Данияр Айтбаев: «Талай мекемеміз ғимаратты жалға алып отыр»

Oinet.kz 10-07-2019 987

Screenshot_25.jpg

Данияр Айтбаев, Төле би аудандық емханасының бас дәрігері 

- Қазіргі таңда аурудың алдын алу, онымен күресу және халық денсаулығын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қорытындысы пайыздық көрсеткішпен өлшенетіні белгілі. Осы орайда «сандарды сөйлетсеңіз»...

- Денсі сау халықұлттың басты байлығы. Сондықтан Елбасымыз әр Жолдауында медициналық қызметтің сапасын жоғарылату, тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту керектігін айтып отырады. Денсаулық саласына үлкен серпіліс әкелген жоба ретінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын айтуға болады. Биыл қорытындыланған бағдарламаны емхана ұжымы келесідей көрсеткіштермен аяқтап шықты.  Ана өлімі соңғы 2 жылда  тіркелген жоқ, сәби өлім-жітімі былтырғы жылдың 7 айлық көрсеткішімен салыстырғанда 14,6-дан  8,6-ға, әлеуметтік аурулардың бірі туберкулезден аурушандық  көрсеткіші 29,6- дан 19,4-ке дейін төмендеді, туберкулезден  өлім-жітім 2015 жылдың 6 айында 2 жағдай тіркеліп көрсеткіш-1,8 болса,  2016 жылдың 6 айында – өлім-жітім тіркелген жоқ. Елді алаңдатқан қатерлі ісік ауруының көрсеткіші 62,9-дан 58,2-ге азайса, дәл осы аурудың өлім-жітім көрсеткіші 37,0-ден 30,1-ге төмендеді. Ендігі мақсатымыз ағымдағы жылдан бастап қолға алынып отырған «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру. Осы мақсатта тамыздың сегізінен бастап облыстық мекемелердің мамандарының қатысуымен «Денсаулық  жолы»   акциясын   өткізіп жатырмыз.

- Алғашында аурухананың құрамында болған емхананың іргетасы 1989 жылы қаланғаны белгілі. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бүгінгі емхананың келбеті қандай?

- Төле би аудандық емханасы бойынша медициналық көмекті: Төле би аудандық емханасы, 9 дәрігерлік амбулатория (Бірінші Мамыр, Алатау, Достық, Абай, Кемеқалған, Әлішер Науаиы, Қаратөбе, Зертас, Жоғарғы  Ақсу), 16 медициналық пунктер, 19 фельдшерлік акушерлік пункттер және жедел жәрдем көрсету мақсатында 1 дәрігерлік, 4 фельдшерлік бригада жұмыс  атқарады. 65 орынды күндізгі стационар халыққа көмек көрсетуде. Төле би аудандық емханасы   1 аусымда 200 адам қабылдауға  жоспарланған, 2015 жылы нақты орындағаны 376, яғни 1 ауысымда 376 адам қабылдануда.

Жаңа заманауи қондырғылардан да құралақан емеспіз. Атап айтқанда  BTL-08 сериялы электрокардиографтар-бұл заманауи функционалды дизайны бар озық қондырғы. Кардиодиагностика саласындағы соңғы стандартқа сәйкес жасалып шығарылған жабдық. Сондай-ақ мамандарымыз  ультрадыбыстық My Lab 70 аппаратын қолданып отыр.  Бұл кардиологиялық зерттеулер жүрек және қан жолдарындағы қан ағымының жылдамдылығы мен бағытын анықтауға мумкіндік туғызады. ЭКГ және АҚ (артериалдық қан қысымын) тәуліктік мониторингтеу кешені автоматтандырылған «Астрокард- холтерлік анализ» қондырғысы бүгінде ақ халаттыларға көмекші болып отыр. Емханада сонымен қатар  СМАД аппараты-артерия қысымы мен тамыр соғысының жиілігін автоматты өлшейтін тәуліктік бақылау мониторы, дефибрилятор – бұл өмірге қауіпі бар кейбір аритмияларды тоқтатуға арналған құрал, кардиофакс GEM электрокардиограф;  УЗИ (ультра дыбысты зерттеу)  аппараты жұмыс жасауда. Зертхана бөлімінде гематологиялық  анализатор  автоматтық, биохимиялық анализатор автоматтық, ИФА аппараты, көз дәрігерінің бөлмесінде авторефкератометр, бесконтактный тонометр, щелевая лампа, рентген бөлмесінде флюра комплекте, маммография комплект  және де барлық дәрігерлік амбулаторияда  ЭКГ  аппаратымен  қамтамасыз етілген.

- Жас мамандарды қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қабылдануының нәтижесінде  ауылды жерлер қажетті мамандармен қамтамасыз етіліп келеді. Ұжымда қызмет істеп жатқан осындай жас мамандар бар ма?

- Әрине, жастарға мүмкіндік беру сенімді болашақтың кепілі. Ұжымда оқуды жаңадан бітірген жас мамандарды жыл сайын қабылдаймыз десем қателеспеймін. Мәселен өткен жылы 3 маманды жұмысқа алсақ, 2014-ші жылы 3-еу, 2013 жылы 5 маман қызметке келді.   Жас мамандардың барлығы әлеуметтік пакет есебінен  100000 теңгемен қаржыландырылған. 2007-2015 жылдары қабылданған жас мамандардың ішінде 2 жас маман баспаналы болды. Үй алу мақсатымен несие  алғандар саны – 5 жас маманды құрайды. Тұрғын үй жинақ банкісінен 73 жас мамандарға толығымен 500 мыңнан төленген. Әр ай сайын барлық жас мамандарға коммунальдық төлемақыларға 13 мың теңге төленуде. Орта есеппен алғанда соңғы 3 жылға дейінгі өтілімі бар  14 жоғары білімді жас маман қызмет атқарады.

- Жаз мезгілінде қандай аурудың түрлері өрши түседі?

- Жаздың аптап ыстығы қан айналымы жүйесі ауруларын еселей түсуде.  2015 жылдың 6 айында 426 науқас алғашқы рет анықталып көрсеткіш 100 мыңға шаққанда 547,6-ны  құраған, 2016 жылдың 6 айында алғашқы рет 899 науқас скрининг тексеру барысында анықталып көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 1247,8-ді  құрады, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 127,8 пайызға өсіп отыр. Қан айналымы жүйесі ауруларының ішінде артериялдық гипертензия көрсеткіші 469,2-ден  571,9-ға  көбейген, ИБС көрсеткіші 34,7-ден 59,7-ге, инфаркт миокарда 12,9-дан 23,6-ға  көбейген. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрек ауру бар жандарға күн ыстықта жолға шықпауға, үйде көлеңке, салқын бөлмеде болуға кеңес беремін.

– Кейбір ата-ана балаларға екпе салдыруды күмәнді іс санайды. Мұндай қарама-қайшы пікірлермен қалай күресіп жатырсыздар?

– Жұмыс барысында екпе салдырудан бірең саран бас тартқан тұрғындар болды.  Мұндай ата-аналармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде екпелерді уақтылы салғызды. Төле би аудандық емханасында  5 психолог, 8 әлеуметтік қызметкер  жұмыс атқарады. Екпе салдыру бойынша жоспарға қойылған балалардың 98,5 пайызы салдырған, 1,5 пайызы  денсаулығына байланысты егуден шектелді. Тұрғындар арасында екпе  салдырудың  денсаулыққа қажет екендігі, салдырмаған жағдайда неге әкелетіні, жалпы түсіндіру жұмыстары үнемі медициналық қызметкерлердің  аула аралау барысында  жүргізіліп отырады.

- Ұжымдағы мемлекеттік тілдің  жағдайы қандай?

- 2014 жылдан бері медицина саласындағы өзге ұлттың өкілдері үшін Ленгір қаласындағы Тілді дамыту орталығының мамандарының қатысуымен  №7 мектеп  базасында аптасына 2 рет мемлекеттік тілді үйрену мақсатында сабақ өткізіліп  жылдың  соңында  тест тапсырылып  сертификат берілуде.Жалпы медицина қызметкерлерінің арасындағы  өзге ұлт өкілдері осында туып өскендіктен болар қазақ тілінде  еркін  сөйлейді.

- Емханада түйіні шешілмей тұрған мәселелер бар ма?

- Проблемалар әрине кездеседі. Жас мамандар  бізде келісім-шарт бойынша 3 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинап,  біліктілігін  арттырады. Бірақ емханда тұрақты жұмысқа қалатындары көп емес. Себебі жекеменшік медициналық мекемелердің мамандарды өздеріне тартуы. Сондай-ақ бүгінгі таңда аудандық емхана, «Бірінші Мамыр» дәрігерлік амбулаториясы, «Жіңішке», «Ақайдар-1», «Қасқасу» медициналық пункттері, «Қазақстан», «8-март», «Шомшақты» фельдшерлік-акушерлік пункттері ғимаратты жалға алып  отыр. Егер осы аталған пункттер заманауи ғимаратқа көшсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мұрағаттан, 2016 ж                 

Бронх демікпесінің қалай алдын-алуға болады?
Баланың тісі шыққандағы мазасыздығын қалай басуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу