Абай Құнанбайұлы. Көзінен басқа ойы жоқ

Oinet.kz 28-08-2019 1817

Картинки по запросу листья для стихов

Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі.

Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,

Жайқаң-қайқаң әр несі.


Білмейсің десе, жел өкпе,

Дейді дағы – тәңірі ісі.

Бірінен бірі бөлек пе,

Иемнің әділ пендесі?


Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі

Іштегі кірді қашырса

Адамның хикмет кеудесі


Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы.


Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңілі – бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?


Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,

Сөз ұғарлық кем кісі.

Абай Құнанбайұлы. Соры қалың соққы жеген пышанамыз
Абай Құнанбайұлы. Ғабидоллаға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу