Филология. Реферат. Қазақ және ағылшын фразеологизмдерінің зерттелу тарихы

Oinet.kz 09-09-2020 1000

Бұл мақала І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев, С. Аман­ жолов, К. Аханов, Р. Сәрсенбаев, А.Байтелиев, Қ. Қалыбаева, Н. Қа­ шанова, С. Сәтенова т.б. отандық және шетелдік ғалым­фразеолог­ тардың еңбектеріне талдау жасалады. Фразеология – ауызекі және жазба әдебиетте ерекше орын алатын, кез келген халықтың ойлау ерекшелігін, даналығын айғақтайтын тілдің айшықты да, мәнерлі бай саласының бірі. Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді арнайы теориялық тұрғыдан зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан баcталып, бү­ гінгі күнге дейін зерттеушілер назарына ілігіп, зерттеу обьектісіне айналып, әлі толастамай келеді. Осы уақыттағы зерттеулердің төрт кезеңдері жайлы сөз қозғалады. Еліміз егемендік алып, әлемдік өр­ кениет биігіне ұмтылып отырған заманда, жоғары дамыған Еуропа елдерімен саяси, экономикалық, мәдениаралық қарым­қатынастың дамып отырған уақытында – қазақ тілін Еуропаның беделді тілдері­ нің бірі ағылшын тілімен салғастыра зерттеу – баға жетпес құнды дү­ ние. А.В. Кунин, Т.Ж.Мықтыбаева, Ш.Б.Арғынғазина, Р.Б. Жүсіпова, Р.К. Атаханова, Ф.А.Оспанова, А.Ә. Молдасанова т.б. ғалымдардың жалпы және салғастырмалы фразеология мәселелеріне арнап жазған құнды еңбектері аталады.

Кез келген халықтың ұлттық қазынасы тіл болып табылады. Тілді қай ұлттың болмасын өзіндік сипаты, келешегі, ертеңі мен бүгіні, ғасырлар тоғысындағы тарихын жеткізуші ретінде танимыз. Ұлттың тілі болмаған жерде ұлттық мәдениет те болмайды. Кез келген халықтың дүниетаным көзқарасы ұлттық тілінде көрініс табады.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдердің мағына-мәні осы тілдерде сөйлейтін ұлттың ертеден бергі өмірін жан-жақты айқындайды. Халықтың күнделікті өмір тіршілігі негізінде пайда болып қалыптасқан тұрақты тіркестерді қос тілден жиналған деректерімізден кездестіруге болады. Бұл тұрақты тіркестер тілдік қолданыста әр уақыттың салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне, психологиясына, тарихына байланысты қалыптасып, тілдік қолданыста дамып өрбіген. Сондықтан да олар әр халықтың ерекшелігіне байланысты өсіп-өрбіп, сол халықтың ғасырлар бойы жинаған құндылығының бірі болып табылады.

Фразеология-ауызекі және жазба әдебиетте ерекше орын алатын, кез келген халықтың ойлау ерекшелігін, даналығын айғақтайтын тілдің айшықты да, мәнерлі бай саласының бірі. Халқымыздың тіл қазынасының бір бөлігі бола отырып, ұлттық тіл байлығымыздың нағыз қайнар көзі ұрпақтан ұрпаққа өте келе өз маңызын жоғалтқан емес. Фразеология – «phrasis» – орам, сөйлемше «logia» – ұғым, ілім деген грек сөздерінен жасалған термин. Бұл атау негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Біріншіден, тілдегі тиянақты тұрақты сөз тіркестерін қазіргі және тарихи даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімнің бір саласы дегенді, екіншіден – белгілі бір тілдегі фразеологимдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Сондықтан болар фразеологизмдер көкейге қонымды, ықшам, ұтқыр да ұтымды сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жатады.

Ағылшын тіліндегі фразеологиның қалыптасуына Ежел гі Рим, француз және неміс тілдеріндегі фразеологизмдерінің ықпалы зор. Ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің көпшілігі Англияға Америка Құрама Штатынан ауысып, қалыптасқан. Олар «американизмге» жатады, мысалы: bark up the wrong tree-қателесу, cut no ice-ықпал етпеу, sit on the fense-білмегенсу. Америкалық фразеологизмдерден еніп, қалыптасқан кейбір ағылшын тіліндегі фразеологизмдер аударылмайды, бұл америкалық фразеологизмдердің, әсіресе жаргон тілінде қолданылады. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі кейбір фразеологизмдердегі мәндес ұғымдарды білдіретін баламалар біркелкі немесе ұқсас белгілер мен біртектес салыстырулар негізінде қалыптасқан. Бұған ағылшын және қазақ тіліндегі фразеологизмдер мысал бола алады. Make someone’s hair stand on end-(біреудің шашын түбінен тұрғызу) «Төбе шашы тік тұру» «зәресі ұшу» мәнінде қолданылады. Make one’s head turn-(басын айналдыру), алдап арбау, ойлауға мұршасын келтірмеу, ғашық ету мәнінде қолданылады, open one’s eyes-(көзін ашу) «түсіну, үйрету, ақыл қосу».

Жазушы тілін түсінікті, әсерлі, дәмді ететін бейнелеу құралдарының бірі – фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, идиомдар. Бұларды қолдануда жазушылардың әрқайсысы әрқилы тәсілдерге барады. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің қалыптасуына ақын жазушылардың қаламынан туып, пайда болуы әсерін тигізген. Мұндай фразеологизмдердің ағылшын тілінде қалыптасуына Шекспирдің шығармалары себеп болған, көлемі жағынан шексперизм діни фразеологизмдерден кейін екінші орын алатын көрінеді, ал сан жағынан олар жүзден астам. Көптеген шексперизмдер құрылым-құрылысы жағынан бүгінгі қолданыста өзгерістерге ұшыраған. Мысалы, шексперизм Wear one’s heart upon one’s sleeve for daws to peck at («Othello») – сезімін ашық көрсету, қазіргі ағылшын тілінде қысқаша етістікті фразеологизм түрінде «wear one’s heart upon one’s sleeve» қолданылады. Тағы да, buy golden opinions (таңқалдыру) қазір гі ағылшын тілінде buy етістігінің орнына win етістігі қолданылып қалыптасқан. Win golden opinions. Have an itching palm. («Julius Caesar»)сараң болу; Paint the lily («King John»)-бірдеңені жақсартуға тырысу. Lay it on with a trowel-асыра мақтау [7, 17-35].

Ч.Диккенс «Оливер Твист» романында фразеологизмдерді өте көп қолданған. Мысалы: the run of one’s teeth – 1) тегін тамақ, тегін тамақтандыру, демеу, көмек. 2) ауыспалы мағынасы – дамымау, дамуды тоқтату, құлдырау; a run of luck (немесе of good luck) – бақытты шақ, бақытты кезең, жолы болғыштық, үнемі жолы болу; the kid (немесе the kinchin) lay жарг. – көшеде баланың ақшасын ұрлау; set one’s heart (немесе mind] on (немесе upon) something (немесе set one’s mind to something) – бірнәрсеге ұмтылу, бірнәрсені қалау, бірнәрсені қатты тілеу; What’s the row? –

1) бұл қандай шу? Неліктен бұндай шу? Андағы қандай шу? 2) не болып жатыр? Не болды? Қандай жағдай жүз берді? Қандай жағдай болды? Қандай оқиға болды? Ч. Диккенстің «Оливер Твист» романындағы фразеологизмдерді аудару мәселесіне келетін болсақ, бұл мақсатта түрлі әдіс-тәсілдер қолданылған. Ч. Диккенстің «Оливер Твист» романындағы фразеологизмдерді аудару барысында біріншіден, фразеологизмдердің жалпы мағынасы берілген. Екіншіден, фразеологизмдерді аударуда олардың қазақ тіліндегі фразеологизмдермен мәндес келетіндігі ескерілген. Үшіншіден, көптеген фразеологизмдер сөзбе-сөз аударылған.

Лингвистиканың жеке тарауы ретінде қалыптасып келе жатқан фразеология жайында жазылған зерттеулер өте көп. Мәселен, «Проблемы фразеологии» депаталатынжинақта 500-ден астам зерттеу жұмыстары көрсетілген. Содан бергі аралықта мұндай еңбектердің саны едәуір молайғаны мәлім. Фразеологияға жататын барлық тіркестердің жалпы атауы ретінде фразеологиялық единица деген термин жиі қолданылады. Бұл терминді әуелде акад. В.В. Виноградов [1, 45-69] атаған еді. Көптеген ғалымдар бұл терминнің жалпы атау ретінде сәтті табылғанын қолдағанмен, кейінгі кезде оның мазмұнын әлі айқындай түсу қажеттігін айтып жүр. В.В. Виноградовтың классификациясы бір кезде айрықша рөл атқарды. В.Н.Телия өзінің «Фразеология дегеніміз не» [2, 86] деген зерттеуінде құрылысы жағынан сөз тіркесі не сөйлем боп келе беретін фразеология объектісінің барлық түрін жинақтап атау үшін «фразеологиялық орам» («фразеологический оборот не жай ғана «орам»), «фразеологизм» деген терминдерді қолданады.

Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді арнайы теориялық тұрғыдан зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан баcталып, бүгінгі күнге дейін зерттеушілер назарына ілігіп, зерттеу обьектісіне айналып, әлі толастамай келеді. Осы уақыттағы зерттеулерді төрт кезеңге бөлуге шартты болды: Қырықыншы жылдардан бері қазақ тілінің фразеологизмдері әр қырынан зерттеліп, мақалалар көлемінен шығып, диссертциялық зерттеулер обьектісіне айналды. Қазақ фразеологиясын тілдік тұрғыдан зеттеуге алғашқа кезеңде ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы аса көрнекті тілші ғалымдар дені түгел назар аударды. Фразеологизмдердің теориялық – практикалық мәселелерін І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, К. Аханов, Р. Сәрсенбаев және кейінгі буын зерттеушілер А. Байтелиев, Қ. Қалыбаева, Н. Қашанова, С. Сәтенова т.б. фразеологизмдердің тақырыптық – мағыналық топтарын, синтаксистік қызметін арнайы зерттеп, тұжырымдар жасады. Фразеологияны дербес пән ретінде қарастыру туралы ой тастап, түркі тілдес халықтар тіл білімінде осы мәселеге байланысты зерттеудің тууына игі әсер еткен, қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, сол жайында еңбек жазған І. Кеңесбаев болды. Академик І. Кеңесбаев [3, 304] фразеологизмдерді танып білуде мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолдану тиянақтылығы сияқты «үш белгіге немесе үш критерийге сүйене, яғни табан тірей отырып, бүкіл қазақ тілі құрамындағы құбылыстарды ең негізгі үлкен арнаға бөлеміз. Оның біріншісі – фразеологиялық түйдектер, екіншісі – фразеологиялық тіркестер деп аталады. Фразеологиялық тіркестер өз ішінен екіге бөлінеді: а) түйін тіркес; ә) түйіс тіркес» деп тұжырымдады. С. Аманжолов фразеологизмдерді зерттеуді қолға алу керектілігін атап өтті, бағыт-бағдарын көрсетеді және фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшесіне қатысы жайлы айтып өтеді. Н. Сауранбаев фразеологияға не жатады дегенге көңіл аударады. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығына фразеология бөлімін енгізген Ғ. Мұсабаев та фразеологиялық ерекшеліктерге көп көңіл бөлген.

Қазақ фразеологизмдерін зерттеудің екінші кезеңінде 60-жылдары ғалымдар фразеологизмдер мен тұрақты тіркестер бір ме, оларға не жатады дегенге көңіл бөлді. Р.Сәрсенбаевтың «қазақ мақал-мәтелдерінің лексика – стилистикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясында, С.Исаевтың «қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестерінің бір типі жөнінде» мақаласында осы ерекшеліктерге назар аударған. Осы жылдарда жеке авторлар шығармаларындағы фразеологизмдердің қолдануына да көңіл аударып, сөз таптарын жүйеледі, сөйлемдегі беретін мағынасына қарай топтады. Ә. Болғанбаевтың «қазақ тіліндегі алғыс және қарғыс мәнді тұрақты сөз тіркестері», М. Белбаеваның «Сұлтанмахмұт шығармаларындағы фразалық тіркестер» мақалалары мен осы жылдары қорғалған Х. Қожахметовтың «Ғ.Мустафин шығармаларындағы фразеологиялық орамдар», Е.Бектұрғановтың «М. Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясындағы тұрақты сөз тіркестері» кандидаттық диссертациялары сол кезеңнің ізденіс нәтижелері еді. Жетпісінші жылдарда фразеологизмдерді өзге құбылыстардан айыру жөнінде А. Байтелиев кандидаттық диссертация қорғап, Ә. Қайдаров пен Р. Жайсақова, А. Елешова қазақ фразеологизмдерін классификациялау мәселесіне көңіл аударды. Осы кезеңде қазақ фразеологизмдерінің өзге тілдерде берілуі және өзге тілдердегі шығармаларды қазақ тіліне аударғандағы фразеологизмнің берілуі тілші ғалымдар назарын аударды. Академик І.Кеңесбаевтың көп жылдық еңбегінің нәтижесі он мыңнан аса фразаны қамтыған «қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» шықты.

Үшінші кезең – қазақ фразеологиясын жан – жақты зерттеу кезеңі. 80-жылдар алдыңғы кезеңдегі жұмыстардың заңды жалғасы болды. Қазақ фразеологизмдерін өзге тілдердегі тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеу, аударма мәселесі жайында кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ж. Қонақбаева антоним фразеологизмдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салыстыра зерттесе, Д. Алтайбаева фразеологизмдердің аудармадағы бірігу жолдарына (калькалау жолымен, дәл баламасының берілуіне) назар аударды. Осы жылдарда қазақ фразеологиясын зерттеуде М.М. Копыленко мен З.Д.Попованың жаңа әдісін (семейный анализ) қолдану тәжірибелері жүзеге асты. Қазақ фразеологиясын зерттеудің төртінші кезеңі 90-жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл кезеңде тіл білімінің осы саласында жан-жақты әрі өте көп ізденістер болып жатыр. Фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне талдау жасалды. Фразеологизмдердің этимологиясы мен жасалу көздерімен тығыз байланыста жатқан этнопсихологиялық және мәдени – танымдық аспектідегі кейінгі он жылдықта академик Ә.Қайдаров пен оның шәкірттерінің еңбектерінде көрініс табады. Фразеологизмдердің тұлғалық сипаты мен мағыналық сырына үңіле зерттеу – қазақ фразеологизмдерін ұлттық тіл табиғатын ашуға қосылған үлкен үлес. Осындай еңбектердің қатарына С.Сәтенованың «Қос тағанды фразеологизмдердің тілдік поэтикалық табиғаты», Г. Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық – мәдени аспектілері» докторлық диссертацияларын атауға болады. Қ.Ғабитханұлы наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестерге талдау жасайды. Б.Қызбаева соматикалық етістік фразеологизмдерді зерттейді. Фразеология жөнінде К. Ахановтың пікірлері көңіл аударарлық. К.Аханов өзінің кітабында [4, 165] фразеологияны біраз талдайды. Ол осы еңбегінде бұларды екі топқа бөліп: оның бірін – еркін тіркес, екіншісін – тұрақты фразеологиялық тіркес деп алады. Мұның алдыңғысын синтаксистің сыбағасына беріп, кейінгісін лексиканың құрамында қарастырады. Соңғы жылдары халықаралық, тіларалық қатынастың дамуына байланысты құрылымы жағынан да мүлдем алшақ тілдерді салыстыра зерттеу тіл ғылымында дәстүрге айналып келе жатыр. Салыстыра зерттеу барысында екі тілдің өзіндік құрылымдық және жүйелік ерекшеліктері мен ұқсастықтары айқындалады. Сондай-ақ, тіл табиғатында осы уақытқа дейін зерттеушілер назарынан шет қалған кейбір құбылыстардың сыры ашылып, осы кезеңге дейін қалыптасқан тұжырымдар басқа қырынан зерделенуі, тілдің өзіндік сипаты айқындатуда. Әр типтес тілдердегі фразеологизмдерді салыстыра зерттеу де өзіндік тұңғиық сыры бар қиындығы да мол күрделі жұмыс. Ағылшын тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу, оларды аудару мәселесімен айналысқан А.В.Кунин. А.В.Кунин өзінің еңбектерімен ағылшын фразеологиясының және де жалпы фразеологияның дамуына өте көп үлес қосты. А.В.Куниннің бұл салада көптеген еңбектерін атауға болады. Мысалы: «Фразеология современного английского языка», «Англорусский фразеологический словарь» т.б. А.В. Кунин [5, 174] фразеологиялық единицалар мен сөз туралы айта келіп, олардың төмендегідей өзгешеліктерін көрсетеді. Екеуінің бірінші айырмашылығы жасалуында, үшіншіден фразеологиялық единицаның мағыналық құбылысы еш уақытта сәйкес келмейді деп сөзден айырмашылығын айтады. Соңғы 15-20 жыл ішінде қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдерді салыстыра-салғастыра зерттеген біраз еңбектер жарық көрді. Мәселен, белгілі бір тілдің бейнелеу, көркемдеу жүйесін, оның ұлттық нақышын бүкіл бедері мен күллі бояуын айқын көрсететін анималистік фразеологизмдерді қазақ және ағылшын тілдері материалдары бойынша Т.Ж. Мықтыбаева жан-жақты қарастырды. [6, 132] Ш.Б. Арғынғазина [7, 17-35] ағылшын және қазақ тілдеріндегі етістікті фразеологизмдердің лексика – мағыналық сипатын теориялық тұрғыдан салғастыра қарастырған. Тілдік құрылымы жағынан әр тектес тілдер топтарына жататын қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерді арнайы зерттей отырып, Р.Б. Жүсіпова [8, 128] олардың қолданыс аясын, тақырыптық топтарын айқындап, туыс емес екі тіл тұрақты бірліктерінің мазмұн-межесін бір-бірімен салғастыра зерттеген. Мақал-мәтелдер тіл білімінде, оның ішінде, қазақ және ағылшын, қазақ және неміс тілдерінде әр тұрғыдан азды-көпті зерттеліп келгені мәлім. Мақалмәтелдердің өзіндік табиғатын, шығу тарихы мен даму жолдарын, тарихи даму барысындағы өзгерістерін айқындауға, оларға этнолингвистикалық тұрғыдан сипаттама беруге септігін тигізетін тұжырымдар жасаған Р.К. Атаханова [9, 126]. Ф.А.Оспанованың [10, 136] еңбегінде ағылшын және қазақ тілдеріндегі уәж, уәжділік мәселесіне арнайы зерттеу жүргізілген. Зерттеуде фразеологизмдер уәждемесі, ішкі форма, аталым, этимология мәселелері өзара тығыз байланыста қаралып, олардың өзіндік айырмашылықтары мен сабақтастығы қарастырылып, екі тілдегі фразеологизмдердің уәжі мағына қалыптастыруда түрлі уәждік сатыдан көрініс табатындығы анықталған. Тіл біліміндегі жаңа ұстанымдар мен бағыттарды негізге ала отырып, жас ғалым А.Ә. Молдасанова тіл мен мәдениет контрактологиясы арқылы көрінетін әлемнің тілдік бейнесін ағылшын және қазақ тілдеріндегі ыдыс – аяқ атауларының мағыналық – уәждемелік табиғатына, этимологиясына, ішкі формасына сүйене отырып көрсете келе, олардың әлемдік бейнесі қандай идиоэтникалық заңдылықтарға байланысты айқындалатынын ашуға тырысқан. [11, 25]

Еліміз егемендік алып, әлемдік өркениет биігіне ұмтылып отырған заманда, жоғары дамыған Еуропа елдерімен саяси, экономикалық әрі мәдени байланыстың дамып отырған уақытында-қазақ тілін Еуропаның беделді тілдерінің бірі ағылшын тілімен салғастыру –баға жетпес құнды дүние. Қаншама еңбектер жазылғанмен, фразеологияның небір қызықты проблемалары біртіндеп ашылып, дәлелденіп келе жатқанмен, әлі де даулы мәселелері жетерлік. Қорыта ке ле, халықтық сана-сезім, салт-дәстүр, мәдени тұрмыс тарихын бейнелейтін фразеологизмдерді оқып танымайынша, тіл байлығын, тіл ерекшелігін толық түсіну мүмкін емес. Халықаралық және тіларалық қатынастар дамыған осы кезеңде шет тілін ана тілімізбен салыстыра зерттеу тіл білімінің әрбір саласы үшін маңызы айрықша.

Әдебиеттер

  1. Виноградов В.В. Основные понятия русской фразеологии как лингвистической дисциплины. – Л.: Просвещение, 1946. – С. 45–69.

  2. Телия В.Н. Что такое фразеология? // Высшая школа. –M., 1966. – С. 86.

  3. Кенесбаев С.К., Мусабаев Г. Современный казахский язык: фонетика // Словарь, выпуск № 2. – Алматы, 1975. –C. 304.

  4. Аханов К. Тіл білімінің негіздері // Окулық, №3бас. –Алматы: Санат, 1965. – Б.165.

  5. Кунин А.В. Английская фразеология.– М.,1970. –C.174.

  6. Мықтыбаева Т.Ж. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы: дисс. –Алматы, 2005.–Б.132.

  7. Арғынғазина Ш.Б. Ағылшын және қазақ тілдеріндгі етістікті фразеологизмдердің лексика-семантикалық сипаты: автореф.– Алматы,2004.– Б.17–35.

  8. Жүсіпова Р.Б. Ағылшын және қазақ мақал-мәтелдерінің этнолингвистикалық сипаты: дисс.–Алматы,2004. –Б.128.

  9. Атаханова Р.Қ. Туыс емес тілдердегі мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық сипаты (неміс және қазақ мақал–мәтелдері негізінде): дисс.–Алматы, 2005.– Б.126.

  10. Оспанова Ф.А. Фразеологизмдер уәждемесінің лингвомәдени аспектісі: дисс.–Алматы, 2006.–Б.136.

  11. Молдасанова А.Ә. Тұрмыс лексикасындағы әлемнің тілдік бейнесінің көрінісі (қазақ және ағылшын тілдері негізінде): автореф.–Алматы, 2007. –Б.25.

Филология. Реферат. Бауыржан Момышұлының «Курляндия майданы» романындағы портрет пен пейзаж
Т. Әбдіков шығармашылығындағы кейіпкер болмысы және авторлық концепция
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу