Медицина. Реферат. Қазақтың халық медицинасы – құнды мəдени мұрамыз

Oinet.kz 09-09-2020 2296

Халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қоғамның рухани, мəдени жəне адамгершілік дүниесіндегі қымбат қазыналардың бірі. Онда халықтың сан ғасырлық өмір тәжірибесі мен зердесі, адамзаттың жүріп өткен даму жолындағы күресі, жеңісі, ізденісі, танымы мен түсініктері жинақталған. Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап қартайып дүниеден өткенге дейінгі өмірі үнемі сан ғасырлық наным-сенімі, таным-түсінігі, қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған салт-дәстүрлер аясында болады.

«Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт-дәстүрлерден халықтың мінез-құлқы, үлгіөнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, сондай-ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз əлемге деген танымдық көзқарастары көрінеді. Яғни, салт-дәстүр дегеніміз халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі жəне тілінің тірегі.

Айта кететін бір мəселе, адамзат тарихында, оның ой жүйесінің дамуы тарихында сиқырлық пен тылсымдық туралы ұғымдар кеңінен өріс алған, ғасырлар бойы тамырын тереңге жайған. Сиқыр мен тылсым әлемінде адамзатқа жәрдемші, демеуші, жебеуші болатын, оған пайдасын тигізетін, ауруға шалдықтыратын, қастандық істейтін күштер бар деп есептеледі. Бұлардың алғашқысын əулиелер, періштелер істейді деп сенсе, кейінгісін жын-шайтан, албастылар істейді деп сенеді.

Шоқан Уəлиханов пен Əлкей Марғұлан өздерінің тарихи-этнографиялық еңбектерінде бұл жөнінде құнды мәліметтер қалдырды. Міне халықтың жын-шайтан туралы осындай ұғымы, аңыздары ғылыми тілде демонология деп аталады.

Қаратауда, Балхашта тасқа қашалған суреттер мен белгілер (петроглифтер) , біздің бабаларымыздың да қола дәуірінің өзінде-ақ сиқыр мен тылсым күштер туралы ұғымдары болғанын дәлелдейді. Демек бұндай ұғымдар осы заманға дейін жоғалмай келе жатыр.

Әсіресе, біздің ұлан-байтақ даламызды арлы-берлі шаңдатып саяхат жасаған жат жұрттық жиһанкездердің, ғалым-зерттеушілердің, жылнамашылардың өзі қазақ даласынан ұшыратқан бақсылықты көргенде мұны қай дәстүрге жатқызарын білмей, оның құдірет-күшіне қандай сипат берерін білмей абдырағаны сондай көргендерін көрген қалпында алып-қоспай таңдана жазады. Тылсымдық күш пен адам арасындағы байланысты көзге көрсеткен қазақ бақсылары жайлы, міне, ең алдымен осы ертедегі саяхатшы-ғалымдардың жазбаларынан, күнделіктерінен ұшыратамыз.

Жалпы қазақ ауыз әдебиетінде халық медицинасына байланысты ұғымдарда жылан туралы әңгімелер көп-ақ. Халық емінде жыланның басы, тілі әсіресе уы ерекше орын алады. Себебі мұндай үрдіс көне грек медицинасына да сəйкес келеді. Біздің ойымызша, ол ертедегі скифтердің (сақ тайпаларының) жыланды тотем санағандығында. Жыланды əулие санап, адамды жын-шайтаннан қорғайды деуінде. Сондықтан сырқаттарды да жыланмен емдеу скифтерден гректерге ауысуы да мүмкін. Өйткені скифтер грек мемлекетімен де едәуір қарым-қатынаста болғаны тарихтан белгілі.

Көшпенділік жағдай, мал шаруашылығы кәсібі халықты табиғаттың сан-салалы құбылыстарына зер салуға мәжбүр еткен. Сондайлардың бірі жұлдыз қарау еді.

Түн ішінде аспан әлеміндегі жұлдыздардың орналасуы келешекті болжауға қолайлы еді. Жұлдызшылар тым-тырыс түн ішіндегі, ашық аспан әлеміндегі жұлдыздар өрнегінен терең мағына іздеп, оның құпия сырларына ой жүгірте, көңіліне маза бермей жүрген күрделі сұрақтардың жауабын тауып, ауыр жүктен арылғандай сезінетін. Жұлдыз қараушылар тек аурудың шығуын анықтаумен ғана шектелмей, ауруларды емдеудің жолдарын табуға да тырысқан. Сондықтан да академик Ағжан Машани ағамыз қазақ арасындағы жұлдыз қарау дәстүріне көңіл бөле, оның халық медицинасына тигізген әсерін анықтап, «Астральдық медицина» (аспан әлеміне негізделген медицина) деген атпен арнайы кітап шығармақ болғаны да жайдан-жай болмаса керек.

Жалпы космостың, яғни аспан әлемінің жер бетіндегі тіршілікке тигізетін әсері ғылыми түрде дəлелденген. Бұл мəселе Чижевскийдің «Күн бетіндегі отты борандардың жер бетіндегі жаңғырығы» деген кітабында да жазылған.

Бақсылық. Көне дәуірден келе жатқан әр түрлі халықтардың бәрінде бірдей кездесетін бұл емшілік шаман дінімен тығыз байланысты дейді Шоқан Уəлиханов. «Шаман» деген сөз орыс тілінде шығысты зерттеуші ғалым, монах Иакинфтің (Бичуриннің) еңбектерінде кездеседі. Ол тунгус халқының «саман» деген сөзінен шыққан. Тунгус халқы өздерінің балгер, сиқыршы, емші адамдарын солай атаған. Олардың шамандары да би билеп, аласұра секіріп, барабан соғып, науқас адамды емдейтінін көрген Иакинф оған едәуір көңіл бөліпті. Ұйғыр жазба мұраларында «бақсы» деп білімдар адамды, будда дінін ұстаған монахты атаған. Түркімен халқы «бақсы» деп, әнші адамды айтады екен, ал Қырым ханы Гирейдің жазба мұраларында «бақсы» деп хатшыны атаған сияқты.

Дін тарихы мен философиясын зерттеген ғалым Қ.Ш.Шулембаев шамандарға мынадай сипаттама береді: «Шаман діні алғашқы қоғам дәуірінен келе жатқан тұрпайы діни ұғымдарды бойына сіңірген, солардың тұтасқан жиынтығы. Қазақ шамандары бақсылары сол себепті ел ішінде аса құрметтеліп, олар түпсіз білімнің иесі деп саналған. Олар келешекті болжайды, құпияның сырын ашады, адамның ойын тауып, оның келешектегі тағдырын біліп, айта алады» -деген.

Бақсы жын-шайтандарды қуады. Жын-шайтан бақсылардан қорқады. Сондықтан «жын-шайтан соқты» деген науқастарды бақсы емдейді.

Қазақ халқының ең тереңдегі тарихын, қоғамдық шаруашылық күйіне жəне мəдениет белгілеріне қатысты деректерді біз бес мың жылдық жазба тарихы бар қытай ұлтының көне жазбаларынан, бұрынғы өткен патшалардың жылнамаларынан, байырғы Жібек жолын шарлаған жиһангездердің естеліктерінен ұшыратамыз.

Революцияға дейін қазақ даласын аралап, үңіле зерттеген этнограф-саяхатшылар көшпелі қазақтардың әйелдерінің жеңіл босанатындығын жəне бала-шағаларының іш ауруларымен сирек ауыратындығын ерекше таңданып жазып кеткен. Олар бұның себебін қазақ халқының бала тазалығына қатаң қарауы мен жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, үнемі таза ауада жүруінен болса керек деген тұжырымға келеді.

Тарихқа жүгінсек,қазақты құрған ру-тайпалар ежелден бері Орта Азия, Моңғол үстірті, Оңтүстік жəне шығыс Сібір алқаптарында жасаған. Бұл өңір асқар тау, қалың орманмен көмкерілген, жазы қоңыржай, қысқа. Ал қысы суық әрі ұзақ болғандықтан осы ортада жасаған ру-тайпалар табиғи түрде мал шаруашылығымен жəне аңшылықпен айналысқан. Жаратылыстық ортаның сол ортада жасаған халықтың тіршілігіне ықпалы орасан зор екендігі ғылыми дəлелденген шындық. Сондықтан, Қазақ халқы өзінің айқын ерекшелігі бар сахара мәдениетін жаратқан. Біздің сахара мәдениетіміз өзінің қайталанбас даралығымен, мол мазмұнымен сараланады. Сахара мәдениетіміздің маңызды бір құрамдас бөлімі есептелген сол мəдени мұраларымыз бүгінгі таңда біздің өткенді еске алатын көне мұралар ғана емес, сонымен қатар біздің өткенді танитын, әрі болашаққа жол тартуда алға ұстайтын бағдаршамымыз да болары хақ.

Қазақ халқы ежелден бері басынан қандай қиыншылықтар өткізбеді дейсің: 8-ғасырдан басталған араб шапқыншылығы, 13-ғасырдан басталған Шыңғысхан шапқыншылығы жəне 17-ғасырдан басталып екі жүз жылға созылған жоңғарлардың шапқыншылығын бастан өткізді. Міне осындай жаратылыстық орта мен тұрмыс тіршілік ахуалы біздің ата-бабаларымызға, мейлі олар жазуды ертеден-ақ білсе де, олардан ешқандай бір жазба материалдар қалдыруға шамаларын келтірмеді. Ата-бабаларымыз өзінің сахаралық мәдениеті саман дінінен тыс, будда, несториан жəне ислам діндерін де қабылдады. Баршаға мәлім, кезкелген бір дін өзіндік мәдениетін ала жүретіндіктен, бұрынғы мəдениеттер қақпайға, тамырына балта шабуға ұшырап отырады.

Əрине, халқымыздың басынан өткерген тарихи кезеңдердің, дүрбелеңге толы дәуірлердің әсері мен ықпалы ұлттық болмысымыздың жарқырай түсуіне, жаңарып жетіле беруіне, рухани байлығымыздың молая түсуіне мүмкіндік бермей, орасан зор орны толмас, өкініштерге ұшыратқаны баршамызға белгілі. Сондай кедергілерге қарамай, біз мынаны байқаймыз. Көреген бабаларымыз осынша байтақ жерді ғана сақтап қалмай, төл тарихына қатысты деректерді тас бетіне ойып жаздырып, артына қалдырған. Ал одан қалса, өзінің көкейінде берік сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап айту (ауыз әдебиеті) дәстүрі жалғасқан. Бұл үшін де халқымыздың ойлап тапқан тамаша бір тапқыр амалы – барлық қажетті мұраларды тілге жеңіл көңілге қонымды өлең түрінде қалдыруы болған.

Баршаға белгілі, баспа техникасы қазақ өміріне ене қоймаған ескі заманда, қазақтың байырғы шығармалары негізінен қолжазба күйінде жалғасуы. Қазақтың ірі қолжазбаларында ұшырайтын бір ерекшелік: ол қолжазбалардың өз дәуіріндегі патшаларға, бектерге, хандарға тарту ретінде ұсынылатын болғандығы. Қытай халқының мəдени мұралары да осылай дамыған. Бұған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иегунекидің «Ақиқат сыйы», Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін», Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» сияқты шығармалары тамаша дəлел. Қаншама сондай құнды шығармалар бізге жетпей қалды...

Ең бір таңғаларлық нəрсе, қаншама тежеулердің, ауызға тұмылдырық салудың тарих талайын көрсе де халықта бар құнды нәрсенің тұншықтыруға келмейтіні, күннің жарығына ұмтылған көк өскіндей бәрібір жарып шығатыны, көзі бітелсе де көмейі бітелмейтін бұлақтай өз жүйесін табатыны, өмірдің айнымас ақиқаты екен. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, қайта жаңғырған өмір осыны дəлелдей түсуде. Айтылмайтын жайттардың шаңы қағылып, тұншыққан тақырыптардың тынысы ашылып, еркін ойға қанат біткен қарымды шақ туды. Ел ішінде жандану, қайта ояну секілді үрдістер байқала бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Біз кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз», «Қазақтың мəдени мол мұрасы өзінің ғасырлар бойғы сапарында өзімен бірге туып, бірге дамып, бірге жалғасып келе жатқан бүкіл болмыс-тіршілігінің, рухани өмірінің айнасы. Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді».

Белгілі бір ұлттың дербес ұлт болып өмір сүруінің басты белгісі өзінің рухани өміршеңдігінде жатса керек. Рухы мықты ұлт тарих бетінен өшпейді . «Мың өліп мың тірілген» қазақ халқының сан ғасырға созылған тарихы да соған айғақ.

Ұлттық кеңестің мәжілісінде талқыланып бекітілген «Мəдени Мұра» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес сияқты. Жеріміздің бай екендігіне шартараптың көзін жеткіздік. Енді мәдениетіміздің де бай екенін насихаттап дәлелдеуіміз қажет. Сол себепті түрлі себептермен ұрпақ санасына жетпей жатқан ұлттықмəдени мұрағаттарды таныту, қайта жаңғырту ісі, сондай-ақ, адамзаттың ортақ байлығына айналған рухани дүниелерді қазақ тілінде сөйлету еліміздің зиялы қауымының мойнына жауапты жүк артып отыр. Сондай ұмыт болуға айналған, әлі де мойындауға, бүге-шігесін ғылыми дəлелдеуге түйсігіміз жетіңкіремей жатқан мəдени мұрамыздың бірі -қазақтың халық медицинасы.

ҚХР ШҰАР жазушылар одағының мүшесі, жазушы, фольклорист, ШҰАР-дағы аз ұлттардың байырғы шығармалар кеңесін басқарушы, бауырымыз Мағаз Сүлейменұлының мәліметіне (Мəдениет журналы, №10, 2007) қарағанда қытайдың мəдени мұра бағдарламасы бойынша (1983 жылдан бастап) Шинжиан районы бойынша қазақ ұлты біршама мол қоныстанған отыз үш ауданда 132 кітап баспадан шығыпты жəне сол кітаптардың ішінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы 1998 жылы Қытайдың мемлекеттік кітап сыйлығы мен мемлекеттік аз ұлт кітап сыйлығы сынды қос мəртебенí еншілеп, қазақ емшілігінің тамыры тереңде жатқанын дəлелдептí !!!

Бұл құнды кітап Қытайдан келген бауырларымыз Керім Елемес пен Дүкен Мәсімханның арқасында Араб қарпінен көшіріліп, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің бастамасымен 1996 жылы Алматыда «Жалын» баспасынан басылып шықты.

Ал біз неге бұл кітаптың құндылығын бағалай алмай жатырмыз? Неге біздің денсаулықсақтау министрлігінде отырған чиновниктер мен атақты ғалымдарымыз халық емшілерін мойындағылары келмейді? Халық емшілерінің барлығы бірдей «шарлатандар» емес шығар...

Себебі бұл жағынан да біз өркениетті елдерден көп артта қалдық. Жетпіс жылдан астам атеизм буына уланған біздер адам табиғатын зерттеудегі материалистік қағиданы тұғыр еткен ғылымның арқасында мөлдір, көзге көрінбейтін əлемнен байқалатын құбылыстарға түсінік бере алмай отырмыз. Өйткені трансценденттік мəселелер мен бұлтартпайтын шындыққа жету үшін мүлдем басқаша көзқарас керек екен. Бұны да батыстың ғалымдары көрсетіп отыр.

Дүниедегі ең құпия да күрделі құбылыс – адам. Өкінішке орай, біз бұған, яғни өз табиғатымызға пəлендей мəн бермейміз. Біз тек адамның ет пен сұйектен жаратылғанын, анатомиясы мен физиологиясын ғана еміс-еміс білеміз. Жан атты жұмбақтың, рух атты қасиеттің астарына пəлендей мəн беріп үңілмейміз.

Адам жанының байлығы, рухани пəрменgілігінің күші шексіз. Көзге көрінбейтін қазбалардай оны аршып шығару оңай емес. Анатомиялық құрылысы соншалықты айқын болғанымен, адам рухының асқақтығы, қайраты, жігері қайран қалдырарлық жəйт.

Кейінгі кезде көріпкелдік жəне емшілік қасиеттері бар жандарға ықылас танытып, кейде тіпті асыра мақтап-марапаттауға бейімделіп алғанымыз (əсíресе журналистеріміз) да рас. Бірақ олардың бойындағы қадірқасиетті зерттеп-талдай алмай отырғанымыз да шындық.

Осының бəрíн қортындылай келе айтарымыз халық медицинасы да мəдени мұрамыздың құнды бір саласы. Сол себепті бүл құнды мұрамызды да өркениетті елдер сияқты тереңірек талдап-зерттеп, атеисттік пиғылдан арылып, байыппен саралап, Қытай жəне Тибет медицинасы сияқты құнды жерлерін ғылыми медицинамен ұштастырып халқымыздың денсаулығын жақсартуға пайдаланғанымыз жөн болар еді.

Ашық сабақ. Физика. Физика есептері мен шешу жолдары
Ашық сабақ. Физика. Күнтізбелік - тақырыптық жоспар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу