Шымкент: «Таза Қазақстан» 5 аптаға созылады

Oinet.kz 10-04-2024 540

23.jpg 

Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ.

Жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек.

Осыған байланысты Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізді. Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Республикалық экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция аясындағы атаулы 5 аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады. «Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.

Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.


Шымкент: Батысқа көмектің екінші легі аттанды
Шымкент: 273 жасқа жеңілдетілген несие беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу