Кейіпкер жазушының бағы ма, соры ма?

Oinet.kz 20-05-2022 1393

Ықылым заманнан бері көркем әдебиет арқылы адамзат тарихты, әр кезеңнің елеулі оқиғаларын оқып, біліп келеді. Жазушы туындының мазмұнын, айтар ойын кейіпкер арқылы беріп отырады. Кейіпкер – жазушының оқырманмен байланыстыратын басты құралы.   Шығарманың бағы кейіпкердің көркем жазудағы бейнесі мен болмысына, ішкі жан дүниесінің суреттелуіне, мінезіне, шынайылығына байланысты. Әр қаламгердің жазушылық қуаты кейіпкерінен білінеді. Яғни шығармадағы образ – кейбір автордың осал тұсы болса, кейбірінің талантын дәлелдейтін өлшем сынды. Кейіпкердің шын өмірде прототипі болуы да мүмкін яки қаламгердің қиялынан туындауы да мүмкін. 

Screenshot_2.jpg

Әдеби шығармада автор мен кейіпкердің арасында қашықтық сақталуы тиіс деген заңдылық бар. Мұндай талап тіпті автор өзі жайлы баяндайтын автобиография жанрында да сақталуы керек. Автор өз кейіпкеріне жоғарыдан төмен немесе керісінше төменнен жоғары қарауы мүмкін. Кейінгі әдеби туындыларда автормен кейіпкер арасында тепе-теңдік байқалады. Ресейдің атақты жазушысы, публицист Валентин Распутин «Автор өзін кейіпкерден жоғары қоймауы керек және одан өзін тәжірибелі деп санамасын. Туындыны жазу барысында екеуінің арасында тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана қуыршақ емес  нағыз, шынайы кейіпкер туындайды» деген екен. 

Жазушы мен кейіпкерді не байланыстырады? Бұл сұрақтың жауабын Англияның Дарем университетінің ғалымдары  The Guardian газетінің тілшілерімен бірігіп іздеп көріпті. 

Мамандар 181 кәсіби жазушылар арасында сауалнама жүргізген. Зерттеуге қатысқан авторлардың 63 пайызы шығарманы жазу кезінде кейіпкерлерінің даусын ести  алатынын жеткізсе, 15 пайызы кейіпкерлерімен тіпті сөйлескенін айтқан. Бұдан шығатын қорытынды жазушылар қолына қалам алып, қағазға түсірер кезде өзі баяндап отырған оқиғаның ішіне кіріп кеткені соншалықты сол жерде өзі жүргендей және кейіпкерлермен сөйлесіп жүргендей күй кешетін көрінеді. 

«Қызыл күрең түс» (Цвет пурпурный) романының авторы америкалық қаламгер Элис Уокер кейіпкерлерімен сөйлесетінін айтқан.  «Менің бір немесе бірнеше кейіпкерлерім — Селия, Шуг, Альберт, София немесе Харпо — маған келген. Мен қайда жүрсем де олар менімен отырып, сөйлесетін. Өздері сыпайы және көңілді. Менің көңлімді қалдырған жәйт керісінше олардың күлкісін туғызды. Олар маған өздерінің оқиғаларын бастан-аяқ айтып берді» дейді ол.  Жазушының дәл осы сөзі британдық психологтардың жоғарыда аталған зертеуді  жүргізуге түрткі болыпты. 

Жапондық жазушы Харуки Муракамидің кейіпкер туралы пайымы бөлек: «Бұған менің көзіммен қараңыздар: менің егіз ағам бар. Екі жасымда оны бәзбіреулер өте алысқа ұрлап кеткен. Содан бері мен оны көрген емеспін. Менің басты кейіпкерім – егізім деп ойлаймын. Ол менің ішімде секілді. Ол менің баламам. Біздің  ДНК-мыз бірдей, бірақ біздің айналамыз, қоршаған ортамыз бөлек. Сол үшін де біз екі түрлі ойланамыз. Мен кітап жазған сайын өзімді бөтен адамның денесінде отырғандай сезінемін. Себебі кейде өз-өзіңмен болудан шаршайсың. Егер сіздің қиялыңыз болмаса кітап жазудың не қажеті бар». Муракамидің айтып отырғаны жазушы қиялының шексіздігі. 

Әдетте ақын-жазушылар кейіпкерін ақтап алуға тырысады. Бірақ бәрі емес. Өз қиялынан туған кейіпкерінен теріс айналған қаламгерлер де бар.  Мәселен қарапайым дәрігерден өз заманының табысты да атақты жазушысына айналған Артур Конан Дойл детектив жанрының жарқын бейнесіне айналған кейіпкер Шерлок Холмстан «көресіні көрген».   

«Богемиядағы жанжал»  әңгімесі Шерлок туралы хикаяның үшінші кітабы. Негізінде автор бұл кейіпкерден екінші туындының соңында құтылғысы келген екен. Артурдың «сценариі» бойынша шығарманың соңында Шерлок өлуі тиіс болған. Бұл туралы жазушы анасына айтқан кезде Шерлокпен қоштасқысы келмеген анасы «сенің бұған хақың жоқ» деп тыңшыны  «аман алып қалған» екен. Тіпті анасы орнына жаңа бірнеше сюжет ойлап тауыпты. Кейіпкері қаншалықты ығыр болса да шешесінің көңілін қимаған   қаламгер осылайша Шерлок Холмстың қатысуымен тағы бір шытырман шығарманы жазып шығады.  1891 жылы жарық көрген «Холмстың соңғы ісі» деп аталатын циклда автор бәрібір басты кейіпкерден құтылып, бұл көркем туындыға нүкте қояды. Әңгіме соңында детектив қарсыласы профессор Мориартимен бірге Рейхенбах сарқырамасынан  секіріп қайтыс болады.  Мұндай финалды күтпеген оқырмандардың наразылығында шек болмады. Тіпті Холмстың өлгеніне Ұлыбританияның патшайымы Виктория да «қайғырыпты». Жазушы бұл әрекетін көпшілікке былайша түсіндіреді: «Мені жұрт бұл джентльменді өлтірді деп айыптап жатыр. Бірақ бұл кісі өлтіру емес, өзін-өзі қорғану деп айтар едім.Егер мен Холмсты өлтірмесем, күмәнсіз, ол мені өлтірер еді».   

Бәрібір жұрттың даурығуынан кейін Дойл зығырданын қайнатқан Шерлокты қайта тірілтуге мәжбүр болады. 1903 жылы ол «Шерлок Холмстың оралуы» деген атпен әңгімелер жинағын жарыққа шығарады.  Осыдан кейін жазушы  Шерлокты өлтіруге тырысқан жоқ және ол туралы соңғы туындысын қайтыс боларынан 3 жыл бұрын жазып аяқтайды. 

Осылаша Артур Конан Дойл өзі ойлап тапқан кейіпкерінен өле-өлгенше құтыла алмаған.   

Авторы жақтырмаған тағы бір детектив жанрының кейіпкері – Эркюль Пуаро. Сымбатты бельгиялық жігіт әлемге британдық  жазушы Агата Кристидің «Роджер Экройдтің өлімі» романынан кейін танылды. 1926 жылы жария¬ланған шығарма Кристидің жазушылық шеберлігін мойындатқан алғашқы туынды еді. Оқырмандар кейіпкерді жылы қабылдағасын автор Пуароға тағы бірнеше кітабын арнайды. Алайда жаза-жаза Агатаның кейіпкеріне деген сүйіспеншілігі жеккөрініш сезіміне ұласа бастады. Детективші басқа кейіпкерлермен өзге әңгімелерді  жазғысы келгенмен, оқырмандар Эркюльді жібергісі келмеді. Әр романнан кейін кітапсүйер қауым бельгиялық жігіттің жаңа хикаяларын күтті. Кейіпкерінен әбден мезі болған Кристи «Жексұрын, дүрдиген, мыжың біреуді қайдан ғана ойлап таптым екен? Үнемі тіміскіленіп жүреді, өзі мақтаншақ әрі мұртын сипай береді» деп өз кейіпкерінен жерінген кездері де болыпты. 

Қаламгер  1940 жылы жұрттың сөзін елемей «Шымылдық» романында Пуароны «өлтіреді». Қолжазба баспаханаға жетпей-ақ жазушының фанаттары романды жарыққа шығармауын сұранады. Керісінше бельгиялық тыңшы жайлы тағы ондаған шығарма жазуын өтінеді. Халықтың сөзін жерге тастамаған Агата бұл шығарманы 30 жыл үйінде сақтайды. Тек жазушы өмірден өтерден бес ай бұрын «Шымылдық» оқырманның қолына тиген екен. Ал Кристи жек көрген Пуароның өмірі осылайша ұзағынан болған. 

Осыған ұқсас жағдай жазушы Йен Флемингтің де басынан өтіпті. Талай рет экранизацияланған, көпшілікке кеңінен танылған кейіпкер Джеймс Бондқа автор 12 роман және 2 әңгімелер жинағын арнаған. «Агент 007» атанған кейіпкерді автор жақтыра қоймапты. Бондты «қызықсыз, іш пыстырарлық адам» деген. Оқырмандар болса керісінше Ұлыбританияның әскери-теңіз флотының коммандерін ұнатқаны соншалық жазушыға оны өлтіруге мұрша бермеді.  

«Желмен ғайып болғандар» америкалық жазушы, журналист Маргарет Митчеллдің жалғыз романы. Жалғыз болғанмен 100 романға татырлық туынды. Қызба мінезді Скарлетт О’Хараның хикаясы баяндалған шығарма әлі күнге дейін әлемдегі үздік әдеби туындылардың қатарында. Автор романды оқырманның көңілінен шығатынына сенімсіз болыпты. Баспаханаға барып қолжазбасын алып кетпек те болған. Роман басылып шыққасын жазушы аса танымалдылыққа, ал шығармасы  үлкен сұранысқа ие болды.  Дегенмен Митчеллге бұл ұнамаған секілді. Көпшілік оны бас кейіпкер Скарлетпен салыстырғанда автордың ызасы келетін. Сұхбаттарының бірінде ол О’Хараны  жеңіл жүрісті әйел деп, романның сатылымы тоқтағанын көзі тірісінде көруді армандайтынын айтқан. Сондай-ақ «Мен жақсы сөз қимайтын кейіпкерімді ғажап әйел ретінде көрсеткім келген жоқ. Мисс О’Хараның ұлттық қаһарманға айналғанына күлкім келеді» деген сөзі кейіпкерінен жиіркенгенін білдіреді. 

Алан Милн десе көз алдымызға бірден сүйкімді, томпақ қонжық Винни-Пух елестейді. Дәл осы жағдай британдық жазушының кейіпкері Винниді жеккөруіне себепші болған. Жұрт балалар жазушысы деп танитын Милн 25 пьесса,  7 романның авторы. Алайда бір ғана ертегісі оның атын әлемге әйгіледі. Әрине қайдағы бір қонжықтың өзге салмақты шығармаларын «өлтіргені» жазушыға ұнаған жоқ. «Мен балалар кітабын жазуды тоқтаттым, нақтырағы айналып қаштым... Бірақ бәрібір болмады» деген Алан өмір бойы оқырмандарға  шығармашылығында Винни-Пухтан өзге де туындыларының бар екенін дәлелдей алмай кетті. 

Әженің үстінен аттап өтіп кету - ұят па, ұят емес пе?!
Қазақстан әскерінің қауқары қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу