Қуыс кеуде. Өлең

Oinet.kz 11-01-2020 1272

Әй, досым, сен достыққа жарамадың,

Жүрегімді бекерден жараладың.

Досқа деген сенімге кір келтіріп,

Ақ қағаздай жанымды қараладың.


Бұл өмір балалықтан басталады,

Әр баланың ашылсын қас-қабағы.

Әр баланы өзіңе тарта білсең,

Отбасыңда береке сақталады.


Ашуланба, қарағым, ашуланба,

Айқай, шудан тентектік басылған ба?

Сабырменен жеткізген тәрбиеңіз,

Жеткізеді мұратты асылдарға.


Дәулет қонар қашанда сабырлыға,

Білімі зор ғұлама ғалымдарға.

Жас кезінен балаға тәрбие берсең,

Талпынады ұқсауға алымдарға.

Серік Дербісбаев

Алғашқы махаббат туралы өлең
Сезім туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу