Қалай жақсы адам боламын?

Oinet.kz 10-07-2019 1163

v4-900px-Be-a-Good-Person-Step-1-Version-3.jpg

Бұл әлемде кез келген адам жақсы адам болғысы келетін болар яки жақсы адам көрінгісі...

Неге болмасқа? Тек, жақсы адам болу оңай шаруа емес.

 Әлем сұр түске еніп бара жатқанын байқайсыз ба? Сіз де сол сұр әлемнің бөлшегісіз. Сіздің әрқайсыңыздың ішіңізде мейірбан, жанашыр, қолы ашық, көңілі де ашық адам өмір сүретініне сенімдімін. Тек, кейде, ұйқыда. Себебі біз кез келген жақсылығымызды адамдардың бағалағанын қалаймыз, қайтарғанын қалаймыз, дұрыс та! Бәрі есеппен, алайда, кейде өзіміз әдейілеп жаман адамның рөлін сомдаймыз. Өйткені тым жақсы адамдарды бәрі таптап тастайтындай көрінеді. Бәрі адамның қалай ойлайтынында, қоршаған ортаны қалай қабылдайтынында. Сіз өз ойыңызды тек жақсы ойлауға баптаңыз. 

- Жақсы адамдарға тән қасиеттерді бойыңызға сіңіріңіз ,- деген ақылгөй сөздер ешкімге ұнамасы анық. Сондықтан сіздерге басқаша түсіндірейін. Оңай тілде, оңай жолын. Білемін ғой, оңай нәрселерді іздеп тұратындарыңызды. Бәріміз де бірдейміз. Осы материалдың өзін тез-тез оқып бітіргіңіз келіп тұрған болар. Сонымен, жақсы адамдарға тән қасиеттер:

  • Қарапайым әрекеттерден бастаңыз. Көшеде қоқыс көрсеңіз қоқыс жәшігіне тастаңыз. Жақсы көріну үшін. Кім біледі бұл әрекет сізге біраз уақытта әдетіңізге айналып, сіз "табиғат жанашырына" айналасыз.

  • Күліңіз. Кейде өзіңізді мәжбүрлеп болсын күліңіз. Қуаныштың гармондары сізге қажет. Күліп жүретін адамның жүзі жылы болады, жүзі жылы адамдарды бәрі жақсы көреді. Сіздің өміріңіз оң тарапқа өзгеруі мүмкін.

  • Күніне кемінде бір адамды құшақтаңыз. Бірақ, шын жүрегіңізбен. Бұл әрекет жүрегіңізге жылулық ұялатады. Өзіңізге жағымсыз адаммен етене жақын болғаныңыз сізде ешқандай сезім тудырмасы анық. Егер, өміріңізде сіз үшін ұнамсыз кейіпкерлер болса, оларға бейтарап көзқараспен, сабырлықпен қараңыз. Бір сөзбен жайына қалдырыңыз. 

  • Өзіңізді ешқашан ешкіммен салыстырмаңыз. «Мен бұл адамға қарағанда жақсымын», «мен бұл адамға қарағанда жаманмын». Мұндай салыстырулар ешқандай жақсы нәтижеге алып келмейді. Басқалары жөнінде жаман ойлауды доғару қажет. Жаман ойласаңыз да, ішіңізде қала берсінші.

  • Тағы бір қулық. Жақсы адамдардың жанында жүріңіз. Жақсы адам болғанда да, жанында жаман нәрсе жайлы ойлау мүмкін емес адам болса, тіпті керемет. Жоқ, сіз қолданғалы жатқан жоқсыз. Керісінше, жақсы адам сізге жақсылық жасап жатыр есебінде. Сіз де бір жақсының сізге жақсылық жасауына себепші болдыңыз. Керемет! (деп, өзіңізді сәл алдап қойыңыз)

  • Кейбір адамдар сұсты түрмен өмірге келеді (өзімнен білемін). Сіздерге ерекше қиын. Сіздердің жүректеріңізде менсінбеушілік сезімі болмаса да, жүзіңізде менсінбеушіліктің суреті салынып тұрады емес пе? Амалы бар ма? Бар. Адамдармен араласудан ешқашан қорықпаңыз. Қадамды бірінші болып жасаңыз. Ол адамдардың сізбен қатынас жасағысы келмесе де, сіздің жақсылықтарыңыз ешкімді бейжай қалдырмасы анық. 

  • Амандасуға да мән беріңіз. Қалай түсіндірсем... Мәселен, сіз жатақханада тұрасыз делік. Жатақхана дәлізінде кірген-шыққандарды қадағалап отыратын түсі суық, қатал вахташы апаймен күнде күліп амандасып жүріңіз. Әрдайым дауысыңызды шығарып, жымиып амандасыңыз. Сізге кепілдік, біраз уақыттан соң «қатал апай» да жібіп, сізге күліп жауап қайтаратын болады. Бұл қарапайым мысал. Өміріңізде сіз күнде көретін қанша адам бар. Олардың барлығы да сіз секілді, сөйлескісі келеді, достасқысы келеді, жақсы қарым-қатынаста болғысы келеді. (Олай автобуста көріп, ұрланып қарап тұрудың қажеті жоқ.)

  • Басқа адамдардың жеке қалпын құhметтеңіз. Қатал ма, демек өмір ол кісіні аяған жоқ. Сізге өзінің жақсы екенін, не үшін мұндай адам болғанын түсіндіруге міндетті емес. Керісінше, қалай бар, солай қабылдаңыз.

  • Өзіңізге қандай қатынас күтсеңіз, елге де соны жасаңыз. Ескірген кеңес пе? Алайда, жақсы адfм болу жолында, бұл пунктті аттап өтіп кете алмайсыз.

  • Енді, ең қиыны – өркөкіректік. Қазіргі қоғамда сынды сабырмен, ақылмен қабылдай білетін жандар аз, жоқ тіпті. Сіздің репутацияңыз қаншалықты жоғары болса, сіздің тарапыңызға айтылатын сын да сонша. "Сынның бәрі де дұрыс айтылып жатыр" деген сөз емес. Сондықтан керексіз бос сөздердің кезінде миыңызды терең ұйқыға жіберіңіз, көзіңізді ашық қалдырыңыз тек.

Есте сақтаңыз. Жақсы адам атану сізді өзіңізді жақсы көруіңізден басталады. Ал, сіз өзіңізді "шын жақсымын" деп бағалағанда ғана жақсы көресіз. Адамға ең дұрыс сынды, мінді өзі ғана айта алады, өзі ғана түзей алады.

Тісіңіздің өмірі ұзақ болсын десеңіз
Шаш күтімі: 10 ереже
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу