Бабалар аңғары - ғасырлар куәсі

Жер жаннаты Жетісу десек те, оңтүстіктің де көркіне көз тоймайтын, әлі де сыры ашылмаған жұмбақ мекендері жетерлік. Солардың бірі — Түркістан облысы Төлеи ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бауырында, теңіз деңгейінен 2844 метр биіктікте жатқан сырлы мекен — Бабалар аңғары. Бұл жер тек ғажайып флорасымен ғана емес, адамның төзімін сынайтын күрделі соқпақтарымен де ерекшеленеді.
Егер сіз қаланың күйбең тірлігінен қажып, нағыз жабайы табиғатпен бетпе-бет келгіңіз келсе, бұл саяхат сізге ұмытылмас әсер сыйлары анық.
Бабалар аңғарына апарар жол ұлттық парктің негізгі қақпасынан кірген соң, шамамен 3-4 шақырымнан кейін басталады. Осы жерден асфальт жол кілт үзіліп, нағыз шытырман оқиғалы соқпақ алдыңыздан шығады. Халық арасында «Динозавр жотасы» (Хребет Динозавра) аталып кеткен тау сілеміне дейін 3 шақырымдай қашықтық бар. Егер астыңыз биік, таулы жерге арналған көлік болса, бұл аралықты тез еңсеруге болады. Ал егер жаяу шықсаңыз, табиғат сізді алғашқы минуттан бастап-ақ сынай бастайды.

Қаланың жайлы өміріне үйреніп, «ақсаусақ» болып қалған кез келген адам үшін арқаға 15-17 келілік ауыр рюкзакты асып, 15-25 градус қиғаш жолмен жоғары өрлеу — оңай шаруа емес. Бұл аралықты артқа тастап, «Динозавр жотасының» етегіне жеткенше түс болады. Түскі асты ішіп, әбден қуаттанып алған соң, алда одан да үлкен сынақ күтіп тұрады.
Жотаның етегінен жоғары қарай көтерілу — саяхаттың ең қиын бөлігі. Себебі кей жерлерде еңістігі 35-45 градусқа дейін тіктелетін белдерден асады.
«Динозавр жотасының» оң жақ беті тегіннен-тегін «Аюлар шатқалы» деп аталмаған. Бұл жер — жабайы табиғаттың өз заңдылығы сақталған, аңдардың еркін мекені. Бұл таудың сұлулығымен қатар, оның қаталдығы мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады.
Ауыр жол мен қауіп-қатердің өтеуі ретінде алдыңыздан Бабалар аңғарының ертегідей әлемі ашылады. Бұл — ғылыми құндылығы шексіз, нағыз тірі музей.
Аңғарда өсімдіктердің 1635 түрі кездеседі, оның ішінде 35-і тек осы өңірге ғана тән эндемиктер. Өсімдіктердің 62 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Сондай-ақ саңырауқұлақтың 3 түрі, мүктің 25 түрі тіршілік етеді. Аңғардың ең үлкен мақтанышы — аршалы орман алқабы. Мұндағы кейбір алып аршалардың 700 жылдан бері тамыр жайып, талай тарихтың куәсі болып тұрғаны ғылыми түрде дәлелденген.

Шатқалды бойлай, тастақ арналар арқылы сылдырап Біркөлік бұлағы ағып жатыр. Оның мөлдіреген, мұздай салқын суы аңғардың жасыл желегіне ерекше көрік беріп қана қоймай, таудың шипалы ауасын одан сайын тазартып, демалушыларға ерекше серпін сыйлайды.
Бабалар аңғары — кез келген адамға бағына бермейтін, тек төзімділер мен табиғатты шын сүйетіндерге ғана өз сұлулығын сыйлайтын мекен. Бұл жерге жасалған саяхат денеңді шынықтырып, рухыңды шыңдайды.



