Інім деп жүргенім өзімнің туған ұлым

Oinet.kz 28-11-2022 14141

Менің жасым қазір қырықтарда. Осыған дейін екі рет үйлендім, бірақ отбасылық өмірде жолым болмай ажырасып кеттім. Екі әйелімде де менен балалар қалды. Бірінші әйеліме пәтерімді тастадым. Екінші әйелімде қалған балаларыма алимент төлеп тұрамын. Жоғары білімім бар, қызметім де жақсы. Арақ пен темекіге әуестігім де жоқ. Білмеймін, не қара басатынын әп-әдемі болып үйленемін де ажырасып кетемін.

Screenshot_4.jpg

Тіпті балаларым үшін де тұра алмадым. Бірінші әйелім ақшаны өте жақсы көретін жан еді. Орысша тәрбиеленген. Екеуіміздің мінезіміз жараспай ың-шыңсыз ажырастық. Екі жылдан соң тағы да үйлендім. Басында бәрі жақсы еді. Кейіннен әйеліме менің іссапарға көп шығатыным ұнамады. Апталап, айлап үйде болмаймын. Әйеліме де суықпын. Сүйіп-күйіп үйлендім деп айта алмаймын. Ұнату болған шығар сол кезде. Бір жағынан жалғыз жүріп жалықтым, бір жағынан ата-анамның «үйлен-үйлен» деген сөзінен мезі болдым. О баста шикі болған дүние аяғында ажырасуымызға әкеп соқты. Осылайша мен қазір екі рет ажырасқан бойдақпын.

Күні-түні жұмыстамын. Астанадағы пәтерімде кіші інім мен әпкемнің ұлы тұрады. Өзім айлап іссапардамын. Айлығым жоғары, қосымша табыс көзі де бар. Ақша шашып қыз-қырқын деп қыдыратын қыдырымпаз емеспін. Анда-санда кездесіп қоятын келіншектер де жоқ емес. Ата-анама және ініме көмектесіп тұрамын.

Туған інім демекші, барлық сырдың түбі осы інімде. Інім дегенім - менің туған ұлым. Қазір жасы жиырма бірде. Университетте оқиды. Өзі менің туған ұлым екенін ешқашан білген емес. Мені туған ағасындай көріп емін-еркін сөйлесіп, әзілдесіп, кейде тіпті сөзге де кеп қаламыз. Менің әкемді яғни ұлым атасын «біздің батя» деп әңгіме айтып отырады. Ұлым менің он сегіз жасымда дүниеге келді. Оқиға түсінікті болу үшін басынан бастап баяндап берейін.

Мен мектеп бітіретін жылы көршіміздің үйіне көрші ауылдың бір қызы қонаққа келді. Қыздың ата-анасы ерте қайтыс болған екен. Тек жалғыз ағасы бар. Сол ағасының қолында тұрады. Ағасының өз жанұясы бар. Оқуға түсе алмай қалған қызды туысқандары «үй шаруасына болыс» деп шақыртып алған екен. Кісі қолына қарап өскен қыз сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып бар жұмыстарын атқарып жүрді. Қыздың есімі - Айза еді. Үріп ауызға салғандай өте сұлу еді. Менен бір жас үлкен болса да қызға бірден ғашық болдым. Күні-түні сол көрші үйінің маңынан шықпаймын, есік алдына шығып аңдығаным да осы Айза. Осылайша екеуіміздің арамызда үлкен махаббат туды. Екі жүрек қалаған соң әдемі кештерді бірге өткізіп жүрдік. Мен өзімше мектеп бітіре салып Айзаға үйленбекшімін. Осылайша мен мектеп бітірдім. Ата-анам өте қатал жандар еді. Мені күзде Алматыға оқуға аттандырды. Айзамен қоштасып, алғашқы түнді бірге өткізіп, оқуға кеттім. Үйленем деген арманым желге ұшты. Менің пікіріммен санасып жатқан ешкім жоқ. Тыңдамай қайда барасың...

Мен Алматыға келгелі біраз болған. Бірақ бір күнде Айзаны ұмытқан емеспін. Ол кезде ауылда телефон деген атымен жоқ. Сол күйі мен ауылға жете алмадым. Қысқы каникулда үйге бармақшы едім, әкем өзі келіп кетті. Мен туысқандарымның үйінде тұратын едім. «Ауылда қар қалың, жол жоқ, сабақтан қаласың!» деді. Осылайша жаз келді. Бізді сессиядан соң студенттердің құрылыс отрядтарымен жан-жаққа жіберді. Сонымен қойшы, мен ауылға күзге қарай бардым. Үйде анам жөргектегі сәбиді мәпелеп бағып отыр. Анам көзі ашық, көп жерге сөзі өтетін адуынды еді. Ойымда «мен кеткенде анамның аяғы ауыр ма еді? Інілі болғанымды неге айтып, сүйінші сұрамаған» деп қоямын. Кеш қарая көрші ауылға барғым кеп қипақтап жүргенімді байқаған анам «ешқайда бармайсың, ол қыз күйеуге тиіп кеткен, сөйлесетін сөз бар» деді. Не айтып тұр дегендей анама қарап қатып қалыппын, ойым сан-сақа.

- Ол қыз тұрмысқа шықты. Мынау сенің балаң! Балаңды маған берді. Еркектік намысың болса енді ол қызды іздеме, сені де балаңды да керек қылған жоқ. Оқуыңды оқып өз болашағыңды ойла. Ешқашан мына сәбиді өзімнің балам деп ойлама және ұлың әкесі сен екенін ешқашан білмей өтуі керек! - деді анам.

Балаға қарасам өз тарапымнан ешқандай әкелік деген мейірім көріп тұрған жоқпын.

Сәбиді көрген сайын Айза есіме түсіп, ұяттан өртеніп кете жаздаймын. Ақыры демалысым демалыс болмай Алматыға кетіп қалдым.

Жылдар өтті. Аулыға барған сайын «інім» ағатайым деп қарсы алады. Өзім қасында болмағаннан соң ба әлде жаспын ба білмеймін, мен де інімдей қабылдап кеттім. Кейіннен анамның айтқаны:

- Балам, мен не жасасам да сен үшін жасадым. Маған да оңай болған жоқ. Жастықпен ойнап жүріп от бастың! Сені оқып үлкен азамат болса екен деп армандаушы едім. Өсек жатсын ба, сен кеткен соң көрші ауылдан қыздың аяғы ауыр деген сыбыс жетті. Қызды ағасы үйіне әкең екеуіміз іздеп бардық. Қыздың іші шығып қалған екен. Баланы туған соң маған бер, сенің бағатын жағдайың жоқ. Ұлымның оқуы керек. Сені де жоғары оқу орнына түсіріп берейін дедім.

Басқа шарасы болмаған қыз келіскен сияқты. Анам Қостанайға барып, нағашы профессор ағаммен сөйлесіп қызды оқуға түсіріп беріпті. Кейіннен Айза оқуын аяқтамай тұрмысқа шығып кеткенін де естідім. Ұлым мектеп бітіретін жылы анамды Айза іздеп келіп, соңғы қоңырауына келгісі келетінін айтыпты. Анам рұқсатын беріпті. Мен де бардым. Салтанатты жиында Айзамен бас изеп алыстан амандастым. Ол «ұлымыздың» қасына жақындамай, алыстан қарап тұрды. Өзгерген. Аздап қартайған. Жүзі мұңды. Сол күйі ұлымның анасын көрген емеспін...

Міне, осылайша менің алғашқы махаббатта жолым болмаған еді, әлі де сол қыздың көз жасы ма білмеймін отбасылық өмірде бағым жанбай келеді. Баласын ойлаған туған анаңа да өкпелей алмайсың!

alashainasy.kz

Туған қайныма баламды бекер беріппін, қатты өкінемін
Күйеуімнің көңілдесінің бетіне кислота шашқым келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу