Оңалбай Аяшев: «Тілді үйренуден қорқақтап, қашқақтаудың жөн-жосығы жоқ»

Oinet.kz 09-08-2016 1204

Screenshot_15.jpg

Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының  ректоры 

–Соңғы кезде білім беру саласына енгізілетін өзгерістерге оқу орындары қаншалықты дайын? Тіл, пән мамандары жеткілікті ме? Пәндерді ағылшын тілінде оқу балаларға қиындық тудырмайды ма, қалай ойлайсыз?

–Білім беру жүйесінде жүргізіліп келе жатқан реформалар 2000 жылдардан бастау алады. Бұл – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Заман сұранысына сай ол реформалар өз жемісін беріп келеді. Халыққа білім беру саласында істеліп жатқанның бәрі сайып келгенде бала үшін емес, мемлекет мүддесі үшін екенін әрбіріміз ұғынуға тиістіміз. Сіздің «Ағылшын тілінде оқу балаларға қиындық тудырмайды ма?» деген сұрағыңыз менің есіме қазақ даласын аралап тамсанған поляк ғалымы, этногроф Адольф Янушкевичтің сөзін түсіріп отыр: «...Қазақтың ойлау қабілетінің кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсінеді. Тіпті баларының ақылы ерте толысады». Бұл сонау қазақ қара танымайды деген ХІХ ғасырда айтылған пікір. Түйенің қомында, малдың соңында жүріп-ақ жұртты таңқалдырған қазақ баласы жаһандану заманында өзінің ерек ой-өрісімен әлемді мойындатып жүрген бүгінгі күнде ағылшын тілінде оқып білім алу қиынға соқпайтынына сенімдімін. 

Жаһандану қанат жайған бүгінгі таңда көптілділік және көптілді білім беру, соның нәтижесінде көптілді тұлға қалыптастыру – әлем елдерінде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың, соның ішінде тіл саясаты мен білім беру үдерісінің маңызды тармағы. Институтта үш тілде  оқытуды жетілдіруде қомақты іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асуда. Жалпы үш тілді еркін меңгерген студенттер саны күндізгі бөлім студенттерінің 50 пайызын құрайды. Бұл, әрине, үлкен жетістік емес, алайда жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшудің алғашқы бастамалары. Студенттердің тілдік білімдерін жетілдіру мақсатында ағылшын және орыс, қазақ тілдерінен жыл бойы тегін курстар жүргізіледі. Осы курстарға сабақ берген оқытушылардың пікірлеріне сүйенсек, институт студенттерінің тіл білуге деген ынтасы артқан. Бүгінгі уақыт талабы бойынша қазіргі әрбір студент қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, ойлай алатын, өзін-өзі әлеуметтік  және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге, ізденуге қабілетті тұлға болуы тиіс. Институтымызда үштілдік білім беруде академиялық ұтқырлық бойынша  студенттер шетелге, оның ішінде Германия, Латвия, Болгария мемлекеттеріне барып, бір семестр оқып, білімдерін жетілдіріп келді. Биылғы жылы «Химия», «Информатика»  мамандықтарының көптілді тобының  студенттері  диплом жұмыстарын ағылшын тілінде жазып, қорғады. Ағылшын тілін еркін білетін мамандықтың пән оқытушылары жеткілікті деп айта алмаймын. Бірақ бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Информатика, химия, биология, физика мамандықтарына сабақ беретін оқытушы-профессорлар құрамына ағылшын тілін білу міндеттеліп отыр.

Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу – осыдан 15 жыл бұрын Елбасы тапсырмасына сәйкес жүргізіліп келе жатқан реформаның қорытындылар тұсы. Және ағылышын тілінде оқыту дәл қазірден бастап енгізілейін деп жатқан жоқ. 2019 жылдан бастап физика, химия, биология, информатика пәндері ғана жоғары сыныптарда ағылшын тілінде өтпек. Енді есептеңіз, қазір 2-курста білім алып жатқан студент 2019-2020 оқу жылында мектепке жас маман болып қабылданбақ екен. Ал екі жылда ағылшын тілін меңгеру бүгінгі жастарға қиынға соқпасы анық. Біздің жастарымыз өте қабілетті, жаңа заманға икемді. Сіз бен бізден әлдеқайда ақылдырақ. Оған өзім күн сайын көз жеткізіп жүрмін. Олардың тіл үйренуге деген құштарлықтары мен қабілеттері кейде мені таң қалдырады.  Өскелең ұрпақтың есте сақтау қабілетін жетілдіре отырып еркін сөйлеуге, өз ойын айту дәрежесіне жеткізе алатындай қалыптасуы үшін үш тілде яғни, ағылшын, орыс, қазақ тілінде оқытуда жаңа технологиялар қолға алынды.  Үш тілде білім беретін мектептер саны да артып келеді. Оған сала министрлігінің арнайы қаржы бөліп биылғы оқу жылынан бастап аталған 4 мамандық студенттерін жаппай тегін ағылшын тілі курстарында оқытатынын қосыңыз. Сондай-ақ, 2019 жылға дейін жылда қазіргі мектеп мұғалімдерінің кем дегенде үштен бір бөлігі ағылшын тілін үйренуге деген ұмтылыстары ақталып жатса, демек 3 жылдан соң физика, химия, биология, химия, информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізуде мәселе туындамасы анық. 

Еліміздің бас ұстазы, Ерлан Сағадиевтің сөзімен айтар болсақ, білімнің қайнар көзінің 95 пайызы  ағылшын тілінде. Жыл сайын әлемде жарық көретін кітаптардың жарты миллионнан астамы ағылшын тілінде жарық көрсе, қазақ тілінде бар болғаны 1000-нан аса кітап шығады екен. Бұл дегеніміз, ағылшын тілін білген бала білім мен ғылымының қос қанатын қатар ала жүріп, бәсекелестік алаңында еркіндікке ие болады.  Тілді үйренуден қорқақтап, қашқақтаудың жөн-жосығы жоқ.

– Осы орайда тағы бір сұрақ, Білім және ғылым министрі ағылшын тілін төрт жыл үйренген баланың сайрап шығатыны мен жиырма жыл бойы қазақша сөйлете алмай отырғанымызды тілге тиек ете отырып, қазақ тілін үйретудің әдістемесін сынға алды. Сіздің ойыңызша, мәселе неде? Әдістемеде ме, жоқ тілді үйренуге деген құлықтың жоқтығынан ба?

–Тілді үйренудің негізі мектептен басталады. Мектеп – ұлттың тұтастығын сақтаудың негізгі ошағы. Тілді үйренуге қаржы да, түрлі әдістемелік нұсқаулар мен кітаптар да көмектесе алмауы мүмкін, егер де үйренушіде ең бастысы талпыныс болмаса! Осы ұмтылыстың жоқтығы біздің көркем өрнекті ана тілімізді үйренушілердің «бағын байлап жүр». Тілді меңгертумен қатар оны қолдануды отбасы тәрбиесінен бастап, балабақша, мектеп қабырғасындағы ұстаздар тәлімі үйретеді. Әрбір бала өз ана тілін бесіктен, балабақшадан меңгергені дұрыс. Бұл талқылауға жатпайды. Бауыржан Момышұлының «ана тілінде ертегі айта алмайтын әжелерден, бесік жырын білмейтін келіндерден қорқамын» деуі тегін емес. Мемлекеттік тілдің дамуы үшін жасалып жатқан арнайы Заң да, түрлі бағдарламалар да жеткілікті. Қазақ тілін үйретуге бағытталған түрлі әдістемелер де баршылық. Бірақ солардың сапасын сараптамадан өткізу, заманауи талаптарға сәйкестендіру, озық әдістемені тарату жағы кемшін. Әрине, тіл үйрену, үйренбеу мәселесі бір сөзбен, бір әрекетпен шешілетін проблема емес. Оған кешенді түрде қарап, мемлекет тарапынан оңтайлы шешу тетіктері қарастырылғаны жөн.  

– Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келесіз. Яғни, бұл салаға қатысты пікірлермен де жақсы таныссыз. Мысалы, «бұрынғы кездегі білім мен ғылымның сапасы да, деңгейі де жақсы еді. Көзқарас та ерекше, талап та та күшті болды. Бүгінгідей пікір қайшылықтарын тудыратын реформасы да жоқ еді. Қазіргі білім мен ғылым бетімен кетті» деген пікірлер де бар немесе  «жоқ, қазіргі реформалар жақсы жолға бастап жатыр, бұрын тым жалпылама еді», – дейтіндер де аз емес. Осы салада тәжірибесі мол ұстаз, басшы ретінде жоғарыдағы пікірлерге қатысты не айтар едіңіз?

– Бұрынғы білім мен ғылым жүйесіне, ондағы реформаларға топырақ шаша алмаймын. Өзіміз кеңестік жүйе бойынша білім алып, ғылыммен айналыстық. Сөз жоқ, барлық ғылым атаулының берік іргетасы, әдіснамалық негізі кеңес заманында жүйелі, жоспарлы түрде жасалды. Алайда, заман алға жылжыған сайын ғылым мен білімге деген талап та күшейді, бәсекелестік артты. Сол себепті де нарық заманындағы бәсекеге қабілетті болу үшін бұрынғыны көксеп, ауызды құр шөппен сүртіп қарап отыруға болмайды, жаңа халықаралық стандарттарға негізделген білім жүйесін жаңаша құру, соған сәйкес өзгерістерге бейімделу керек. Қазіргі реформаларға оң көзбен қараймын, бірақ әлі де болса жүзеге асыру тетіктерін, мерзімін егжей-тегжейлі ойластырған жөн деп есептеймін.

- Пікір демекші, қазақ мектептерінде білім сапасы төмен деген сөздің айтылып жүргеніне қаншама жыл болды, келісесіз бе? Білім сапасы мұғалімдерге де тікелей байланысты екені мәлім. Ұстаз атаулыны көрсе бас киімін алып сәлемдесетін, ойын баласы ретінде көрінбеуге тырысатын, мұғалімін құрметтеп үлгі тұтатындардың бірі болдық кезінде. Яғни, мұғалімдердің мәртебесі жоғары болатын. Қазір олай дей алмаймыз. Ұлы Абай «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», -дейді. Мұғалім мәртебесінің төмендеуіне кімді кіналаймыз және осы олқылықты түзеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

–Мектептің беделін биіктету үшін мұғалімдікті бірінші жоғары деңгейдегі мамандық дәрежесіне көтеру қажет. Ол үшін ұстазға деген қамқорлықты күшейтіп, жалақысын ғана емес, қоғамдағы мәртебесін көтеріп, айрықша жағдай жасалуы шарт. Мектеп мұғалімдерінің білім деңгейінің жоғары болуы – сол мектептің ғана емес бүкіл ұлттың абыройы.  

Шет мемлекеттерде ең беделді мамандықтардың қатарында саналатын ұстаздық біздің елімізде әлі де болса әділ бағаланбайтын кәсіп болып табылады. Бұған түрлі себептер бар. Әлеуметтік жағдайдың орта болуы, яғни, жалақының аздығы, жұмысқа орналасу барысындағы түрлі кедергілер, осы саладағы парақорлық, ата-ана мен бала, ұстаз арасындағы байланыстың әлеуметтік статусқа тікелей бағыныштылығы, қоғамдағы мұғалімнің беделінің төмен болуы.  М.Әуезовтің «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деген қанатты сөзін «Ел боламын десең, мектебіңді түзе» деп айту орынды. Жаны бар сөз. Себебі мектепте біздің болашағымыз, ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, еліміздің тізгінін ұстайтын ұрпақ оқып, білім алуда. Мектептің халі түзелмей – қоғамның жағдайы жақсара қояды деу қисынсыз. Мектеп пен мұғалімге жасалған жағдайды ұлттың болашағына деген қамқорлық  деп ұққан жөн. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз сақталған   тұрақты  мемлекет болудың алғышарты тәрбиеде дейтін болсақ, сол тәрбие ошағы – мектеп. Ұлт болып сақталу үшін мектептің, ұстаздың қоғамдағы мәртебесін көтеріп, оларды ұлықтауымыз шарт. Мектеп мұғалімін біз біріншіден осы мамандықты таңдап алғаны үшін құрметтеуіміз керек. Ұстаздық мамандықты таңдаған шәкіртке жасалған қамқорлық болашақ мұғалімге көрсетілер құрметтің басы деп есептеймін.

Әлемнің екінші ұстазы Әл- Фараби бабамыз: «Адам да гүл сияқты жақсы күтіп, баптап тәрбиелемесе қурап қалады» — деген. Бұл қанатты сөз мектеп мұғаліміне тікелей байланысты. Ұстаздық – ең ізденімпаз мамандық. Ал, отбасының тірлігімен, қат-қабат қағаздан аса алмайтын, айлығы шайлығына жетпейтін  ұстаздарымыздың жағдайын жасамастан олардын үлкен нәтиже күту қаншалықты ұтымды?! Яғни, нарық заманында еңбек сәнді болмай өмір мәнді болмайтынын ұғынатын кез әлдеқашан жеткен жоқ па?! Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Сондықтан бұл істі ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды. Ұстаздарымыздың ұлағаты жоғалмасын, ұлтымыздың рухы әлсіремесін, ұяты кемімесін, ұлылығы артсын десек бұл істі қоғам болып жаңаша қолға алу қажет. Өткенге көз жіберіп қарайтын болсақ, елдің ертеңін тәрбиелеген ұлы тұлғалар кешегі қоғамның ең зиялысы еді. Бүгінде мектепке, ұстазға қатысты сын айтуда бұқаралық ақпарат құралдары еркінсіп кеткен. 

 «Қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген пікірмен келіспеймін. Қазақ мектептерінде-ақ білім алып, әлемге танылып жатқан азаматтар жеткілікті. Мәселе мектепте емес, білім беруші ұстаз бен білім алушы шәкірттің талабы мен талантында. 

Сұхбаттасқан Ғ. Қамытбекұлы 

Зәуре Оралбаева: «Тілшілерге ынтымақ жетіспейді»
Жұмабек Сапаров: «Жылы сөз - жарты терапия»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу