Әйелдің үш түрі болады

Oinet.kz 24-10-2019 3956

Әйел затынан көп опық жеген біреу бұдан былай жүз кісімен ақылдаспайынша үйленбеймін деп өзіне ант берген көрінеді.

Тоқсан тоғыз кісінің ақылын тыңдайды. Тағы бір кісі қалған екен. Көшеге шығып, бірінші кезіккен кісіден кеңес сұраймын деп шешеді. Кенет, бір мәжнүнге тап келеді. Өзінің мойнында сүйектен тізілген алқа, шыбықты ат қылып мініп алған. Есі бүтін еместен ақыл сұрау деген ойдың өзі ерсі. Десе де, сәлем беріп:

-Бір жайтты сұрамақпын, сенің ақылыңды білгім келеді, — деді. Мәжнүн:

Screenshot_12.jpg

-Өзіңе керекті сұра, бірақ саған ешбір қатысы жоқ жайтқа мұрныңды сұғушы болма, — деді. Әлігі кісі:

-Мен әйел дегеннен көресіні көрген жанмын. Сондықтан, жүз кісінің кеңесін тыңдамайынша үйленбеймін деп өзіме сөз бергенмін. Сен жүзінші адамсың. Сен не ақыл қосасың? – деп сұрайды.

Мәжнүн:

-Әйелдің үш түрі болады. Мұны білгенің жөн. Біреуі саған пайдалы, біреуінің саған зияны тиеді. Ал, біреуінің саған пайдасы да, зияны да жоқ. Пайдасы тиетін әйел – жас, көрікті, мінезі жұмсақ әрі сенен алдын еркек затын білмейтін әйел. Сенен бір жақсылық көрсе, мақтайды, ал жамандық көрсе, жасырады. Саған зияны тиетіні – бұрынғы күйеуінен баласы бар әйел. Ол сенің мал-дәулетіңді иемденеді, саған басқадан туған баласын береді. Не істесең де, саған бір ауыз рақмет айтпайды. Ал, саған пайдасы да, зияны да жоғы бұрын тұрмыста болған әйел. Сенен бір жақсылық көрсе, осындай қарым-қатынасты жақсы көремін дейді. Жамандық болса, бұрынғы күйеуін мақтай жөнеледі. Міне, әйел жайлы осыны білгенің жөн. Үйленбек болсаң, олардың арасынан ең жақсысын таңда. Әйтпесе, үйленбегенің құп, — деп жауап берген екен.

Мұндай ақыл-кеңес күтпеген бейшара:

- Алланың атымен жалбарынып сұраймын, сен кім боласың?, — деді. Сонда әлгі мәжнүн:

- Мен саған өзіңе қатысы жоқты сұрама деп шарт қойғаным қайда? –деп жөніне кетіпті.

дереккөз: kazislam.kz

Гоацин - ең сасық құс
Байлыққа салынатын салық (Франция)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу