Арман Жетпісбаевтың соттасудан қолы босамай жатыр

Oinet.kz 06-11-2009 1100

Screenshot_14.png

Шынын айту керек, Шымкентте ішің пыспайды. Барлық жаңалық, ақпарат, қызықты жәйттердің бәрі осы Шым-қалада. Күні кеше Шымкент қаласында жылыту маусымы тағы да кейінге ысырылды. Ойпырмай, қаланың қазандығынан жылт еткен отты көру бір арманға айналды ғой. Қанша дегенмен күздің ауа-райы алдамшы, күндіз үйден дала жылы, кешке бір бөлмеге тығылып отырғаның сол... Бірақ, бәріміз пендеміз ғой. Шымкенттіктер соңғы кездері оттың әңгімесін емес, соттың әңгімесін жиі айтатын болып жүр. Қазір кім кіммен соттаспай жатыр дейсіз. Бұрын бір-бірімен қас адамдар соттасушы еді, қазір дос адамдар соттасатын болды ғой. Сол қаптаған соттың ішінде дәу портфелін арқалап Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев та жүр. Бір жағы «қайтсін енді, Арман Жетпісбаевтың от жағуға соттан қолы тимей жатыр ғой» деп қояды шымкенттіктер. «Қала әкімі қызметінен кетсін» деген атышулы мәлімдеме жасаған қоғамдық ұйым өкілдері Камалиддин Дулатов, Садридин Қуат пен Есебалы Әлиевті  сотқа беріп, өзінен кешірім сұратқан Жетпісбаев енді «Ел бірлігі үшін» қорының белсенділеріне шүйлікті. 

Газетіміздің өткен сандарының бірінде  Жетпісбаевқа қарсы құрылған Дулатов-Қуат-Әлиев  «триосы» түк те тындыра алмай тарап кетіп,  оның орнын Дулатов-Мұхамбетжан «дуэті» алмастырғанын жазғанбыз.  Қала әкімін қызметінен кетірмейінше тыным таппайтындай болып көрінген бұл сабаздар соттың алғашқы отырысында-ақ сөздерінен тайқып шығып, кешірім сұрай жөнелген.  Әуелі Жетпісбаевтың алдына жығылып кешірім сұрап,  артынша қайтадан «қаһарына» мінген Камалиддин Дулатов идеялас әріптесі Мұхтар Мұхамеджанды енді жалғыз қалдырмайтынына журналистерді де, Мұхамеджанның өзін де сендіріп баққан. Тіпті, сол үшін арнайы баспасөз мәжілісін де өткізді.  Қу заман-ай десеңші, содан бергі санаулы  аптаның ішінде бұл дуэттің де құрамы 50 пайызға жаңарып үлгерді. Уақыттың сынынан өте алмай,  «сүрінген» Дулатовтың орнын Мұхамеджанның  кезекті сенімді әріптесі, «Ел бірлігі үшін» қорының төрағасы Көпжан Бақбергенов басыпты.

Міне, Арекең осы екеуінің үстінен  шағым түсіріп, «жала жапты» деген айыппен жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.

Жетпісбаевтың талап-арызы бойынша сот отырысы басталмай жатып-ақ үзіліс жарияланды. Айыпталушылар судья Шара Бисембиеваға сенімсіздік білдіріп, сот отырысын басқа судьяның жүргізуін талап етті. Онысын Мұхамеджанның өзі былайша түсіндіреді:

- Бұған дейін қала әкімінің талап-арызына қатысты өткен сот отырысында айыпталушылар мен жайлы «Мұхамеджан бізді азғырды, үндеуге қолымызды зорлап қойғызды» деп қанша рет қаралағанына қарамастан Бисембиева мені бір рет те куәгер ретінде сотқа шақырған жоқ. Әйтпесе, бұл мәселеде менің  де айтарым бар еді ғой. Яғни, сотқа қатыспасам да ол мені кінәлі етті. Ендеше оған қалайша осы істі жүргізуге сенім білдіремін?

Дегенмен, айыпталушылардың талабы орындалмай, сот отырысын Бисембиева жүргізе беретін болып шешілді. Қала әкімінің қорғаушылары бұл жолы дәйек ретінде республикалық «Время» мен «Литер» газеттерінде жарық көрген мақалаларға сүйеніп отыр.

- «Мен қауіпті адаммын» деп аталатын мақалада Мұхтар Мұхамеджан үндеудің авторы екенін мойындап, қала әкімі жөнінде мынадай мәліметтер келтірген: «Жетпісбаевтың фирмалары 2008 жылы 7 миллиард 800 милион теңгеге тендерлерді ұтып алған. Облыстық филармонияның да құрылысын, облыстық аурухана мен Жастар сарайының жөндеу жұмыстарының тендерлерін ұтқан, -  дейді Жетпісбаевтың адвокаты әрі сенімді өкілі Айгүл Оңласын. 

Ал, бұған Мұхамеджан мырза не дейді? Оның берген жауабы мынадай:

- «Времядағы» сұхбаттың жартысы өтірік. «Мен қауіпті адаммын» деп айтпағанмын, «Нұрғали Әшімов мені «лақтырды» деген сөз де аузымнан шықпаған, қайта ол кісіге рахмет айтқанмын. 7 миллиард 800 миллион теңгеге қатысты мәлімет те жалған. Мен ондай ештеңені айтқаным жоқ. Қысқасы, «Время» газетінде мені сотқа беретіндей ештеңе жоқ. Мұның барлығы жай әншейін «тисе терекке, тимесе бұтақтың» кері.

Көпжан Бақбергеновтың мәселесіне келсек, оған «қала әкімі қызметінен кетсін» деген үндеуге қол қойған деген айып тағылып отыр. Өз кезегінде  Мұхтар Мұхамеджан мырза да қарап жатпай,  қала әкімінің үстінен  қарсы шағым дайындап отырғанын  жасырмады.

- Жуырда ғана қолымызға әділет басқармасынан  бірнеше кәсіпорындардың құжаттамасы түсті. Ондағы үш фирмаға Жетпісбаевтың туысқандарының, атап айтқанда, анасы мен інілерінің қатысы бары көрсетілген. Алайда, осыған байланысты біздің сұрауларымызға облыстық әкімдіктегілер жауап бермей жатыр. Келесі сот отырысында Жетпісбаевтың үстінен қарсы шағым түсіреміз, - деп мәлімдеді Мұхтар Мұхамеджан.

Бұл сот процесінің қалай аяқталары белгісіз. Шынында кім қауіпті адам? Жалпы алғанда «қауіпті» деген сөздің астарында не жатыр? Мұхтар Мұхамеджанның қарсы шағым дайындап жатқанына қарағанда бұл дау әлі біразға дейін, бәлкім жылыту маусымы біткенге дейін созылатын шығар.


Жандар Наурызбайұлы,

"Рейтинг" газеті №39, 6 қараша 2009 жыл

Дарын қаладағы баланыңкі, даладағы баланыңкі болып бөлінбейді
Шымкенттегі Қасіреттің қасында тойхана тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу