Балғынбек Имашев Алтынай мен Қарақатты өткір сынға алды

Oinet.kz 30-11-2020

Танымал айтыскер Балғынбек Имашев Түркиядан үй сатып алған Алтынай Жорабаева мен Қарақат Әбілдинаны сынға алды. Бұл туралы ол өз пікірін Instagram парақшасында жазды. 

image.png

- Мен үшін қазіргі қазақ аруларының, қазақ қыздарының, қазақ аналарының ең әдемі үлгісі боп саналатын санаулы өнерпаздар бар. Солардың бірі - @karakat_a болса, бірі - @altynaizhorabayeva Қатты құрметтеймін, сыйлаймын, жақсы көремін, мақтан етемін! Бірақ, бүгінгі жазбаммен оларды ренжітіп алуым мүмкін. Айтпасам болмайды.

Жақында бірі Аланияға барып демалғандарын, сол жерден үй алғандарын әлеуметтік желіде жариялады. Көп ұзамай тағы бірі сондай қуанышын желіде сүйіншіледі. Алла берекелі етсін! Шын жүрегіммен тілектеспін. Бірақ, оны жарияға жар салып жарнамалағандарыңыз дұрыс болмады. Сіздер жәй қазақ емессіздер ғой. Сіздердің бір сөзден үдере көшуге дайын ел бар. Баяғыда тарыдай шашыраған қазақпыз. Ол кезде қызыл өкімет қырғын салған, елге, тілге, дінге, салт-дәстүрге қауіп төнгенде туған топырағынан ел ауған, шет жерге, жат елге барып бас сауғалаған.

Қазір ше? Тәуелсіз Отанының болашағын бұлыңғыр көріп, ертеңінен үміт үзген ел көп. Билікке сенбейтін, жемқорлыққа тойған, төреден көңілі қалған, несиеден шаршаған ел әйт десең, атамекенін тастап кез-келген "өркениетті" елге көшкелі отыр. Осы сәтте елдің Еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениеттің майталмандары, оның ішінде дәстүрлі өнердің қаймақтары шетелдің "жұмақ мекенін" жарнамалауы достықтан гөрі қастыққа, жанашырлықтан гөрі жаулыққа жақын.

Басқа жұртты білмеймін, менің туысқандарым, бірге туған бауырларым Аланиядан үй алып, көшейік деп отыр. Мен талай шетелдерде болдым, Азия мен Еуропаға, алыстағы Африкаға да барып өз елімнен артық мекен көрмедім. Ең туыс деген Түркия түгіл, Қырғызстан мен Өзбекстанда үш күннен артық қалсам қазақтың жерін сағынам. Алтай мен Атырауда апталап, Ақтау мен Ақтөбеде айлап, Жезқазған мен Жамбылда жылдап жата берем. Мекке мен Мәдинаны сағынсам да ол жерде ұзақ тұра алмас едім. Жерорта теңізі бір барып демалғанға жақсы шығар, бірақ Аққу көлін, Дуадақ шөлін сағынбай тұра ма?

Басқа елдердегі қандастар оралып, тек Түркия мен Еуропадан қазақтарды келтіре алмай отырғанда, елдегі қазақтарды сол жаққа шақырудағы - мақсат қандай? Кейде тіпті, жақсы мақсатпен жасалған іс, өлшемей сөйлеген сөз Отаның үшін қауіпті болып жатады. Артық айтсам, кешіріңіздер! - деп жазды Балғынбек Имаш.

Алтынай Жорабаеваның отбасылық суреті көпшілікті сүйсіндірді (фото)
Түрік актерімен бірге отырған Ләйлә Сұлтанқызы сынға қалды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×