты. Ұсынысты қабыл алғасын бірден іске кірісіп кеттім. Кешеннің жобасы әзір болғасын таныстырып шықтым. Ол кісіге жобам қатты ұнады. Яғни, көп қабатты ғимаратта қонақ үйден бастап спорттық кешендер, түрлі массаж қабылдайтын орын, әр түрлі елдің моншасы, дәмхана, мейрамхана, сауда орындары секілді халыққа қызмет ететін орындар орналасқан. Бір сөзбен айтқанда келушілердің көңілін көтеріп, ем қабылдайтын және басқа да қызмет түрлерін көрсететін сәулеті көз тартатын, заманауи кешен болмақ. Дағдарысқа байланысты ғимараттың құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.

-          Басқа қай мемлекет, қаланың архитектурасына үлес қостың?

-          Дубай қаласы, Англия секілді елдерге ірі жобалар жасауға шақырту алған болатынмын. Алайда, уақытымның тығыздығынан бара алмадым. Оның үстіне 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне біраз дүниелер дайындаған едім. Қазіргі таңда туған қалам Шымкенттің көркеюіне атсалысып жүрмін.

-          Шетелдіктермен тығыз жұмыс жасауыңа не себеп болды?

-          «Айтқанның аузы жаман» болса да айтайын, біздің елде сәулетші ретінде қабілетіңді көрсетіп, өсуге мүмкіндік берілмеген. Құрылыс саласында сәулетші, дизайнердің жұмысы өз деңгейінде бағаланбайды. Сенің қабілетің, еңбегің еленіп, ескерілмеген соң, маман ретінде қабылдамаған соң жұмысқа деген құлшынысың болмайды. Біздің азаматтар мына бір жәйтті түсінбейді. Кез-келген бизнестің бастамасы ол жақсы дизайн мен жоба. Мейлі ол дүкен, кафе болсын ғимараттың сыртқы келбеті адамды бір көргеннен өзіне тартып, шақырып тұруы қажет. Сондай-ақ, ғимараттың табалдырығын аттаған сәттен бастап интерьер адамдардың таңданысын, қызығушылығын оятуы керек. Ал оның барлығын ұйымдастырып, жүзеге асыратын, әрине біздер. Қазақстанда «алтын қолды» небір талантты сәулетшілер бар. Өкінішке қарай, осындай білікті азаматтарымыз тұрғанда жерлестеріміз қыруар қаржы беріп маманды сонау шетелден шақыртып жатады. Елімізде сұраныс болмағасын осылайша талантты жас мамандар жан-жаққа кетіп қалып жатыр. Мәселен, небір керемет жобаларды  Малайзияда «дүниеге әкеліп» жүрген қазақ жігітін білемін. Осы секілді жас мамандарға өз елімізде қолдау көбірек көрсетілсе өзгелер «сырға салып қоймас» еді.

-          «Болар бала жасынан» деген. Сәулетші болуға бала жасыңнан құмарттың ба?

-          Анамның айтуы бойынша бала күнімде құм, топырақты үйіп, қорған, үй тұрғызуға «шебер» болыппын. Бала қандай кәсіпке икемді болса сол бағытқа баулу ата-ананың міндеті емес пе? Қабілетімді көрген олар жастайымнан құлағыма «өскенде архитектор боласың» деп құйып келді. Сол санамда жатталып қалған болуы керек, алдыма сәулетші боламын деген мақсат қойдым. Ең алғаш жасаған жобам әлі есімде. Ол өзімнің үйім еді. Талпынған адам әрдайым мұратқа жетеді. Мектепті бітірген соң жүрек қалаған мамандығыма оқуға түсіп, бүгінде зәулім ғимараттардың бой көтеруіне септігімді тигізіп жүрген жайым бар.

-          Шымқаладағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде шәкірттерге дәріс беріп жүрсің. Өкшеңді басып келе жатқан студенттердің талабына қандай баға бересің?

-          Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты жастар да сондай әрқилы. Талпыныстары, мақсаттары биік деп айта аламын. Алайда жоғарыда айтып өткенімдей аға буынның тарапынан жастарға қолдаудың көрсетілмеуінен мамандар орта жолда қалып қояды. Негізі маман даярлауда біз көптеген қателіктерге жол берудеміз. Қазір барлық жұмыс компьютерге тәуелді. Жас архитектор, дизайнерлер көптеген бағдарламаларды меңгеруі қажет. Онсыз ертеңгі күні саусағының ұшын да қимылдата алмайды. Ал осы бағдарламаларды көп оқытушылар білмейді. Неше жыл ұстаздық еткен профессорлардың еңбегін еш еткім келмейді, бірақ ашығын айтқанда олар аудиторияға келіп студенттерге бір-екі ауыз лекцияларын оқып кете береді. Яғни, бағдарламаларды өздері түсінбейді. Керісінше егер сол қиын бағдарламаларды меңгерген жас оқытушыларға көбірек сағат беріп, жастарға үйретуге мүмкіндік жасалса сауатсыз мамандар пайда болмас еді. Оқуды бітіріп өзіне жұмыс іздеген жас түлек бағдарламаны білмегеннің кесірінен жұмысқа орналаса алмай қиналады. Ақырында өзге салаға кетуге мәжбүр болады. Басқа қалаларды айтпағанның өзінде Шымкентте жылына жүздеген архитектор, дизайнерлер диплом алып шығады. Оларға сұраныс болмағасын басқа саланың етегінен ұстап кете барады. Айтпағым, жас мамандардың қолтығынан демеп жіберсек ертеңгі күні өз еліне пайдасын тигізері сөзсіз.

-          Алдағы жоспарыңмен бөліссең?

-          Шымкент қаласында дизайн студия ашқым келеді. Әзірге тұрғындар дизайнердің жұмысын толыққанды түсіне алмай жүр. Дегенмен халықтың сауаты артып, көзқарастары өзгеріп келеді. Сондай-ақ, қаламыз да тоқтаусыз дамуда. Сондықтан алдағы уақытта адамдар студияның мамандарына көбірек жүгінетін шығар деген ойдамын.

Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №21, 2 маусым 2016 жыл  

Назгүл Қарабалина: «Разборканың» ортасында жүрдім»
Алхатай Ошақбаев: «Құрт ауруы қазақтарға сырттан келген»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу