Су – қысым жасау құралы

Oinet.kz 14-05-2025 39

Үндістан Пәкістанға аздап су бере бастады. Екі ел оқ атпау режимін енгізгеннен кейін осындай шешім қабылданған. Сарапшылар ядролық қаруға ие көрші қос мемлекет енді толық тіл табысуы мүмкін деп есептейді. 

Еске сала кетейік, Үндістан 7 мамырда Кашмирдің Пәкістан жағындағы бөлігі мен басқа нысандарға шабуыл жасаған болатын. Нью-Дели бұл жерлерде 22 сәуірде үндінің ПахалгАм қаласындағы туристерді өлтірді деген күдікке ілінген қарулы топ бекінген дейді. Осыдан кейін Пәкістан қарымта қайтарып, ондаған бейбіт тұрғынды жер жастандырды. Үндістан Пәкістанмен шекаралас Чинаб өзеніндегі бөгеттің бір қақпасын ашты. Лаңкестік шабуылға байланысты Нью-Дели 4 мамырда су беруді тоқтатып, екіжақты келісімді бұзған болатын. Пәкістан бөгет толық ашылады деп сенеді. «Суды ортақ пайдалану, Кашмирдегі жағдай мен басқа да даулы мәселелер әділ түрде бейбіт келіссөздер арқылы шешіледі деп сенеміз»,– деді Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф. Чинаб су алабын бірлесіп пайдалану туралы келісім бар. Оған 2 ел Дүниежүзілік банктің арағайындығының арқасында 1960 жылы қол қойған. Мәміледе Инд өзенінің шығыстағы салаларына Үндістан, ал батыс тармақтарына Пәкістан иелік етеді деп бекітілді. Сарапшылар осылай суға қатысты дауға нүкте қойылды деп есептеген еді. Бірақ қазір Үндістан аталған келісімді Пәкістанға қысым жасау құралы ретінде пайдаланып отыр. Халықаралық қатынастардың корольдік институтының ғылыми қызметкері Чьетидж Баджпаи саяси және геосаяси қақтығыстар кезінде суды басқару тұрақтылығы сақталады деген идея болғанын айтады. 1965, 1971 және 1999 жылдары, сондай-ақ кейінгі 20 жылда суға қатысты бірнеше жанжал туындады. Сарапшының айтуынша, бөгеттің бір қақпасының ашылғаны екі ел арасындағы шиеленісті жағдайды едәуір тұрақтандырды. Бірақ бұл су дағдарысын шешу үшін әлі де жеткіліксіз. Сондықтан мамандар әліптің артын бағып отыр.

Медбике мамандығына сұраныс артады
Партия тарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу