«Бала көнбей жатыр»

Oinet.kz 25-07-2021 1951

Студент кездегі бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Қызылорда облысында тұратын бір керемет досым бар. Өзі оқымаған әртіс. Қасында жүрсең ішек-сілеңді қатырады. Бұл  соның басынан өткен оқиға.

Screenshot_26.jpg

Өзі ата-анасының отбасының тірегі болады деп үміт артқан ұлдары-тұғын. Бірақ біраз жасқа келгенше үйленбей жүріп алды. Ол кезде әкесінің екі інісі Қызылордада жоғары лауазымды қызметтерде істейтін. Әкесі де өзі тұратын өлкеге сыйлы, беделді адам еді. Қысқасы, сол аймақта ол әулетпен құда болғысы келетін адам көп.

Жаңағы досым Алматыда оқыды да, елге сирек барып тұрды. Үлкендердердің «үйлен» деген сөзінен мезі болса керек. Өзіне анау-мынау қыз ұнай қоймайтын.

Бір күні әкесі ауылдағы жастардан жаңағы досымның мектепте оқып жүргенде ұнатқан қызын сұрастырады. Сөйтсе ол қыз бар екен және тұрмысқа шық­папты. Оны ести сала көкеміз: «Егер үйленбесең, пәленшенің қызына өзім үйлендіремін», – деп ұлына телефон соғады. Бұрын өзінің қолы жетпеген сұлу қыздың атын айтып тұрған соң, әрине, досымның жанына майдай жағады.

Сол аралықта әке-шешесі жаңағы қыздың үйіне барып құда түсіп те үлгереді. Бір жағынан анадай отбасымен құда болатынына, екінші жағынан жасы келген қыздың теңі табылғанына құда жақ та қуанып қалады.

Досым да екі өкпесін қолына алып, ауылға жетеді. Көз алдына баяғы мектептегі қыпша бел, күлімкөз, қиғаш қас ару елестеп, кештің болуын асыға күтеді. Ондай кезде уақыт та өтпей қояды ғой. Әйтеуір, әупірімдеп кеш те түседі. Барын киіп, бақанын таянған досым қыз жаққа тартады. Қызды оңашаға шақыртып, тағатсыздана күтеді.

Бір уақытта етжеңділеу, толықша әйел қасына келіп амандасады. «Жеңгесі шығар» деп ойлаған досым жаңағы қызды сұрайды ғой. Сөйтсе бұл сол қыздың дәл өзі екен. Уақыт өте келе толысқан, баяғы келісті келбеті жүз сексен градусқа өзгеріп кеткен. Бетінде аздап безеулер де пайда болыпты. Алып-ұшқан көңілі су сепкендей басыл­ған досым бірден қоштасып, үйге бармай вокзалға тартады. Ары қарай Алматыдан бір-ақ шығады. Әке-шешесінің телефонына да жауап бермей зым-зия жоқ болады. Қыз жақ болса құдалардың хабарын ары күтіп, бері күтіп, ақыры өздері келеді. Содан: «Құдалығымыз не болды?», – дейді ғой. Не айтарын білмеген досымның әкесі: «Бала көнбей жатыр»,  – деген екен.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ

Кезінде өз ұрпағымнан сонша жерінгеніме өкінем
Ешқашан еркектерге сенудің қажеті жоқ екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу