Мейірімділік мекені отбасындағы бауырмалдықтан басталады

Oinet.kz 06-12-2023 843

«MediaOn.kz» Республикалық құқықтық ақпараттық жаңалықтар агенттігінің директоры-бас редакторы, «Жас  көшбасшылар академиясы»  жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Малика Абдалиева «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер әйелдер көшбасшысы» номинациясының иегері атанды. 

Screenshot_11.jpg

Қазақ отбасындағы әрбір әйелдің басынан талайлы тағдыр өткен. Бірақ, қазақ әйелі жыласа да жасымайтын, құласа да қаймықпай, қайта тұратын қайраткерлер. Малика да сондай қайсар қыздардың бірегейі. Өкінішке қарай, он балалы отбасында дүниеге келген кейіпкеріміздің үш бірдей інісі өмірден қатар озған. Бірі отыз үшінде, бірі отыз бесінде, бірі қырық жасында шын дүниесіне қайтқан бауырларынан сегіз ұрпақ қалған. Сегіз баланы кішкентайларынан бауырына басып, мейірімін төккен Малика бүгінде олардың барлығын жоғары білімді, өз салаларының мықты мамандары етіп шығарды.  

«Мен табиғаты сұлу Келес өзені, тоғайы бар ауылдан құм суырған арқыраған Арыстанды қарабастай желі бар Отырардың қазіргі Шәмші ауылына тұрмысқа шықтым. Бес жыл екі ене, күнде сойылатын қой, қонағы таусылмайтын шаңырақтың бесаспап келіні болдым. Ең бірінші менің төркінімдегі қайғылы қаза осы кезде басталды. 16 жасында өзімнен кейінгі сіңлімнен көз жазып қалдық. Әке-шешемнің бірден қартайғанын, Райса сіңлімнің қазасының өте ауыр болғанын көрдім. Қазаны бөлектің қайғысы басқа дегендей, бір жылап, бір күліп тұңғышым Айшаны дүниеге әкеліп жүріп бұл қайғыны өткіздім. Ауылыма бір-ақ күнге келіп кететін едім. Сосын інілерім үйлене бастады. Марқұм әкем, үлкен інім Сейіткәрім үйленгенде Райсамның орнына келді келінім деп қуанған еді. Жалпы біздің үй келіндерге өте жайлы, әке-шешем қыздарындай қабылдайды. Келініміз бірінен-соң бірін, бес ұлды дүниеге әкелді. Өзекті өртейтін өкінішім, сол бесеудің қызығын көрмей кеткен бауырым ғой. Інім үлкен ұлы тоғызыншыны оқып жүргенде,  ал кішісі 1,5 жаста кезінде жол апатынан қайтыс болды. Аллаға сансыз шүкір, бес ұлдың бірінде өзі, бірінде көзі, бірінде сөзі. Алайда, орнын толтыра алмайтыны да рас. Інім дүниеден өткеннен кейін тұп-тура бір жылдан соң 26 қыркүйек күні (сәйкестік пе, әйтеуір, мен қорқатын күн)  екінші інім екі ұлдың әкесі Азатым кетті. Мен сол күні қатты есейдім. Болаттай берік болумен бірге жетеуі мен екі келіннің жоғын түгелдеу мен мұңайтпау деген жүкті мойныма іліп алдым. Ауыл мен қаланың ортасында күні-түні жүре бердім. Мектеп оқитын кіл ұлдың мезгілдік киімі, тамағын жеткізу деген біраз дүние еді. Амалсыздық емес, солардың жетпей тұр дегені де емес, мен олардың жарқырап жүргенін қаладым. Өмір өлкесінің заңдылығын бұзуға ешкімнің де құқы жоқ. Жылдардың ағысымен бізге келетін естиярлық, кемелдену, өңімізге түсетін өзгерістер барлығы да болуға тиіс дүние. Сәт сайын ата-анамның мұңлы жүзін көру маған оңай болмады. Іштегіңді ешкімге айта алмайсың, сыртыңды бүтіндеп жүре бересің. Ерте есейтпек түгілі бірден қартайтып та жіберді. Бірақ, тағы сол бірақ... Өмір сүру керек! Тек алға ұмтылу деген қатып қалған принципіммен алға жылжыдым!»,– деп көзіне жас ала өткенді еске алды кейіпкеріміз.Оның сөз соңында айтқан «Өмір сүру керек! Тек алға ұмтылу керек!» дегені қайраткер екенін тағы да дәлелдей түскендей болды.

Screenshot_10.jpg

«Құдайдан қорық, пендеден ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма» дегенді ұстанатын Малика қазір қызметтеріне, оқуларына байланысты еліміздің өзге өңірлеріне кеткен балаларымен күн сайын сөйлесіп, ақылын аямай айтып тұратынын жеткізді.

«Екінші, үшінші ұлдар Астана, Алматы қалаларында өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Барлығы отбасылы, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Шүкіршілік. Төртінші ұл грантпен Арқалықта жоғары оқу орнын психолог мамандығы бойынша бітіріп, қазір қолымда, яғни Жас көшбасшылар академиясын жүргізуде.  Қазіргі заман талабына сай мобилограф, СММ, маркетолог сынды ақылы курстарды  түгел оқытып алдым. Екі-үш кісінің жұмысын қатар алып жүр. Ол алтыншы сыныптан бастап ораза, намазын тастаған емес. Айтпақшы, бұл баланың есімін де өзім қойғанмын, Райымхан деп. Райымханымды екі қызым өсірді. Өзінің үйленуі де кәдімгі жыр болды, жалпы, бұл серілердің  барлығының махаббаттарын өз басымнан өткергенмін. Сырларын да, жырларын да менен жасырмайды. Райымхан ауылда өзінен екі жас кіші қызға ғашық екен, оны бұрын бір естігем, бала махаббат деп ойлағанмын. Содан ғашығы Айсұлу екеуі үйленерде арада болмашы әңгімелер орын алып, әке-шешесі үйленулеріне қарсы болған. Інім мешітке қонып, күндіз-түні Алладан сұрап жүріп жыл өткенде қол жеткізді. Бір риза болатыным, өздері ғашық болған қыздарына үйленбей қоймайды. Ал, менің міндетім оларды жар таңдауда қателестірмеу»,– дейді балалардың қазіргі халін қуана айтқан кейіпкеріміз. 

Мейірімнің мекені іспеттес Малика сөзін жалғастыра келе:

«Өзімнен кейінгі Сейітімнің бір жарым жасында әкесіз қалған Дияс есімді ұлы бар. Қазір Өскемен қаласында  жоғары оқу орнында эколог мамандығын игеруде. Дияс – менің бесінші бойдағым. Ал, марқұм Азатымның екі ұлы да техникалық колледжді бітірді. Үлкені Мұхамедияр, қазір бизнесте жүр. Күнінде бір қоңыраулатып басқан қадамын мәлімдеп тұрады. Ақылымның жеткенінше менде тоқтамаймын. Оның қандай салада екенін айтқым жоқ, көз тиер деп қояйын. Үйлі, жақсы көлігі бар, екі ұлы бар. Інісі Айбар  “әпке, мен күнде 10 мың таппасам ұйқым келмейді” деп әзілдейді. Ол кәдімгі үлкен мейрамхананың бас аспазы. Ол жігіт те бойдақ. Ендігі мәселе осы үш бауырымды үйлендіру. Айта келе, үшінші інімнің жалғызына ауысып жатырмын. Екі інім өмірден өткен шақта үйдегі кенже Астанада еді. Келінім Гаухар екеуі ауылға қайтты. Бірінен соң бірі кеткен қайғыны кеуде көтере алмай жүрген үйдегі қос мұңлықтың, шығар жаны осы баланың үстінде болды. Ерке, бірақ есті тентек еді – Нұрқанатым»,– деді де терезеге телмірді. Үш бауырын жоғалтқан қайғысын айтып жабыққан жаны олардың алтын асықтай ұлдарының қазіргі жетістіктерін айтқанда қайта қуанғандай болған. Енді қайта мұңға оранды. Кейіпкеріміз тағы да қайғының қайығына мінгендей сезілді. Күндей күлімдеп тұратын көзіне, жарқыраған жүзіне бір-ақ сәтте мұң үйірілді де кетті. Бір күрсінді де, қайсарлығын, күш-жігерін қайта жинап алып сөзін жалғады: «Осыдан бес жыл бұрын, күзде оның да жүрегі мәңгі тоқтады. Нұрқанатымды айтып отырмын. Солай біз тағы қайғы жамылдық. Әкемнің соңғы тілегі орындалмады, артымда таяқ ұстап жылап тұратын ұл осы, осының алдында алсын деген. Олай болмады. Біз қаласақ та, тағдырға қарсы тұра алмай қара жамылып қала бердік. Шындығында, түс көргендей  болып қалдық. Әкем дүниеден өткенше үш жыл екі дүниенің ортасында жүрді. Қара шаңырақты бұзып, орнына еңселі үй көтерген інім, төбесін жауып үлгермеді. Кішкентай үйден інімді арулап шығарып, қырқына дейінгі мәзірін мейрамханада өткіздік. Тұп-тура екі ай ішінде бітпей қалған үйді түгел бітіріп, ішін жиҺаздап әке-шешемді төріне шығарып, жыл жиырма амандықта жүруін сұрадым. Аллаға сансыз шүкір, шешем үйде, тек әкем кетіп қалды»

Screenshot_12.jpg

Кішкентай кезінен, мектеп жасынан жақсылыққа жаны құмар, оқу-жазуға құштар, мектептегі белсенді болған Маликаның анасы «жұрттың қызын қарашы» деген сөзді жиі айтатын болған. Сол жұрттың қызымен салыстыратын анасының сөзі оны күні бүгінге дейін қамшылап келеді. Анасының сол сөзі оны көзсіз батырлыққа, жоқсыз қамқорлыққа, түксіз тәуекелділікке үйретті. Қазіргілер тыңдамаса керек, ал Маликаға бұл салыстырмалы тәрбие үлгі болып қалды. Қазіргі қоғамның қақ ортасында жүрген белсенділігі, журналистикада сала білген сара жолы, әрдайым әділеттілік үшін күресіп жүретіндігі осыны дәлелдесе керек. 

Кешегі замандағы батыр, қайсар аналардан қалған сарқыншақ іспетті кейіпкеріміз сөзін былай қорытындылады: 

«Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Бәрі оңынан ғой. Бірақ сол бірағы, «ой бауырымдап» жылаған шақтарым кейде есеңгіретіп жібереді. Ата-ананы баланың қазасымен қинамасыншы. Жалпы, бұл тағдырдан алыстап кете алмайсың. Жыласам – жұбанамын. Күлсем – шаттығым шексіз. Күйінсем, демек көңіліме кірбің салар мұң бар.  Сүйінсем – жарық әлемге бекер келмегендігімнен. Әлемде кездейсоқ ештеңе жоқ. Барлығы да Жаратқанның жарлығымен келетін дүние. Өмір өлкесінің заңдылығын бұзуға ешкімнің де құқы жоқ. Жылдардың ағысымен бізге келетін естиярлық, кемелдену, өңімізге түсетін өзгерістер барлығы да болуға тиіс болмыс. Иә, қазір бір әулеттің әпкесімін. Сол ӘПКЕ деген әпкеге лайық болсам ғой шіркін. Кісілігіңнен кішілігің басым болғанда ғана, ортаға сыйлы боласың. Менің басты ұстанымым осы. Қазір бауырларыма кейде қарындас болып қалатыным бар. Өйткені, оларға азамат деп қараймын. Ұялы телефоным әрдайым қосулы болады. Себебі мен сол баяғы әпкемін ғой. Сен сұрамасаң да мәселесін айтып, талап етпесең де ақталады кейде бұлар. «Бәрі жақсы» деген жауаптың бәрі шындық емес.  Біраз әңгімеден кейін не болып жатқанын ағыла баяндайды. Әр бауырыма арнайы әңгімем әр қиырдан басталады. Олардың мінез болмысы бөлек. Адамзаттың өмірдегі жалғыз миссиясы – адами бейнесінен айнымай, сынақтан сүрінбей өтіп, мәңгілікке берілетін бағалы жолдамаға лайықты ғұмыр кешу. Бары сол-ақ».

Аида ӨТЕП

Бірінші әйелімді қимаймын...
Қарыз сұрай беретін туған анамнан әбден шаршадым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу