Марат Мәзімбаев: «Тойымыз мектептің асханасында өтті»

Oinet.kz 16-04-2019 1359

Алматы қаласында оқып жүрген кезім болатын. Тығыз шаруалармен Тараз қаласына баруым керек болды. Тірлігім бір күнде бітпейтіндіктен, түнейтін үй іздестірдім. Өзім Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы болсам да Тараз қаласында тұратын туысым жоқ еді. Сосын Алматыда  бірге оқып жүрген досыммен ақылдастым. Сұрастырып көрсем оның Таразда туысы бар болып шықты. Келісе келе екеуміз Таразға бірге баратын болдық. Шаруаларымды бітіріп болған соң досым екеуміз туысының үйіне бардық. Үй егелері ашық-жарқын жүзді жандар екен, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, ас-дәмін ұсынды. Бір кезде ары-бері тірлік жасап жүрген сол үйдің бойжеткен қызына көзім түсіп кетті. Сүп-сүйкімді қыз екен. Сол күні онымен танысып, сөйлесіп үлгердік. Не керек, содан кейін екеуміз біраз уақыт кездесіп жүрдік. Оны Алматыға шақыртып, бірге киноға, кафеге бардық. Бір-бірімізді етене жақын танып, сырлас адамдарға айналдық. Жанармен өмірлік серік болуға шешім қабылдадым. Қарындасына ғашық екенімді досыма ашық айтайын деп шештім. Алғашқыда мұндай жаңалықты естігенде ол біраз түсінбестік танытып, қарсылық білдірген болатын. Сірә, екеумізден жақын қарым-қатынасты күтпесе керек. Бірақ досыма оған деген сезімімнің шынайы  екенін, онымен бірге шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешкім келетінін айтқаннан кейін барып, келісімін берді. Жасым жиырма алтыда еді. Шынымды айтсам өзге ғашықтар секілді ел аралап, қыдырып жүруге уақытым болмады. Үйленетін жасқа да келіп қалдым. Бір күні Жанарға маған тұрмысқа шығуына ұсыныс жасадым. Көп ұзамай ол келісімін беріп, отау құрдық. 

Screenshot_29.jpg

Мен үйленген жылы тойханалар өте сирек болатын. Ал Қордайда бірде-бір тойхана болған жоқ. Ата-анаммен ақылдаса келе тойды ауылдағы мектептің кішкентай ғана асханасына жасайтын болдық. Тойдың қай жерде өткені маңызды емес, бастысы қалай өткенінде емес пе?! Асханада өтсе де тойымыздағы қызықтарды қонақтар әлі күнге дейін айтып жүреді. 

Әйеліме әрдайым қолдау көрсетіп жүруге тырысамын. Үй шаруасына үлгере алмай жатқанда картобын, пиязын ашып берген кездерім де болады. Азық-түлік алу үшін базарға да бірге барамыз. Қазір аялап отырған төрт қызымыз өсіп келеді. Үлкеніміздің жасы 12-де. Анасына қолғабыс етуге жарап қалды. 

Менің Жанарды ерекше бір құрметтейтін тұсым оның тазалықты сүйетіні. Қаншалықты тығыз шаруасы болып немесе  шаршап тұрса да үй ішін мұнтаздай етіп, киімдерді тап-таза етіп отырады. Үй шаруасын тез үйлестіріп әкете алады. Ісінде ешқандай шалалық болған емес. Алайда алғаш үйлеген жылдары аздап қызғанып тұратыны бар еді. Көшеде, қоғамдық көліктерде халық мені танып, қолтаңба сұрап, кейде бірге суретке түсулерін өтініп жатады. Сондай сәттерде Жанар кәдімгідей қызғаныш сезімін білдіріп қояды. Әрине, әйел адамы болған соң қызғаныш сезімнің болуы заңды. Бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы қалыпты құбылыс. Бірақ осы күнге дейін қатты ренжісіп, артық кеткен емеспіз. Өзара түсіністік қалыптасса  отбасы да берік болады емес пе?

Мұхтар Шерім, сатирик: «Уа кімсің, Мұхтармын...»
Тоқтарәлі Таңжарық, ақын: «Ұрлықпен ұсталып таяқ жедім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу