Шымкент: Халықты көкөніспен қамту мәселесі талқыланды

Oinet.kz 04-04-2024 73

11.jpg 

 Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Көрме" орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті. Бұл туралы  Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Форумға Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.

Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл ретте Үкіметке Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес бүгінде өңірлерде кешенді шаралар қолға алынды.

Форумның мақсаты - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда, дефицитті алдын алуда көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын ала келісім-шарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі жиында халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуде бірқатар келісім-шарттар түзілді.

Айта кетері, былтыр Президент Жолдауында:

--Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.

Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн,--деген болатын.


Шымкент: Олимпиадаға 5 жолдама бар
Құрылтайда көтерілген мәселелер қоғам үшін өзекті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу