Филология. Реферат. Қазақ поэзиясындағы М. Әуезов бейнесі

Oinet.kz 09-09-2020 1003

Мақалада заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов бейнесінің қазақ поэзиясындағы тұлғалануы сөз болады. Қазақ әдебиетінде ұлы тұлғалар мен тарихи адамдардың бейнесін жырлау үрдісі қалыптасқан. Жазушының дара тұлғасын, бекзат болмысын, бүтін бітімін өздеріне тән суреткерлікпен жырлаған бірнеше ақындарымыздың өлеңдеріне ғылыми тұрғыда талдамалар жасалады. Ақын Ә. Тәжібаев «Портреттер» поэмасының бір бөлігін М. Әуезовке арнап, рухани ұстаз тұтып, араларындағы достық баяндалады. А. Егеубаевтың «Қыран ғұмыр» дастанындағы ғұлама суреткердің өмірінің соңғы бір сәттері сөз болады. I. Есенберлиннің «Көңіл дастан» поэмасындағы жазушының ұлт руханиятындағы орны ашылады. Сонымен бірге , Қ. Аманжоловтың «Мұхтар ағаға», С.Мәуленовтің «Мұхтарға», Жарасқан Әбдіраштың «Тарих заңы», М. Шахановтың «Менің атымды неге Мұхтар қойған?» атты өлеңдеріндегі жазушының қазақ поэзиясындағы көркем бейнесі әдеби теориялық тұрғыдан талданады. Әуезовтің поэзиядағы көркем бейнесі толыққанды деректер арқылы дәлелденген.


Қазақ поэзиясында белгілі тұлғалар мен тарихи адамдардың бейнесін жырлау үрдісі кеңінен өрістеген. Ақындар қазақ тарихының елеулі оқиғаларын, көрнекті өкілдерін шығармаларына арқау етіп, көлемді поэма нәрлі өлеңдер аясында дамыта жырлаған. Қазақ әдебиетінде тарихи тұлғалар бейнеленген шығармалар мол десек те, М.Әуезовтің бейнесін жасау бір кісінің, не бір кезеңнің емес, бүкіл бір елдің тарихы, тынысы, өскелең бейнесінің тұтас көрінісі. М.Әуезов заманымыздың заңғар шыңы десек, оның бейнесін жасау ұлт өмірімен, ұлттық ой-санамен үндесіп жатыр.


Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Әуезов кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тартып, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан кемел ойлы кемеңгер жазушы.


Ол талай жер теңселтіп, ел сенделткен әлеуметтік сілкіністердің, қиялды қысыратып, сананы тоқыратқан түбегейлі өзгерістердің жаппай теңдікке ұмтылып, елдікке құлшынған рухани буырқаныстар кезеңі болып, тарих қойнауына аттанғалы отырған жиырмасыншы ғасырмен жарық дүниеге бірге келді. Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды екені бізге аян. Ол ұлттың сана-сезімінің оянуына дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болды.


Замандасын, сүйікті жазушысын, үлгі тұтқан ұстазын жырларына арқау еткен ақындар біршама. Олар мүмкіндігінше Әуезов бейнесін өз поэзиясының биік шыңына көтере білді. Әуезов бейнесін өзіндік шығармашылық көркемдік шешім болмысымен суреттеген ақынның бірі Ә.Тәжібаев. Осы орайда Ә.Тәжібаевтың «Өнер иесі өнерді жасай келе сол өнердің машығына жетіледі. Ол дүниені ақынша қабылдаумен бірге олар туралы өзгшелерге де ақынша мәлімдеген болады», [1, 23] деп сөз өнерінің негізгі танымы адам да, эстетикалық мұраты адамзаттың рухани әлемі екеніне осылай сипаттама береді. Мұхтар Әуезовпен достық қарым-қатынаста болған көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев өзінің атақты «Портреттер» деп аталатын поэмасының бір бөлімін Әуезовке арнаған. Әрбір шоң таланттың әрқашан ұлттық мақтаныш болып келетіні ежелден мәлім. Әбділда Мұхтарды алғаш көргенде ол 37 жаста ғана екен. «...Бірақ ол маған ғасырлар бойы жасап келе жатқан, өмірі қартаймайтын адам тәрізді көрінді. Біздер «Еңлік -Кебекті»,


«Бәйбіше тоқалды» оқығанымыз қашан, ал бұл кісі әлі ақсыз, дақсыз күйінде тұр деймін ішімнен. Жас достары Әлібек пен мен үшін арнайы тілек айтып, тост көтерді. Мінекей, содан бастап Мұхаңмен біз достастық, ол қашан көзін жұмғанша дастархан дәміміз ортақ, ойымыз, мәжілісіміз ортақ туысқа айналдық. Арзан күліп, жалған сөйлейтін, екі жақынның татулығын қызғанатын, аңдыстыруға, айыруға себеп тапқышқыштар аз ба? Бірақ, үлкен достығымыздың оты қандай тұман қоршаса да жоғалған жоқ. Әсіресе, бұл достықтың маған бергені көп болды» деп өнер иесінің бекзат болмысын ақын Әбділда:


Қарашы, әне, Омарханұлы Мұхтарға,

Емендер ғана осылай өсіп шықпай ма?

Айта қойшы өзің, білмейтін оны жұрт бар ма?


Тимесін көзің, тек, жаным, оған сұқтанба. Қызығын қара, қызғанбай қара, сұқтанба! Не пайда саған, сұқтанып оны жыққанда? Болмасаң өзің, бола алмадым деп жата бер, Біреуді соғып, біреуді жығып, шықса алға!, -деп жырлайды [1].


Поэманы оқи отырып, екеуінің арасындағы айнымас достыққа куә боламыз. «Орысша оқымаған, дүние классиктерінің тереңінен қанып ішпеген, күрделі құбылыстарды үстірт білетін, көбінесе ұранға шауып үйренген көр бала жасқа кезінде ақылшы болатын, оның көркем тәрбие көрмеген дөрекілігін асқындырмай тоқтататын, ұстаз керек екен. Сол көр бала мен болдым, сол ұстаз Мұхаң болатын» [2,62]. Рухани ұстаз Мұхтар бойындағы ізгі қасиеттерді ақын тебірене жырлайды. Сырын жасыра алмайтын жарқын, көңіліне күнсіз бұлтты ойлар түсе қалса, достарын іздейтін, үйіне қонаққа барғанда сәл кешігіп қалса, ұрсып алып, артынан барлығын ұмытып, кешірім сұрайтын жайдары мінезін, кейде бір сөйлесе, тоқтамай көсіліп кететіндігін, қыран құстың ұшқанына қараса бір ләззат алатынын, әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып жатқан тұста, туынды туралы досының пікірін сұрайтындығын, шаршауды тіпті білмейтін қуатты жан екендігін Әбділдә ақын аса шеберлікпен суреттеген.


Мұхтар Әуезов туралы «Қатар тізе қосып» атты естелігінде поэмадағы кейбір жайттардың жазылуына Мұхтар екеуінің басынан кешірген оқиғаларының арқау болғандығын айтады.


Қазақтың дауылпаз ақыны атанған, өршіл рухты жырларымен халқын қанаттандырған Қасым Аманжоловтың «Мұхтар аға» деп аталатын арнау өлеңі Мұхтар Әуезов СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған жылы жазылған. Таланттың танылу процесі ұзақ болғанымен, қалтқысыз мойындалуы, мэтрлер санатына қосылу барысының кешеуілдеуі шындық. Дегенмен ғұлама суреткер Әуезов ол биіктікке тым ерте көтерілді. Ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналып кетті. Мың-мың оқырмандарының көңіл іңкәрінің төрінен орын ала білді, талантына табындырды. Қасым Аманжолов өзінің ойын да, бойын да ұлы суреткерге қарап түзегенін жасырмайды.


Мұхтарды ақындардың ағасына балап, топтан озған жүйрік деп баға береді.


Кеудеңізде алтын ғасыр суреті, Тұлғаңызға бір қарасын жер беті. Ұқсын әлем қандай екен жанымыз Рахмет сізге, дана халық перзенті [3].


Бұл жыр жолдары арқылы ақын жер беті қазақ халқының бүкіл болмысын Мұхтар Әуезовтің тұлғасы арқылы тани алатынын ақиқат етеді. Бір кездері ғұлама Қ.Сәтбаевтың шетел


саясаткерлерінің сұрағына: «Менің халқым менен де биік» деп жауап бергеніндей, шындығында, Әуезов өз халқының ұлылығын әлемге танытты емес пе? Қасымның арнау өлең арқылы Әуезовтің артынан ерген қазақ баласына ардың ісі болған әдебиет атты әлемде қалайша ықпал жасағандығын біле аламыз. Лирик ақынымыз Сырбай Мәуленов 1957 жылы жазылған «Мұқаңа» деген өлеңі Әуезовтің 60 жылдығына арнап шығарылса керек. Ол жазушы парасатын ашу үшін поэзиялық суреттерді кейіпкердің мінез-құлқынан, бітім-болмысынан іздейді.


Биіктеп Алатаудың Талғарындай, Тереңдеп Атыраудың аңғарындай, Аңқылдап жомарт көңіл келе жатыр, Қазақтың даласының аумағындай. Тәтті сөз тамылжыған таңдайында, Бұлақтай атқылаған әрдайымда.


Тоғысып толқын ойдың тораптары, Жатқандай оның жалпақ маңдайында,- деп ой түйеді. Әрине, Әуезов бейнесін көркем тілде кестелеу үшін ақынға кең құлашты туынды жазу оңай оңай емес.


Сонымен қатар, өлеңде Абайды қазақ өлеңінің қаршығасына теңеп, сол заманның тарихын, Абайдың ұлы тұлғасын сомдаған Әуезовтің әдебиет биігіндегі орнына құрмет етеді. Ұлт әдебиеті төрінен орын алуға лайық, саңлақ суреткер екенін былайша береді;


Кеудесін кернеп зілді бір уайым, Теңселген Сарыарқада сырлы қайың. Даланың мұңлы аспаны, мөлдір көлі, Құшақтап құба жонда тұр Абайын. Жапанда жапа шеккен жан сырласы Домалап омырауында тамшы жасы.


Жым-жырт түн жыр аспанын барлағандай Қазақтың өлеңінің қаршығасы.

Тағы да ол ойға шомған шың басында, Сол шыңдай алып оның тұлғасы да.

Қазақ өмірінің ұлттық тіршілік тынысының суретшісі Мұхтар аға деп, Әуезовтің даңқын көкке көтереді.


І.Есенберлин о дүниеге озарынан бес жыл бұрын, 1978 жылы «Көңіл – дастан» поэмасын жазды. Жанрлық пішінін поэма реквием десе ләзім. Күні кеше қасында жүрген қаламдас, достас замандастарының мазаратына зират етіп қайтқандағы ақын толғаныстары. Кешегі қасқа жайсаңдарды еске алу. Поэма авторы очерк-портрет түрінде әрқайсысының ел тарихындағы, әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі орнын еске алып тебіренеді. Әрқайсысының дара тұлғасын мүсіндейді. Көңіліндегі ойын дөп басатын тіл табады.


Тұрдым мен пырағыңа басымды иіп, Толқиды ақыл-ойым жанып күйіп. Тайпа елдің құшағына сыймас тарлан,

Үш құлаш жерге қалай жатыр сыйып?! [5].


Бұл – Мұхрат Әуезов туралы ақынның ойтолғанысы болатын. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі екендігін І.Есенберлин осылайша жырлаған болатын.


Алдыңғы аға буын өкілдерінің жолын жалғап, ұлт мүддесін қорғап келе жатқан қайсар ақын Мұхтар Шаханов есімінің қойылу себебі жайлы: «Менің есімімді неге Мұхтар деп қойған?» деп аталатын өлеңінде сөз қозғайды. Атам қазақ перзентіне ат қоярда ұзақ ойланып, болашағынан үлкен үміт етіп, азан шақырып кәделеп, жақсы адамға ат қойғызып ырымдаған. Әкесі Мұхтар туылғанда «ұлым Мұхтар Әуезов секілді алып тұлға болсын» деген ниетпен есімін қойған екен. Сонда ауыл адамдары оны күлкіге айналдырған. Әкесі болса мән бермей, сәл ғана жымиып, оларға таба қылмауын тілек еткен. Бала Мұхтар да әлгілерге әкесін таба етпегендей, Жаратушы қолдап Абай, Мұхтар жалғаған көштің соңынан ерген еді. Міне, адам баласының атын біреулер қояды, ал тағдырын өзі қалыптастырады деген осы емес пе?!. Ақын М.Шаханов:


Мұхтар деген – киелі ат, марқұм әкем Маған тегін қоймаған бұл есімді [6]- дей келе, алдағы уақытта елінің мақтан тұтар азаматы болып, айналасына өзінің мықтылығын мойындататынын айтып, ойын аяқтайды. Тарих куә: М.Әуезов заманымыздың заңғар жазушысы, ғұлама суреткері, тарлан талант деген рухани тәжі мен тағына лайықты ғұмыр кешті.


Айтулы ақын Әбдіраштың Жарасқаны «Тарих заңы» атты өлеңінде:


Абай орнын баса алады күн ғана, Таудың орнын баса алады шың ғана. Ұлы Абайды жырлау үшін қазаққа Керек болды Мұқаң сынды бір дана. Көкірегін шабыт кернеп, шаттанып, Шартарапқа сәуле шашып мақтанып Мұқаң өтті...


Мың ақынның міндетін


Мыңқ етпестен жалғыз өзі атқарып, - деп әлем әдебиетіне «Абай жолын» сыйлаған, Абайдай ақыны арқылы елін танытқан дарын иесін, бүкіл рухани өміріміздің қалыптасуында зор еңбек еткен ғұлама суреткер бейнесін беруде өз талантын көрсетеді.


Жазушының ғұмыры туралы жазылған тағы да бір поэма – Асқар Егеубаевтың «Қыран ғұмыр» атты поэмасы. Автор осы шығармасы үшін 1975 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің, Қазақ ССР Баспа Қомитетінің жабық бәйгесінің бас жүлдесін алған. Поэма автор мен лирикалық кейіпкер Ораздың диалогынан құрылған. Бала күнінен ән-күйге құмар болып, Абайдың әндерін айтып өскен бала


Оразды жаздың мамыражай бір күнінде жиынтойға келген Мұхтардың сөзі қуаттап жібереді. Ол Оразға «болашағыңнан көп үміт күтетін ер жігіт боласың», деп батасын берген. Арада біраз жылдар өткенде, бала менен Мұхтар қайта кездесіп қалады. Немересінің үлгі тұтып, ұстаз санаған адамына тәнті болған Үркер қарт жазушыға «Көксемсер» деген қыран бүркітін сыйға тартады. Қыранды қайта келгенімде алып кетем деген Мұхтарды қарт екінші рет көре алмайды. Жазушы о дүниеге аттанып кеткен екен. Үркер қарт шың басына шығып, қыранның томағасын шешіп, еркіндікке жібереді. Мұхтардың өмірі де қырандай биікте еді, құсы да биікте, еркіндікте болуын қалайды. Поэмада автор психологиялық параллелизмді Мұхтар дүниеден өткен кезде «табиғат та түнеріп, дала мүлгіп, орман қалғып, жел тынды» деп шебер қолданған.


Түнерді қарт, түнерді көк, сар жайлау, Жұтағандай киіз үйлі тар қойнау.

Күміс жалды құлын-бұлақтардан да, Сылаң қағып еркелеу мен қалды ойнау.

Дала мүлгіп, Орман қалғып, Жер тынды. Жусандардың шайқап басын жел тұрды. Қурай біткен сыбызғыдай ызыңдап, Қара судай сапырады сел құмды... [7].


Қорыта келгенде, Алаш ардақтысы М.Әуезовке қазақ әдебиетінде талай ақын-жазушыларымыз кемеңгер жазушы бейнесін, азаматтық тұлғасын ашуда жырлары мен әңгіме, повестерін, романдарын арнады. Бұл оның қазақ әдебиетінде, өнері мен мәдениетінде өшпес із қалдырғанының белгісі. Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі.


Қаламгердің қазақ поэзиясындағы тұлғалануы бұрын соңды көп зерттеле қоймаған мәселелердің бірі болды. Әлемге қазақ атын танытқан Мұхтар бейнесіне мән бере жырлау да, образ жасау да ақындарға оңай емес. Десек те, жоғарыда талданған өлең авторлары Әуезов бейнесін бейнелі, бояулы суреттер арқылы жасауға күш салған.


Академик З.Қабдолов: «Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады» [8, 29],дегеніңдей, бүгінгі таңда ұлттың рухани қазынасына айналып отырған ғұлама бейнесі жасалған қазақ поэзиясын білу, тереңіне бойлай зерделеу басты назарда болатын кезек күттірмейтін іс деп білеміз.


Әдебиеттер


Тәжібаев Ә.Шығармалар. Бес томдық. – Алматы, 1983.

Тәжібаев Ә. Жылдар, ойлар. – Алматы: Жазушы, 1976.

Аманжолов Қ. Дариға, сол қыз. – Алматы: Атамұра, 2002. – 43 б.

Мәуленов С. «Өлеңдер» жинағы. – Алматы, 1948. – 19 б.

Есенберлин І. Шығармалар. 10 томдық. – 5 т. – Алматы, 1979.

Егеубаев А. Мөлдір тұма. – Алматы: Жалын, 1977. – 37298 б.

Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: Жазушы, 1992. – 29 б.


Филология. Реферат. Айтыс өлеңдерінің текстологиялық зерттелуі
Филология. Реферат. Ақбілек – қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесінің көркемдік шыңы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу